Жемқорлық індетіне ең көп шалдыққан қай құрылым: әкімдік пе, министрлік пе, әлде сот па?

Фото: https://www.shutterstock.com/

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстары жиі жасалады ма? Бұл сұраққа бірге жауап іздеп көрейік. Басты мәліметтен бастайық: ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында мұндай қылмыстар бойынша күдікті деп тану туралы қаулы 640 адамға қатысты шығарылған, бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 3%-ға аз. Сондай-ақ 464 адам қылмыс жасады деп анықталды, бұл өткен жылғы 445 адаммен салыстырғанда, 4,3%-ға көп, яғни, бұл көрсеткіш бойынша өсім байқалады.

Ағымдағы жылдың бес айында сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар бойынша 405 айыпталушының ісі сотқа берілді, бұл өткен жылдың қаңтар–мамыр айларымен салыстырғанда, 9,2%-ға артық. Сотқа жолданған мұндай істер бойынша ең жиі жауапқа тартылғандар — әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері болды: 66 адам (32%-ға кем). Бұған қоса, ішкі істер органдарының 49 қызметкері, Қаржы министрлігінің 16 қызметкері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің 11 қызметкері және Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 7 қызметкері де сотқа тартылғандардың қатарында.

Жалпы, осы кезеңде сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сотқа 12 министрліктен 57 қызметкердің ісі жолданған, өткен жылы бұл көрсеткіш 54 адамды құраған. Нақтылай кетсек, бұл жерде деректері нақты көрсетілген министрліктер мен олардың қызметкерлері туралы сөз қозғалып отыр. Мысалы, ҚР ІІМ бұл тізімге кірмейді, себебі деректер бүкіл министрлік бойынша емес, тек жекелеген бөлімшелер мен департаменттер бойынша ғана берілген. Ал елімізде барлығы 21 министрлік жұмыс істейтінін ескерсек, бұл мәліметтер толық болмауы да мүмкін.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық деректері бойынша үш әкімнің (өткен жылы — бір ғана әкім) және де бір судьяның ісі сотқа жіберілді. Толық мәлімет кестеде берілген.

Жемқорлық індетіне ең көп шалдыққан қай құрылым: әкімдік пе, министрлік пе, әлде сот па?

Ең жиі жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстары қандай? Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде ең кең таралғаны — пара алу: биылғы жылдың бес айында осындай 167 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 27,5%-ға артық.

Пара алу деректері бойынша ең жиі ұсталғандар: ішкі істер органдарының қызметкерлері — 22 адам, әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері — 13 адам, сондай-ақ Қаржы министрлігінің қызметкерлері — 9.

Ең жиі жасалатын сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ішінде екінші және үшінші орында — пара беру (99 адам ұсталған) және сыбайлас жемқорлық сипатындағы алаяқтық (71 адам).

Жемқорлық індетіне ең көп шалдыққан қай құрылым: әкімдік пе, министрлік пе, әлде сот па?

Бұл мәселеге қатысты халықаралық сарапшылар не дейді? 2024 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі бойынша жаһандық елдер рейтингісінде Қазақстан 40 индексімен 180 елдің ішінде 88-інші орынға ие болды. Түсіндіре кетейік, индекс неғұрлым жоғары болса, елдің жемқорлыққа бейімділігі соғұрлым төмен, бұл рейтинг 0-ден (өте жемқор мемлекет) 100-ге (жемқорлықтан мейлінше таза ел) дейінгі шкаламен өлшенеді. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Солтүстік Македония, Суринам және Вьетнаммен бір деңгейде тұр, бұл елдердің де индексі 40-қа тең.

Индекс елдер мен аумақтарды мемлекеттік сектордағы жемқорлықты қабылдау деңгейіне қарай бағалап, белгілі бір тәртіппен орналастырады. Әр елдің көрсеткіші кемінде үш дереккөзден алынған ақпаратқа негізделген, деректер 13 түрлі зерттеулер мен бағалаулардан жиналды. Мұндай деректерді Дүниежүзілік банк пен Дүниежүзілік экономикалық форумды қоса алғанда, түрлі беделді институттар жинайды.

Біздің республикамыз туралы жағымсыз бір жайт: сарапшылардың дерегіне сәйкес Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді пайдаланушылардың 17%-ы соңғы он екі ай ішінде пара берген.

Басқа елдерге де назар аударайық. Рейтингте көш бастап тұрған елдер — Дания, Финляндия және Сингапур, ал аутсайдерлер қатарында — Оңтүстік Судан, Сомали және Венесуэла. Қазақстанмен салыстырғанда, Дания мен Финляндияда пара бергендер үлесі небәрі 1%-ды құрайды.

Қазақстан ТМД елдері арасында Армения мен Молдовадан кейін үшінші орынға жайғасты, аталған елдер 63-інші және 77-інші орындарда тұр. Көрсеткіштері жоғары болғанымен, бұл елдерде күнделікті өмірде жемқорлық кең таралған: Арменияда пайдаланушылардың 19%-ы, ал Молдовада 22%-ы пара берген. Бұл орайда Украина* 105-інші орынды, Беларусь 114-інші орынды, Өзбекстан 121-інші орынды, Қырғызстан 146-ыншы орынға орналасты. Әзербайжан мен Ресей 153-інші орынды бөлісті, Тәжікстан 164-інші, ал Түркіменстан 165-інші орынды иеленді.

* Украинаның ТМД құрамындағы мәртебесі бірқатар себептерге байланысты нақты емес.

Жемқорлық індетіне ең көп шалдыққан қай құрылым: әкімдік пе, министрлік пе, әлде сот па?