ЖИ қарқынды дамып келеді: Қазақстан технологиялық өсім бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енді

Фото: https://www.shutterstock.com/

91 просмотров

Жасанды интеллект (ЖИ) соңғы бірнеше жылда болашағы зор технологиядан әлемдік экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналды. Бүгінде ЖИ бизнес, білім беру, мемлекеттік басқару, қаржы секторы, медицина және өнеркәсіптен бастап барлық салаға белсенді түрде енгізіліп жатыр. Цифрландыру қарқынды дамыған қазіргі кезеңде елдер арасындағы бәсекелестік табиғи немесе қаржылық ресурстар көлемімен ғана емес, сонымен қатар озық технологияларды енгізу жылдамдығымен де айқындалады. Халықаралық зерттеулерге сәйкес бүгінде әлем бойынша жүздеген миллион адам генеративті ЖИ-сервистерін пайдаланады, ал осыған байланысты технологиялар мен шешімдердің таралу ауқымы бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсіп келеді.

Осы жағдайда Қазақстан әлемдік үрдістерге жай ғана ілесіп қоймай, өз ЖИ-экожүйесін де белсенді түрде қалыптастырып жатыр. Оның үстіне, еліміз қазірдің өзінде Орталық Азия мен ЕАЭО елдері арасында бәсекеге түсіп, айтарлықтай нәтижелер көрсетуде. Мәселен, Microsoft компаниясы дайындаған Global AI Diffusion рейтингісіне сәйкес Қазақстан ЖИ-дің таралу деңгейі бойынша ОА және ЕАЭО елдері арасында көшбасшы атанды.

Рейтинг 15 пен 64 жас аралығындағы ЖИ-ге байланысты кез келген сервистерді пайдаланатын халықтың үлесін көрсетеді. Басқаша айтқанда, елдегі ЖИ өнімдері мен цифрлық шешімдердің ену деңгейі неғұрлым жоғары болса, халықтың мұндай технологиялармен өзара іс-қимылы да соғұрлым белсенді болады. Іс жүзінде бұл көрсеткіш ЖИ-сервистердің танымалдығын ғана емес, сонымен бірге цифрлық инфрақұрылымның, технологиялық ортаның даму деңгейін, ЖИ-экожүйесінің қолжетімділігі мен жалпы жетілу дәрежесін де айқындайды.

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан 147 елдің ішінде 70-орынға ие болды, бұл — экономикасы әлдеқайда дамыған мемлекеттермен бәсекелестікті ескерсек, өте мықты нәтиже. Оның үстіне, Қазақстанның 15,9%-дық көрсеткіші Орталық Азия мен ЕАЭО-ның басқа елдерінің нәтижелерінен айтарлықтай жоғары. Салыстырсақ, ЖИ таралу деңгейі Беларусьте 9,6%-ды, Қырғызстанда 9,5%-ды, Ресейде 9,5%-ды, Өзбекстанда 7,2%-ды, ал Тәжікстан мен Түрікменстанда 6,1%-ды құрады.

Сонымен қатар Қазақстан бұл көрсеткіштің өсімі бойынша да көш бастады: 2025 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда өсім 2,2 пайыздық тармақты құрады. Ресейде ЖИ таралу деңгейінің өсімі 1,5 п. т., Қырғызстанда 1,3 п. т., Беларусьте 1,2 п. т. болса, ОА мен ЕАЭО-ның басқа елдерінде 1 пайыздық тармақтан аз болды.

Бұл орайда Қазақстан өңірдегі ЖИ ену деңгейі жоғары елдердің қатарында ғана емес, әлемдегі ең жоғары өсім қарқынын көрсетіп отырған мемлекеттердің бірі саналады. Сол рейтинг деректеріне сәйкес Қазақстан ЖИ-сервистерін пайдаланушылар санының өсімі бойынша әлемдегі үздік 10 елдің қатарына енді: көрсеткіш 2025 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда бірден 25,6%-ға артты.

