Жеке деректерді ұрлау, заңсыз тауарлар және жергілікті кәсіпкерлердің құқығын шектеу: қытай маркетплейстерінің қандай қауіпті тұстары бар?

Фото: https://www.shutterstock.com/

Қытай маркетплейстері АҚШ пен ЕО назарында: тергеулер, салықтар және жаңа шектеулер

Қазақстанда электрондық сауда нарығының қарқынды дамып келе жатқанын бұған дейін де бірнеше рет жазғанбыз. Жыл өткен сайын бұл сегменттің бөлшек саудадағы үлесі ұлғайып келеді. Мәселен, 2024 жылы Қазақстандағы электрондық бөлшек сауда көлемі жаңа рекордқа жетіп, 3,2 трлн теңгені немесе жалпы бөлшек сауданың 14,1%-ын құрады. Бір жыл ішінде бұл сома 29,4%-ға артты.

Қазақстандағы онлайн-сауда нарығында отандық, сондай-ақ шетелдік компаниялар жұмыс істейді. Былтырғы жылдың соңына дейін электрондық саудамен айналысатын көптеген шетелдік компаниялар елімізде ресми тіркелмей келген. Әңгіме танымал қытай маркетплейстері туралы болып отыр. Бүгінгі күннің өзінде де кімнің тіркеліп, кімнің тіркелмегені жайлы ақпаратты ашық дереккөздерден табу мүмкін емес.

Тіркеудің маңызы неде? Себебі айқын: мемлекетке де, азаматтарға да, жергілікті кәсіпкерлерге де қауіп төнуі мүмкін. Мәселені кеңірек төменде тарқатамыз.

Жеке деректерді ұрлау, заңсыз тауарлар және жергілікті кәсіпкерлердің құқығын шектеу: қытай маркетплейстерінің қандай қауіпті тұстары бар?

Қытай маркетплейстеріне, атап айтқанда, Temu-ге кейбір елдерде тыйым салынғаны туралы біз бұған дейін жазған едік. Енді ЕО және АҚШ елдерінде осы маркетплейстерге қарсы қандай шаралар қолға алынатыны және мұндай қосымшалардың қоғам мен бизнеске қандай қауіп төндіретіні жөнінде соңғы жаңалықтарға тоқталайық.

ЕО елдерінде Temu тергеліп жатқан онлайн-платформалардың тізіміне енді (31.07.2025)

ЕО елдерінде цифрлық қызметтер туралы заңның бұзылуына байланысты тергеліп жатқан онлайн-платформалардың тізімі өсіп келеді. Тізімге соңғы қосылғаны қытайлық Temu сайты болды. Жалпы, 10 платформаға қарсы өнімнің қауіпсіздігіне және кәмелетке толмағандарды қорғауға қатысты 14 іс қозғалған.

Еуропалық комиссияның хабарлауынша, Қытайдың электрондық коммерция платформасы ЕО-ның цифрлық қызметтер туралы заңын (DSA) бұзған, яғни, өзінің веб-сайтында сатылатын заңсыз тауарларға (соның ішінде балалар ойыншықтары мен шағын электроника) байланысты тәуекелдерді тиісті деңгейде бағаламайды.

Сондай-ақ қытайлық алып компанияны Еуропалық комиссия мен тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық органдар тергеп жатыр. Алдын ала қорытындыларға сәйкес Temu жалған жеңілдіктер, сатып алу процесін ойынға айналдыру сияқты заңсыз әдістерді қолданады.

Франция сенаты Shein мен Temu сияқты ультражылдам өсіп келе жатқан алып сауда алаңдарының қызметін реттейтін заңды қолдады (11.06.2025)

2025 жылғы 10 маусымда Франция Парламентінің Сенаты арзан киім нарығының алыптарын реттеуге арналған жаңа заң жобасын басым дауыспен қабылдады, бұл заң, ең алдымен, Қытайдың электрондық сауда платформалары Shein мен Temu-ға бағытталды. Жобаның мақсаты — жаппай өндіріс пен төмен бағалар арқылы дамып келе жатқан жылдам мода үлесінің экологиялық және экономикалық салдарын қарастыру.

Заң жобасы экологиялық ұпай жүйесін енгізеді, ол жылдам мода компаниялары сататын өнімдердің қоршаған ортаға әсерін — шығарындыларды, ресурстарды пайдалану және қайта өңдеу мүмкіндігін бағалайды.

