Мұнай секторы Қазақстанның мемлекеттік кірістерінің негізгі көздерінің бірі болып қала береді. Мұнай секторындағы ұйымдар төлейтін салықтар мен басқа да төлемдердің едәуір бөлігі ағымдағы шығыстарға тікелей жұмсалмай, ҚР Ұлттық қорына жинақталады. Қорға мұнай компанияларының корпоративтік табыс салығы мен басқа да тікелей салықтары, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, экспортталатын шикі мұнай мен газ конденсатына салынатын рента салығы, өнімді бөлу бойынша Қазақстанның үлесі және басқа да төлемдер түседі. Осылайша, қалпына келмейтін табиғи ресурстарды өндіруден түсетін кірістің бір бөлігі елдің қаржылық резервін қалыптастырады.
Ұлттық қор қаржы активтерін жинақтауға, экономика мен мемлекеттік қаржының мұнай нарығындағы жағдайға тәуелділігін азайтуға және қолайсыз сыртқы факторлардан қорғауға арналған. Қор қаражатын ҚР Ұлттық банкі инвестициялайды, ал оның бір бөлігі трансферттер арқылы республикалық бюджетке жіберіліп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсалады. Биылғы жылдың басында Ұлттық қордың активтері 37,3 трлн теңгені құрады.
Сонымен қатар қор мұнайдан түсетін жаңа кірістер есебінен толығып келеді. 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында Ұлттық қорға түскен салықтар мен төлемдер 1,8 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен шамалас. Салық түсімдері де айтарлықтай өзгерген жоқ: 1%-ға азайып, 1,8 трлн теңгеге жуықтады. Қор қаражаты жинақталып қана қоймай, бюджет трансферттері, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы арқылы халықтың игілігіне жұмсалады.
Қор қаражатының қалай пайдаланылып жатқанына осы бағдарлама да нақты мысал бола алады. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша бағдарлама іске қосылғалы қазақстандықтар нысаналы жинақтан 62,7 млн АҚШ долларын пайдаланды. 333,8 мың өтініш орындалды. Оның 41 млн АҚШ долларынан астамы тұрғын үй жағдайын жақсартуға, тағы 21,7 млн АҚШ доллары білім ақысын төлеуге жұмсалды. Қазақстандық балаларға жыл сайын есептелетін қаражат Ұлттық қордың орташаланған инвестициялық кірісінің 50%-ы есебінен қалыптастырылады.
Биыл қорға түсетін қаражаттың құрылымы айтарлықтай өзгерді. 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында мұнай секторындағы заңды тұлғалардан түсетін корпоративтік табыс салығы 60,8%-ға өсіп, 496,9 млрд теңгеден 798,9 млрд теңгеге жетті. Ақшалай есептегенде түсім бірден 302 млрд теңгеге артты.
Осы кезеңде мұнай секторындағы ұйымдардан түсетін пайдалы қазбаларды өндіру салығы 47,9%-ға азайып, 512,9 млрд теңгеден 267,2 млрд теңгеге дейін төмендеді. Жасалған келісімшарттарға сәйкес мұнай секторындағы ұйымдардан түсетін өнімді бөлу бойынша ҚР үлесі 8,7%-ға азайып, 458,5 млрд теңгені құрады. Өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша жұмыс істейтін мұнай секторындағы жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемдері 23,2%-ға азайып, 67,3 млрд теңгені, ал үстеме пайда салығы 37,5%-ға төмендеп, 22,3 млрд теңгені құрады. Ал мұнай секторы кәсіпорындарынан экспортталатын шикі мұнай мен газ конденсатына салынатын рента салығы 2%-ға өсіп, 172,5 млрд теңгеге жетті. Осылайша, басқа бірнеше ірі түсім азайса да, корпоративтік табыс салығының күрт өсуі жалпы түсім көлемін сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Ұлттық қор қаражаты өңірлерге, соның ішінде нақты әлеуметтік нысандардың құрылысына бағытталады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Бескөл ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана салынып жатыр. 2025 жылы нысан құрылысына Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферт есебінен 3,3 млрд теңге бағытталды. Құрылыс жалғасуда, нысанды биыл аяқтау жоспарланған.
Тағы бір мысал — Ақтөбе облысында. 2026 жылғы қаңтарда Шалқар ауданының Шілікті ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жоба Ұлттық қор, сондай-ақ республикалық, облыстық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылды.
Бұдан бөлек, Ұлттық қор қаражаты бюджет қаржысымен бірге еліміздің ауылдық жерлеріндегі инфрақұрылымды дамытуға тұрақты түрде бағытталып келеді. Мәселен, 2025 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында 226 ауылдағы 255 жобаны іске асыруға бюджет пен Ұлттық қордан 73 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 150 әлеуметтік және 67 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны салынып, қайта жаңғыртылды, 180 шақырым жол мен 1 мың шақырым ауылдық инженерлік желі жаңартылды.
