Бүгінде әлемдегі бейбітшілік және қауіпсіздік деңгейі мәз емес

Фото: https://www.shutterstock.com/

Бейбітшілік пен қауіпсіздік деңгейі тағы да төмендеді. Экономика және бейбітшілік институты 2024 жылы ұсынған есепке сәйкес бейбітшіліктің жаһандық индексі 0,56%-ға төмендеді. Бұл соңғы 16 жылда көрсеткіштің он екінші рет нашарлауы.

Есепте көрсетілген 163 елдің ішінде бейбітшілік индексі өткен жылмен салыстырғанда, 65 елде өсті. 97 мемлекетте бейбітшілік деңгейінің төмендегені байқалды, жағдайы нашарлаған елдердің саны артып келеді. Сонымен қатар, бесінші жыл қатарынан бүкіл әлем бойынша жағдай нашарлауда.

Жаһандық бейбітшілік индексі — ғаламшардағы бейбітшілік пен қауіпсіздіктің жетекші әлемдік көрсеткіші. Ол үш саладағы бейбітшілікті, яғни, қоғамдық қауіпсіздікті, жалғасып жатқан ішкі және халықаралық қақтығыстар мен милитаризацияны өлшеу үшін салмағы бар дереккөздерден тұратын 23 сапалық және сандық көрсеткіштерді пайдаланады.

1,112 балл және 1,303 балл көрсеткіштерімен Исландия мен Ирландия ең бейбіт елдер болып қала береді. Ең бейбіт 10 мемлекеттің қатарына Австрия, Жаңа Зеландия, Сингапур, Швейцария, Португалия, Дания, Словения және Малайзия кірді. Малайзияны (10-ыншы орынға жайғасып, Канаданың орнын басты) қоспағанда, бұл елдердің барлығы өткен жылдың үздік ондығына да кірген болатын.

Айта кетерлігі, бұл рейтингте индекс неғұрлым аз болса, соғұрлым жақсы әрі елдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік деңгейі жоғары болады.

Бүгінде әлемдегі бейбітшілік және қауіпсіздік деңгейі мәз емес

2024 жылы 3,397 балл және 3,327 балл көрсеткіштерімен Йемен мен Судан бейбітшілік деңгейі ең төмен елдер болып танылды. Одан кейінгі орынға Оңтүстік Судан орналасты, бұл ел былтыр рейтингте соңғы орынға ие болған еді. Бейбітшілік деңгейі төмен он мемлекеттің қатарына Украина (159-ыншы орын), Ресей (157-інші орын) және Израиль (155-інші орын) енді, бұл елдер — 2024 жылы жаһандық бейбітшілік индексінің төмендеуіне ең көп әсер еткен мемлекеттер.

Дәл осы милитаризация орташа әлемдік индексті нашарлатты: 163 елдің ішінде 86 елде әскери шығындардың өсімі байқалды. Есепте соңғы 17 жылда әлемдегі жағдайдың тұрақсыздығы, саяси турбуленттіліктің айтарлықтай өскені, қақтығыстар, қақтығыстардың салдарынан өлім және зорлық-зомбылықтың артқаны баяндалады. 2008 жылдан бастап елдердегі бейбітшіліктің орташа деңгейі 4,5%-ға төмендеді, жағдайы жақсарған 66 елмен салыстырғанда, 95 мемлекетте бейбітшілік деңгейі нашарлады.

Аймақтық тұрғыдан алғанда, Еуропа ең бейбіт аймақ ретінде танылды, онда ең бейбіт 10 елдің 7-еуі бірден орналасқан. Сонымен бірге дәл осы Еуропада 2008 жылдан бастап милитаризация саласында ең үлкен жылдық нашарлау тіркелді. Келесі орынға Азия-Тынық мұхиты аймағы және Солтүстік Америка жайғасты. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка бейбітшілік деңгейі төмен аймақтардың қатарына жатқызылды, қақтығыстардың көбейгенін ескерсек, бұл таңқаларлық жағдай емес.

Дегенмен де, әлемнің барлық аймақтарында бейбітшіліктің орташа деңгейі өткен жылмен салыстырғанда, төмендеген. Бір ерекшелігі, Ресейдің теріс көрсеткіштеріне қарамастан, сарапшылардың шартты түрде «Ресей және Еуразия» деп атаған және бұрынғы КСРО-ның 12 елінен (Балтық елдерін қоспағанда) тұратын аймақ бейбітшілік жағдайын жақсартқан. Бізге мұндай аймақтық бөліну қызық болып көрінді, бұның қаншалықты дұрыс екенін сарапшылардың ар-ұжданына қалдырамыз.

Бүгінде әлемдегі бейбітшілік және қауіпсіздік деңгейі мәз емес

«Ресей және Еуразия» аймағында бейбітшілік деңгейінің жоғарылағанына қарамастан (бір жылда 0,6%-ға), осы аймақтағы 12 елдің тек 4-еуінде көрсеткіштердің жақсарғаны тіркелді, ал 8 мемлекетте бұл көрсеткіш нашарлаған. Аймақтағы басты мәселе — Ресей мен Украина арасындағы соғыс және де қақтығыстың қашан аяқталатыны белгісіз болғандықтан, бұл елдер әзірге әлемдегі бейбітшілік деңгейі төмен елдер болып қала береді.

Аталған аймақта Қазақстан — ең бейбіт ел. Жалпы, Қазақстан әлем бойынша да рейтингтегі позициясын жақсартты, 78-інші орыннан бірден 59-ыншы орынға көтерілді. Шын мәнінде, бұл ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже. Өткен жылдағы қақтығыстар мен ішкі наразылықтар қаупінің жалпы төмендеуін көрсететін демонстрациялар санының азаюына қарамастан, 2022 жылғы тәртіпсіздіктерге алып келген көптеген әлеуметтік-экономикалық факторлар мен шешілмеген мәселелер әлі де ашық күйінде қалып отыр, саяси терроризм шкаласы бойынша ел жағдайының нашарлауы болашақта мұндай қақтығыстардың қайта туындауы мүмкін екенін аңғартады.

Қазақстаннан кейін бір жыл ішінде бірден 15 позицияға көтеріліп, 60-ыншы орынға көтерілген Өзбекстан және екі позицияға түсіп, 63-інші орынға ие болған Молдова тұр.

Бейбітшілік деңгейінің ең жоғары өсімі (0,108 балл) Қазақстанда байқалды. Содан соң — Өзбекстан (минус 0,088 балл), Қырғызстан (минус 0,081 балл) және Тәжікстан (минус 0,075 балл). Нақтыласақ, мұндағы минус — оң көрсеткіш, ол рейтингтің теріс компоненттерінің төмендеуін көрсетеді.

Бүгінде әлемдегі бейбітшілік және қауіпсіздік деңгейі мәз емес