2025 жылдан бастап ең төмен бағаланған брендтерге бір өнім бірлігі үшін €5 дейін салық салынуы мүмкін, ал 2030 жылға қарай бұл салық €10 дейін өсуі мүмкін. Дегенмен, салық мөлшері тауардың бөлшек бағасының 50%-ынан аспауы тиіс. Заң жобасында ультражылдам мода брендтерінің жарнамасына тыйым салу және оларды интернетте насихаттайтын инфлюенсерлерге санкция қолдану қарастырылған.

ЕО Shein мен Temu арқылы жіберілетін шағын жіберілімге €2 көлемінде салық енгізуді жоспарлап отыр (20.05.2025)

Биылғы жылдың мамыр айының соңында Еуропалық одақ үйге тікелей жеткізілетін миллиардтаған шағын жіберілімдерге €2 мөлшерінде тұрақты төлем енгізуді ұсынды. Қазіргі уақытта мұндай жіберілімдердің көбісі Қытайдан келеді.

Жаңа салық енгізілген жағдайда, құны €150 (£126) сомасынан аз жіберілімдерге енді кедендік баж салынбайды.

ЕО сауда комиссары Марош Шефчовичтің айтуынша, бұл төлемді онлайн-платформалар, соның ішінде қытайлық алыптар Temu мен Shein де төлейтін болады деп күтілуде.

Былтыр Еуропалық одақ елдеріне осындай 4,6 миллиард жіберілім жеткен, олардың 90%-дан астамы Қытайдан келген. Шефчовичтің айтуынша, мұндай көлем ЕО кеден қызметкерлеріне үлкен жүк салған. Сауда комиссары жеткізілетін тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасын тиісті деңгейде бақылауда қиындықтардың туғанын атап өтті.

€2 көлеміндегі салық тікелей тұтынушыларға жолданатын жіберілімдерге қолданылатын болады, ал қоймаларға жөнелтілетін жіберілімдерге төменгі мөлшерлеме бойынша — €0,5 (£0,42) көлемінде салық салынады.

Жеке деректерді ұрлау, заңсыз тауарлар және жергілікті кәсіпкерлердің құқығын шектеу: қытай маркетплейстерінің қандай қауіпті тұстары бар?

Соңында АҚШ-тағы даулы оқиғаға тоқталайық.

Кентукки штаты Temu-ға қарсы сотқа жүгінді

Қытайлық Temu маркетплейсі американдықтардың жеке деректерін ұрлады және жалған брендтерді сатты деп айыпталуда. Тиісті талап арызды АҚШ-тың Кентукки штатының бас прокуроры Вудфорд округінің сотына жолдаған.

Талап арызда Temu қосымшасы смартфон иелерінің рұқсатынсыз олардың орналасқан жері, интернет қолдануы, камера, микрофон және басқа қосымшалар туралы деректерді жинайтыны айтылған. FoxNews порталы хабарлағандай, мұндай деректер, болжам бойынша, Қытайға жіберіледі.

Сонымен қатар талапкерлер қытай маркетплейсін зияткерлік меншікті ұрлады деп айыптады. Мысалы, Temu арқылы Кентукки ипподромының эмблемасы бар тауарларды сатып алуға болады, бірақ ипподром Temu-мен ресми түрде серіктестік орнатпаған және өзінің таңбасы бар тауарларды аталған платформада сатпайды.

Талап арыз тапсырылған кезде Temu-де Кентукки брендтері ретінде көрсетілген лицензиясы жоқ ондаған тауарлар ұсынылған, соның ішінде — Кентукки университеті, Луисвилл университеті, Buffalo Trace Distillery және Churchill Downs таңбасы бейнеленген тауарлар. Бұл туралы талап арызда айтылған.

Айта кетерлігі, Temu компаниясының зияткерлік меншікті ұрлау фактілері туралы бірнеше рет жарияланды. 2025 жылғы шілдеде аустралиялық суретші Бритни Тернер өзінің туындыларының жалған көшірмелері қытайлық маркетплейсте сатылып жатқанын хабарлады.

Биылғы жылдың мамырында Уэльстен шыққан пейзаж суретшісі Луиза Коллис те Temu-де өзінің суреттерінің көшірмелерін тапты.

2024 жылдың соңында бірнеше дизайнер мен суретші Reddit порталында өз жұмыстарының қандай да бір рұқсатсыз Temu-де сатылып жатқанын айтты.