Қолдау шағын қалаларды да қамтиды. Өткен жылы 21 қаладағы 40 жобаны іске асыруға бюджет пен Ұлттық қордан 11,9 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында 42 шақырым жол мен 40 шақырым инженерлік желі жаңғыртылды.
2026 жылы Ұлттық қор қаражатын бюджет арқылы пайдалану біршама шектелді. Биылғы бюджетте қордан нысаналы трансферт қарастырылмаған, ал кепілдендірілген трансферт көлемі 2,8 трлн теңге болып белгіленді. Салыстырсақ, 2025 жылы нысаналы трансферт 3,3 трлн теңгені құраған.

Мұнайдан түсетін кірістің қалай пайдаланылып жатқаны нақты салынған инфрақұрылым бойынша деректер бар жобалардан анық көрінеді. Ұлттық қор қаражаты жұмсалған ең ірі бағыттардың бірі — мектеп инфрақұрылымын дамыту. «Келешек мектептері» ұлттық жобасының параметрлері қайта қаралғаннан кейін оны қаржыландырудың жалпы көлемі 1,5 трлн теңгені құрады, оның басым бөлігі Ұлттық қордан бөлінді. Жоба аяқталған 2025 жылдың өзінде оны іске асыруға 356 млрд теңге бағытталды. 2023–2025 жылдары Қазақстанда 460 мыңнан астам оқушы орнына арналған 217 жаңа мектеп салынды. Нысандардың жартысына жуығы ауылдық жерлерде орналасқан. Салыстырсақ, 2024 жылы өңірлерге білім беру инфрақұрылымын дамытуға Ұлттық қордан тікелей 647 млрд теңге аударылды.
Қор қаражаты негізгі коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға да жұмсалды. 2024 жылы Қазақстанда 3,4 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау және су бұру желісі салынып, қайта жаңғыртылды, оның 2,3 мың шақырымы Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Осылайша, мұнайдан түскен кіріс ірі ұлттық жобаларға ғана емес, халықтың тұрмыс жағдайына тікелей әсер ететін инфрақұрылымды дамытуға да жұмсалды.
Ал түсімдер статистикасына келсек, жедел деректермен қатар нақтыланған жылдық көрсеткіштерге де назар аударған жөн. Соларға тоқталайық. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша 2025 жылдың қорытындысында Ұлттық қорға түскен салықтар мен төлемдер 3,7 трлн теңгені құрады (бұл бір жыл бұрынғыдан 2,1%-ға аз). Салық түсімдері 2,2%-ға төмендеп, 3,7 трлн теңгені құрады. Мұнай секторы ұйымдары — заңды тұлғалардан түсетін корпоративтік табыс салығы 2,7%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгеге, ал пайдалы қазбаларды өндіру салығы 32,1%-ға артып, 899,2 млрд теңгеге жетті. Ал жасалған келісімшарттарға сәйкес мұнай секторы ұйымдарынан түсетін өнімді бөлу бойынша ҚР үлесі 13%-ға азайып, 1 трлн теңгені құрады. Осы кезеңде Ұлттық қордан республикалық бюджетке 5,3 трлн теңге бағытталды: оның 2 трлн теңгесі — кепілдендірілген, 3,3 трлн теңгесі — нысаналы трансферт.
Ұзақмерзімді кезеңде Ұлттық қорға түсетін қаражат көлемі айтарлықтай өсті. 2015 жылы аталған салықтар мен төлемдер бойынша қорға 1,6 трлн теңге түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,3 есе көп болды. Мұнайдан түсетін кіріс сыртқы нарықтағы жағдайға едәуір тәуелді. Қарастырылып отырған кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш 2022 жылы тіркелді, түсімдер 6,4 трлн теңгеге жетті.

Осылайша, Ұлттық қор қалпына келмейтін табиғи ресурстарды өндіруден түсетін кірістің бір бөлігін сақтап қана қоймай, оны ұзақмерзімді активтерге айналдырып, нақты әлеуметтік мақсаттарға жұмсауға мүмкіндік береді.
Мұнай секторынан түсетін салықтар мен басқа да төлемдер әр жылдары Ұлттық қор арқылы еліміздің түкпір-түкпірінде мектептер, медициналық және спорт нысандарын салуға, сумен жабдықтауға және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды. Сонымен қатар Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігі балаларға бөлінеді, олар кәмелетке толғаннан кейін жинақталған қаражатты баспана алуға немесе білім ақысын төлеуге пайдалана алады.