ЖИ қарқынды дамып келеді: Қазақстан технологиялық өсім бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енді

Бүгінде кез келген саланың дамуы елдер арасындағы ынтымақтастық деңгейіне және жаңа технологияларды бірлесіп енгізуге қаншалықты дайын екенге көбірек тәуелді екенін атап өткен жөн. Бұл әсіресе цифрландыру, АКТ және ЖИ салалары үшін өзекті, себебі мұнда тәжірибемен, кадрлармен, инфрақұрылымдық шешімдермен және технологиялық дағдылармен алмасу шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыда Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында басқа елдермен өзара іс-қимылы маңызды бағыттардың біріне айналып отыр.

Осылайша, 2026 жылғы 15 мамырда Түркістанда ТМҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің бейресми саммиті өтеді. Сарапшылардың пікірінше, алдағы кездесу түркі кеңістігінің жаңа технологиялық құрылымға көшуіндегі маңызды кезең болуы мүмкін. Саммиттің тақырыбы — «Жасанды интеллект және цифрлық даму», ал талқылау аясында ЖИ енгізу, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, технологиялық ынтымақтастық және қатысушы елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері қаралады.

ТМҰ елдері үшін бұл тек диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар бірлескен цифрлық кеңістік қалыптастыруға, тәжірибе алмасуға және өздерінің ЖИ-экожүйелерін дамыту қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді. Ұйымға қатысушы елдердің басым бөлігі қазірдің өзінде цифрлық трансформация мен ЖИ технологияларын дамытуға белсенді инвестиция салып отырғаны да ерекше маңызды.

Бір қызығы, ЖИ таралу деңгейі бойынша рейтингте жоғары орындарды тек Қазақстан ғана емес, түркі әлемінің басқа елдері де иеленіп отыр. Атап айтқанда, Түркия мен Әзербайжан жақсы нәтиже көрсетуде (әрқайсысында 17%-дан жоғары), бұл елдер де цифрлық сервистерді, электрондық үкіметті, ІТ-инфрақұрылымды және экономикаға ЖИ-шешімдерін енгізуді белсенді түрде дамытып келеді. Мұның өзі аймақтағы елдер арасында технологиялық кооперацияны, бірлескен жобаларды және үздік тәжірибелер алмасуды дамытуға қолайлы негіз қалыптастырады.

Іс жүзінде бүгінде ТМҰ біртіндеп тек экономикалық және саяси ғана емес, сонымен қатар технологиялық кеңістікті де қалыптастырып келеді, бұл кеңістікте ЖИ мен цифрландыру интеграция мен өсімнің негізгі драйверлерінің біріне айналуда. Енді әр елге қысқаша тоқталайық.

Түркия ЖИ-ді кешенді әрі институционалдық дамытуға басымдық беріп отыр. Ел мемлекеттік реттеу жүйесін белсенді түрде қалыптастырып, ЖИ-ге тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізуде және сонымен қатар өзінің ірі тілдік модельдерін, ЖИ-технопарктерін және білім беру бағдарламаларын дамытуда. Өнеркәсіпте ЖИ қолдану, киберқауіпсіздік және саланы басқарудың орталықтандырылған архитектурасын қалыптастыруға ерекше назар аударылады. Инфрақұрылым тұрғысынан Түркия қазірдің өзінде өңірдегі ең дамыған цифрлық экожүйелердің біріне ие: аталған ел дата-орталықтар, бұлтты платформалар мен есептеу қуаттары желісін кеңейтіп, AI-Ready инфрақұрылымы мен бұлтты сервистерге арналған ұлттық стандарттарды қалыптастырып жатыр. Сонымен қатар мықты өндірістік және қорғаныс АТ-базасының болуы ЖИ-ді өнеркәсіп пен HighTech секторына жылдам интеграциялауға мүмкіндік береді.

