Реттеушінің талдауына сәйкес 2024 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан халқының депозиттерінің көлемі барлық сегментте, атап айтқанда, массалық (15 млн теңгеге дейін) және орта (15–50 млн теңгеге дейін), ірі (50 млн теңгеден астам), бір тоқсан ішінде 6%-дан 8,2%-ға дейінгі және бір жылда 15,2%-дан 33,5%-ға дейінгі аралықта артқан.
Алайда, бұл көрсеткіштің кері тұстары да байқалды. Егер де теңгелік депозиттер бойынша орта және ірі сегменттер жылдық мәнде ең жоғары өсімді (42,7% және 61,1%) көрсетсе, ал массалық сегмент бойынша салым мөлшері кемуде.
Сегменттер бойынша нарық құрылымының тоқсандық өзгерісінен де массалық сегменттің үлес салмағының төмендеуі байқалады. Массалық сегмент үлесін орта және ірі сегменттердің пайдасына қайта бөлу тұтыну тауарлары бағасының өсуіне және айырбас бағамының өзгеруіне осал, табысы аз салымшылардың жинақ қабілетінің төмендеуіне байланысты.
Тіпті, массалық сегменттің ішінде де мөлшері көп салымдардың айтарлықтай өсіп жатқанын көруге болады. Мысалы, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша халықтың қалдық мөлшері 5 млн теңгеге дейінгі депозиттерінің жылдық өсімі 10,2%-ды, қалдық мөлшері 5–15 млн депозиттердің жылдық өсімі 22,1%-ды құрады. Ал орта сегменттің салымдары (15–50 млн теңге қалдықпен) 33,5%-ға артты.
Нәтижесінде, бір жыл ішінде массалық сегменттің үлес салмағы 2,3 пайыздық тармаққа азайды, ал орта және ірі сегменттердің үлесі 1,7 пайыздық тармаққа және 0,6 пайыздық тармаққа көбейді. Кестеде көрнекі түрде көрсетілген.
Шын мәнінде, массалық сегмент банктік салымдарға, әдетте, күнделікті қажеттіліктер үшін кез келген уақытта шешіп ала алатын ақшаны аударады, ал орта және ірі сегменттердің жинақ ақшалары ұзақ мерзімді инвестициялық сипатқа ие.
Осыдан түсінетініміз, табысы төмен халықты қаражат жинауға ынталандыру маңызды, себебі жинақ ақша — «қауіпсіздік жастығын» қамтамасыз ететін жалғыз мүмкіндік.
Мұндай құралдар ҚР нарығында кездеседі. Мысалы, біз үнемі шолу жасайтын, яғни, шешіп алған жағдайда, сыйақы жоғалатын жинақ салымдары. Дәл осы нарық сегменті белсенді дамып келеді. Бір жыл ішінде бұл сегмент ең үлкен өсім көрсетті: мерзімді емес депозиттерге (23,5%) қарағанда, 61,9%-ға артты.
Бұдан басқа, қаражат жинауға ынталандыратын және қаржылық тәртіпті орнату жолын жеңілдететін, әсіресе, табысы төмен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру үшін қажетті арнайы өнімдер де бар.
Осындай құралдардың бірі — Отбасы банкінің «Арманға жол» бағдарламасы. «Арманға жол» қаржыгерлер «алдымен өзіңе төле» деп атап кеткен жүйе бойынша жұмыс істейді, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлеріне Отбасы банкіндегі депозитке жалақысынан ақшаны автоматты түрде аудару арқылы қаражат жинауға көмектеседі.
Механикасы мынадай: қызметкердің өтініші бойынша ай сайын жалақы төленетін күні соманың бір бөлігі депозитке аударылады. Содан кейін жиналған тұрғын үй құрылыс жинақтары жылдық 3,5%-дан (СЖТМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) 5%-ға (СЖТМ 5,1%-дан 6,9%-ға дейін) дейінгі мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен қарыз алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Отбасы банкіндегі жинақтарға дәстүрлі түрде мемлекеттен сыйлықақы есептеледі. Бүгінде 13,6 мыңнан астам қызметкер және 1,7 мың қазақстандық компания «Арманға жол» бағдарламасының қатысушысы болып табылады.
Бұл құралдың ерекшелігі — «Арманға жол» қаржылық тәртіп пен жинақтау стратегиясын орнатуға ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар тұрғын үй құрылыс жинақтарын қалыптастыруға септігін тигізеді, яғни, іс жүзінде жылжымайтын мүлікке салынған инвестиция болып табылады. Қазақстанда тұрғын үйге салынған инвестициялар болашақта ең тиімді инвестициялардың бірі болатыны туралы біз бірнеше рет жазған болатынбыз.
Жалпы, жинақ ақша халықтың өмір сүру деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Мысалы, Дүниежүзілік банк ЕДБ-дағы 1000 ересек азаматқа шаққандағы депозиттік шоттардың саны сияқты деректерді жинайды.
Қазақстан бұл рейтингте жоқ және болған да емес — бұдан басқа, егер 2019 жылға дейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қазақстандықтардың шоттарының саны туралы деректерді түрлері бойынша бөле отырып ұсынса және олардың арасынан депозиттік шоттарды бөліп көрсетуге болатын болса, қазір біздің ресми статистикамыз мұндай деректерді бермейді.
2019 жылдың басында Қазақстанның көрсеткіші қандай болғанын көрейік. Ресми деректерге сүйенсек, 1000 ересек қазақстандыққа (18 жастан бастап) шаққанда 1286,4 депозит. Сол уақытта бұл көрсеткіш Ливан және Сауд Арабиясы сияқты елдердің көрсеткіштеріне жақын болды.
Салыстырып қарасақ, Жапония сол кезде көш бастап тұрды: 1000 ересек адамға 7,1 мың депозит (2022 жылы 7,2 мың). Келесі орынға біздің шығыс көршіміз, Қытай орналасты: 1000 ересек адамға 7 мың депозит (2022 жылы 10,2 мың).
Посткеңестік кеңістік елдерінің ішінде ең жақсы көрсеткіштер Украина мен Эстонияда байқалды. Толық мәлімет кестеде берілген.
Әрине, бұл көрсеткіштердің бірі ғана және шоттардың саны әрқашан әл-ауқат деңгейін көрсете бермейді. Бірақ халықтың жалпы қаражат жинауға деген көңіл күйі азаматтардың «қауіпсіздік жастығын» жасауға және болашаққа инвестиция салуға деген ұмтылысын қолдауға арналған кез келген жүйе сияқты әлеуметтік әл-ауқаттың маңызды факторы болып саналады.