Жаһандық энергетикалық сусындар нарығы қарқынды дамуда. Кофеин мен қант мөлшері жоғары әртүрлі энергетиктер көп қолданылып, басқа алкогольсіз сусындарға бәсекелестік туғызуда. Fact.MR халықаралық консалтингтік компаниясының сарапшылары берген бағаға сай 2020 жылдан 2025 жылға дейін энергетикалық сусындар нарығының көлемі әлемде 38,9%-ға өсіп, 63,2 млрд АҚШ долларынан 87,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Болжамдарға сәйкес алдағы он жылда бұл көрсеткіш тағы екі есеге жуық өсіп, шамамен 170 млрд АҚШ долларына жетеді деп күтілуде. Орташа жылдық өсім 6,8%-ға тең болады. Функционалдық сусындар секторындағы мұндай тұрақты өсімді электрондық коммерция, табиғи ингредиенттері бар инновациялық өнімдер өндірісін іске қосу және негізгі өндірушілердің агрессивті маркетингтік стратегиясы қамтамасыз ететін болады.
Энергетикалық сусындарды тұтыну өскен сайын қоғамдық денсаулық сақтау саласының мамандары мұндай сусындардың әлеуетті зиянына алаңдаушылық білдіруде. Ашық деректерде кофеині жоғары газдалған сусындардың қауіпті екені туралы мәліметтер жиі жарияланады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы да энергетиктерді шамадан тыс тұтыну денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіреді деген пікірде. Бұл сусындар қант диабеті, психикалық ауытқулар, жүрек аурулары мен семіздікке әкеліп соғуы мүмкін. Әртүрлі елдерде энергетикалық сусындардың сатылуы мен тұтынуын қалай шектейтініне назар аударайық.

Экономикасы дамыған көптеген елдер энергетикалық сусындарды балалар мен жасөспірімдерге сатуға тыйым салу жолын таңдауда, сондай-ақ жарнамаға қатысты әртүрлі қосымша қорғау шараларын енгізуде. Алайда, барлығында бірдей емес. Мысалы, Аустралияда мұндай өнімдерді сатуға жасқа байланысты шектеулер жоқ, тек өндірушілерге өнімнің қаптамасында «кішкентай балаларға қолдануға болмайды» деген мәліметті көрсету міндеттеледі. АҚШ-та энергетикалық сусындарға тыйым салатын федералдық заң қабылданбағанымен, белгілі штаттарда шектеулер қарастырылған.
Көптеген дамыған елдермен салыстырғанда, Қазақстан энергетикалық сусындарды сатуға ең жоғары жас шектеуін енгізген мемлекетке айналды. 2025 жылдың қарашасынан бастап ҚР ӘҚБтК-нің 199-бабының 1-тармағына енгізілген өзгерістер 21 жасқа толмаған сатып алушыларға энергетикалық сусындарды сатқаны үшін айыппұл салуды көздейді. Енді кәсіпкерлерге осындай құқық бұзушылық үшін сауда нысанының көлеміне байланысты 30-дан 400 АЕК-ға дейін (129,8 мыңнан 1,7 млн теңгеге дейін) айыппұл салынады. Энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салатын заң 2025 жылдың қаңтарында қабылданғанымен, заң шығарушылар осындай құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті көздейтін өзгерістерді шамамен 11 айға кешіктіріп қабылдады. Сондықтан де-юре заң бір жылдан астам уақыттан бері қолданыста болса, де-факто заң енгізілген жаза ескеріліп, шамамен екі ай ғана іске асырылып келеді.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың желтоқсан айында ҚР ӘҚБтК-нің 199-бабының 1-тармағы бойынша барлығы төрт құқық бұзушылық тіркелген. Бұл бапта сатуға шектеу қойылған бірнеше өнім түрлері көрсетілген (темекі өнімдері, соның ішінде электрондық темекі құрылғылары, энергетикалық сусындар). Сондықтан ведомствоның есептеріне сай аталған төрт жағдайды нақты энергетикалық сусындарды сатумен байланысты деп айтуға болмайды, олар басқа көрсетілген өнім түрлеріне қатысты болуы мүмкін.
Десе де, тіркелген істердің болмауы және жасөспірімдерге сатуға тыйым салынған өнімдер бойынша нақты шектеулердің болмауы құқық бұзушылық фактілері жоқ дегенді білдірмейді. Тұтынушылар тәжірибесі олардың бар екенін көрсетеді, алайда олар жасырын сипатқа ие. Энергетикалық сусындарды үнемі тұтынуды әдетке айналдырған 21 жасқа дейінгі жастар сүйікті сусындарын ересектерден сатып алып беруді өтінеді немесе аз тексерілетін шағын дүкендерден өздері сатып алады. Энегетиктер тұтынатын қазақстандықтардың арасында жүргізілген зерттеу нәтижелеріне қарағанда, белсенді тұтынушылар санатына 15–19 және 20–24 жас аралығындағы жастар да кіреді.

Қазақстанда энергетикалық сусындарды тұтынуды жүйелі түрде тек коммерциялық компаниялар зерттейді. Бұл зерттеулер азаматтардың тұтынушылық мінез-құлқын бағалауға мүмкіндік береді. Мысалы, осындай зерттеулерді жүргізген K Research Central Asia аналитиктері шығарған қорытынды бойынша 2024 жылы 100 мыңнан астам тұрғыны бар ірі қалалардағы респонденттердің 27%-ы энергетикалық сусындар ішкен. Яғни, мегаполис немесе облыс орталығының әрбір төртінші тұрғыны тұтынған.
Келесі деректер энергетикалық сусындардың жүйелі түрде тұтынылатынын көрсетеді. 2024 жылы зерттеу аясында сауалнамаға қатысқандардың 72%-ы энергетикалық сусындарды аптасына кемінде бір рет ішетінін айтқан. 2020 жылы мұндай респонденттердің үлесі 11 пайыздық тармаққа аз болған. Айта кетерлігі, осы топтың көпшілігін (барлық респонденттердің 39%-ы) аптасына бірнеше рет энергетикалық сусын тұтынатындар құрады. Ал шамамен 8% қатысушылар бір күнде кемінде бір рет осындай сусындарды ішеді.
Энергиялық сусындардың ең белсенді тұтынушылары — 15-тен 34 жасқа дейінгі жастар. Бұдан үлкен жастағы қазақстандықтар да энергетикалық сусын ішеді, алайда 2020 жылдан 2024 жылға дейін олардың үлесі азайған.
Зерттеудің мақсаты — тұтынушылар мінез-құлқы мен брендтердің жарнамалық белсенділігі бойынша трендтерді анықтау. Авторлар мынадай қорытындыға келді. Сатып алушылар энергетикалық сусындардың сапасына қосымша ақша төлеуге дайын. Қазақстандықтар нақты бір брендке тоқталмай, әртүрлі энергетиктерді сынап көруде. Өндірушілер Қазақстан ішкі нарығында бұл бағытты белсенді дамытуды жалғастыруда: төрт жылдың ішінде компаниялардың жарнама бюджеті 8%-ға өскен, ал жарнама берушілер саны 2 есеге артқан.