Әзербайжан ЖИ-ді цифрлық экономика мен электрондық үкіметке интеграциялауға басымдық береді. Елдің негізгі бағыты генеративті ЖИ-ді ірі корпоративтік секторға енгізумен, цифрлық егемендікті дамытумен және жаңа Цифрлық даму кеңесі арқылы мемлекеттік саясатты үйлестіруді күшейтумен байланысты. Сонымен қатар Әзербайжан экономиканы жедел цифрлық трансформациялауға және ЖИ-шешімдері арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға ден қойып отыр. Инфрақұрылымдық бағытта ел мемлекеттік цифрлық платформаларды, бұлтты сервистерді және телекоммуникациялық инфрақұрылымды белсенді дамытуда, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы өңірлік цифрлық әрі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтып келеді.

Өзбекстан мемлекеттік секторға ЖИ-ді институционалдық енгізу қарқыны бойынша ең жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі. Елде министрліктерден бастап өңірлерге дейінгі ЖИ басқарудың тік жүйесі қалыптасуда, мамандандырылған цифрлық платформалар мен мемлекеттік органдардағы ЖИ енгізуді бағалау тетіктері іске қосылып жатыр. Сонымен қатар «үлкен деректерді» дамытуға, өңірлерді цифрландыруға және мемлекеттік басқару жүйесіне ЖИ-жобаларды жаппай енгізуге ерекше назар аударылуда. Бұған қоса, Өзбекстан цифрлық инфрақұрылымды белсенді түрде кеңейтуде: мемлекеттік деректерді өңдеу платформалары құрылып, дата-орталықтар мен электрондық сервистер желісі дамып жатыр, ал ЖИ біртіндеп басқару жүйесіне, қалалық сервистерге және салалық цифрландыруға интеграциялануда.

Қырғызстан ЖИ-ді негізінен мемлекеттік сервистерді цифрлық трансформациялау және ұлттық ЖИ-инфрақұрылымды қалыптастыру арқылы дамытып келеді. Негізгі бағыттардың қатарында Ұлттық ЖИ платформасын іске қосу, ЖИ-зерттеулерге арналған есептеу орталығын құру, қырғыз тіліндегі ЖИ-шешімдерді дамыту және бейінді кадрлар даярлау бар. Сонымен қатар Қырғызстан ЕАЭО аясында өңірлік ЖИ-хаб қалыптастыру бастамасын ілгерілетіп отыр. Бұл ретте ел ЖИ-экожүйенің ары қарай да дамуына қажетті базалық инфрақұрылымды құруға, соның ішінде есептеу қуаттарын, цифрлық платформаларды, мемлекеттік дата-жүйелерді және жергілікті ЖИ-модельдерді дамытуға басымдық береді.

Қазақстан бүгінде өңірдегі ЖИ саласы бойынша инфрақұрылымдық тұрғыдан ең дайын мемлекеттердің бірі болып қала береді. Еліміз суперкомпьютерлік қуаттарды, дата-орталықтарды, цифрлық инфрақұрылымды және GovTech-шешімдер экожүйесін белсенді түрде дамытып жатыр. Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың жоғары деңгейіне және өңірдегі ең дамыған финтех-нарықтардың біріне ие, бұл ЖИ-ді ауқымды енгізуге қолайлы орта қалыптастырады. ЖИ-мен жұмыс істеуге арналған өзіндік есептеу инфрақұрылымының қалыптасуы мен бұлтты технологиялардың дамуы ірі ЖИ-жобаларды ел ішінде де, өңірлік деңгейде де тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, экономика ауқымы мен технологиялық жетілу деңгейіндегі айырмашылықтарға қарамастан, ТМҰ елдері ортақ стратегиялық үрдісті көрсетіп отыр, яғни, ЖИ-ді мемлекеттік басқару жүйесіне, білім беру саласына, цифрлық сервистерге және технологиялық инфрақұрылымды дамытуға белсенді енгізуде. Сонымен қатар жекелеген цифрлық бастамалардан толыққанды ұлттық ЖИ-экожүйелерді қалыптастыруға және осы саладағы мемлекетаралық ынтымақтастық тетіктерін дамытуға көшу күн өткен сайын айқынырақ байқалуда.

