Қазақстандық спортшылар 6 қыркүйекте аяқталған IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғады. ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, ұлттық құрама 74 медаль жеңіп алды: 32 алтын, 20 күміс және 22 қола. Қазақстандықтар жорық (ұзақ қашықтыққа атпен шабу), теңге ілу және басқа да спорт түрлерінде үздік нәтиже көрсетті.
Мұндай жоғары нәтижелерге Қазақстанның көшпелі ата-бабаларынан қалған дәстүрлер мен мәдени мұраны дәріптеп, жылқы шаруашылығын дамытуға көп жылдан бері жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқаны да ықпал етті. Бірнеше жылдан бері Қазақстан жылқы саны бойынша әлемдік рейтингте төртінші орында тұр. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) деректеріне сәйкес 2024 жылдың қорытындысы бойынша жылқы саны ең көп елдердің алғашқы бестігіне Мексика (6,4 млн бас), Бразилия (5,7 млн бас), Моңғолия (4,7 млн бас), Қазақстан (4,4 млн бас) және Қытай (3,5 млн бас) кірді.
Халықаралық ұйымның деректеріне сәйкес, Қазақстан Орталық Азияда жылқы саны бойынша көш бастап тұр. Қалған елдер бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай артта қалып отыр. Мысалы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуді алғаш ұсынған Қырғызстан әлемде 17-орында тұр. 2024 жылы Қырғызстандағы жылқы саны 553,5 мың басты құрады. Өзбекстан 30-орынға (283 мың бас), Тәжікстан 51-орынға (92 мың бас) орналасты. Орталық Азиядағы ең төмен көрсеткіш Түрікменстанда тіркелген: 27,6 мың бас.

Қазақстан мен Қырғызстандағы жылқы шаруашылығының даму көрсеткіштерін салыстырсақ, 2020 жылдан бері Қазақстандағы жылқы саны Қырғызстандағы көрсеткіштен 5–8 есе жоғары екенін көруге болады. Бұл алшақтық жылдар өте келе ұлғая түсті: Қазақстанда жылқы басының жыл сайынғы өсімі 11%-ға дейін жетсе, Қырғызстанда бұл көрсеткіш 2% шамасында болды.
2020–2025 жылдар аралығында Қазақстандағы жылқы саны 3,1 млн-нан 4,6 млн басқа дейін өсіп, шамамен 48,4%-ға, яғни, 1,5 млн басқа артты. Ең елеулі жылдық өсім 2021 жылы байқалып, 11,2%-ды құрады. 2024 жылы жылқы саны тағы 13%-ға өсіп, 4,4 млн басқа жетті. Өткен жылы өсім қарқыны 6,7%-ға дейін баяулап, жылқы саны 4,6 млн басты құрады.
Қырғызстанда да қарастырылып отырған кезеңде жылқы саны өскенімен, өсім қарқыны айтарлықтай төмен болды: 2020 жылы 539,6 мың басты құраған жылқы саны 2025 жылы 566 мың басқа дейін жетті, яғни, бес жыл ішінде өсім небәрі 4,9%-ды құрады. Осылайша, Қазақстан Қырғызстаннан жылқы саны бойынша ғана емес, оның өсім қарқыны бойынша да айтарлықтай алда келеді.

Екі көршілес елде мал шаруашылығының бұл саласы әртүрлі деңгейде дамыған, бұған бірнеше себеп бар. Соның бірі — екі елдің жер көлеміндегі үлкен айырмашылық. Қазақстанның жалпы аумағы 2,7 млн шаршы шақырымнан асады, ал Қырғызстанның аумағы небәрі 200 мың шаршы шақырымға жуық.
ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) мен Қырғызстанның Ұлттық статистика комитетінің деректері негізінде екі елдегі жылқы санын өңірлер бойынша қарастырдық. Қырғызстанда өткен жылы жылқының ең көп саны жер аумағы үлкен Нарын (149,2 мың бас), Ош (100,8 мың бас) және Ыстықкөл (100,2 мың бас) облыстарында тіркелді. Ал Қазақстанның барлық өңірінде жылқы саны мыңдап саналады — жылқы шаруашылығы тек оңтүстікте немесе тек батыста дамыған деп айтуға болмайды. Тіпті ірі өнеркәсіптік облыстарда да шаруа қожалықтары жылқы өсірумен белсенді айналысады. Көш басында Түркістан (499,9 мың бас), Абай (409,3 мың бас), Ақтөбе (399,7 мың бас) және Қарағанды (399 мың бас) облыстары тұр. Бұған тек мегаполистер кірмейді, өйткені мұндай қалаларда жайылымға үлкен аумақ бөлуге мүмкіндік жоқ.

Қазақстанның жылқы саны бойынша Орталық Азияда алға шығуына тұрақты қаржыландыру да әсер етті. Мұндай инвестициялар жылқы санын көбейтуге ғана емес, жаңа нысандар салуға, қолданыстағыларын қайта жаңғыртуға, техника, жабдықтар мен көлік құралдарын сатып алуға да қажет. ҰСБ деректеріне сәйкес соңғы бірнеше жылда жылқы өсіру саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар айтарлықтай артқанымен, жыл сайынғы көрсеткіштер біркелкі болған жоқ. Бұл күрделі салымдардың ерекшелігіне байланысты: шаруашылық иелері жаңа нысан салу, техника немесе көп мөлшерде мал сатып алу кезінде бірден қомақты қаражат жұмсайды.
2020 жылы жылқы өсіру саласының негізгі капиталына 3,5 млрд теңге инвестиция салынса, екі жыл ішінде бұл сома екі есе өсті. Ең жоғары көрсеткіш 2023 жылы тіркелді, инвестиция көлемі күрт артып, 49 млрд теңгеге жетті. Алайда жоғарыда аталған себептерге байланысты бұл өсім ұзаққа созылмады: 2024 жылы күрделі салымдар 10,4 млрд теңгеге дейін азайып, шамамен 4,7 есе төмендеді. 2025 жылы салаға инвестиция салу қайта жанданып, оның көлемі 26,2 млрд теңгеге жетті.