Айта кетерлігі, ТМҰ-ға қатысушы елдер бұған дейін де цифрлық экожүйені дамыту аясында түрлі бағыттар бойынша белсенді ынтымақтастық орнатқан болатын. Ал бүгінде күн тәртібінде жасанды интеллект мәселесі тұр.

Төмендегі ақпараттық кестеде ТМҰ елдерінің ЖИ енгізуді қалай дамытып жатқанына тоқталамыз.

ЖИ қарқынды дамып келеді: Қазақстан технологиялық өсім бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енді
ЖИ қарқынды дамып келеді: Қазақстан технологиялық өсім бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енді

Қазақстанға жеке тоқталайық. Еліміз ЖИ дамыту бойынша макроөңірде заңды түрде көшбасшы орындардың бірін иеленіп отыр. Қазақстанда толыққанды ЖИ-экожүйені қалыптастыруға бағытталған жүйелі шаралар кешені іске асырылуда (мемлекеттік реттеуден және стратегиялық жоспарлаудан бастап стартаптарды қолдау мен технологияларды нақты экономикаға енгізуге дейін).

Ең маңызды әрі өзекті қадамдардың бірі — Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына қол қоюы. Құжатқа сәйкес 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Үкімет 2026–2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне ЖИ-ді кеңінен енгізу бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын бекітуі тиіс.

Негізгі кезеңдер:

  • 2026 жылғы 1 тамызға дейін пилоттық жоба аясында мектептер техникалық тұрғыдан жабдықталады, оның ішінде тұрақты әрі жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік енгізіледі.
  • 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін орта білім беру жүйесінде ЖИ қолдану стандарттары бекітіледі.
  • Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұстаздардың кәсіби дамуын үздіксіз қамтамасыз етіп, білім беру үдерісінде ЖИ технологияларын мұғалімдердің қызметін алмастырмай, оны қолдайтын қосымша тиімді құрал ретінде қолдануға мүмкіндік беретін іс-шаралар жоспары қабылданады.

Жалпы алғанда, елде ЖИ саласында ауқымды бастамалар жүзеге асырылуда. 2026 жылдың алғашқы бес айында әртүрлі елдермен және халықаралық ІТ-компаниялармен көптеген меморандумдарға қол қойылып, бірқатар жаңа жобалар мен бастамалар іске қосылды.

Мемлекеттің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру үдерістерін кеңейтуге және басқарушылық шешімдер қабылдауда деректерді пайдалануға ерекше көңіл бөлінуде. Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі базасында ЖИ, машиналық оқыту және «үлкен деректерді» талдау бағытындағы жобалардың белсенді экожүйесі қалыптасуда. Мемлекеттік бағдарламалар отандық технологиялық компаниялардың өсуіне ықпал етіп, инвестиция тартуды ынталандырады.

Сонымен қатар ЖИ шешімдері мемлекеттік басқару, қаржы, денсаулық сақтау және өнеркәсіп сияқты негізгі салаларға енгізілуде. «Үлкен деректермен» жұмыс істеу және платформалық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп, нүктелік енгізулерден кешенді цифрлық трансформацияға көшу жүзеге асырылуда.

Осылайша, Қазақстан ЖИ-ді жеке бағыт емес, цифрлық жаңғырудың құрамдас бөлігі ретінде қарастырады.

Төмендегі ақпараттық кестеде Қазақстанның ЖИ-экожүйесін қалыптастыратын негізгі бастамалар ұсынылған.

ЖИ қарқынды дамып келеді: Қазақстан технологиялық өсім бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енді
ЖИ қарқынды дамып келеді: Қазақстан технологиялық өсім бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енді