Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, өнеркәсіпте 1,14 млн адам жұмыспен қамтылған, бұл бір жыл бұрынғыдан 2% көп.
Олардың көпшілігі өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейді: 615,6 мың адам, бір жылда 1,4% көбейген. Тау-кен өнеркәсібінде 276,7 мың адам (1,5% көбейген), электрмен жабдықтау саласында — 158,5 мың адам (3,9% көбейген), сумен жабдықтауда — 87,9 мың адам (5,3% көбейген) жұмыспен қамтылған.
Анықтама үшін: 2022 жылдың сәйкес кезеңінде өнеркәсіпте жұмыспен қамтылғандар саны жылына 1,6% өсіп 1,12 млн адамды құрады.
Өңірлер бойынша өнеркәсіпте ең көп жұмыспен қамтылғандар Қарағанды облысында болды: 147,7 мың адам — бір жыл бұрынғыдан 7,5% артық. Одан кейін Шығыс Қазақстан (91,4 мың адам, 19,4% көбейген) және Павлодар (89,4 мың адам, 0,3% көбейген) облыстары. Ең төменгі көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Абай облыстарында.
Салада жұмыспен қамтылғандар санының ең көп өсімі Шығыс Қазақстан облысында байқалса, ең көп қысқару Түркістан облысында (бірден 30,9%, 31,7 мың адамға дейін) байқалды.
ҚР СІМ білікті мамандардың жетіспеушілігі саланы кадрмен қамтамасыз етуді қиындатып отырғанын айтады. Инженерлік, машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар сияқты мамандандырылған салаларда тапшылық бар. Қазақстан өңірлері бойынша білікті кадрлардың біркелкі бөлінбеу мәселесі де бар.
Сала қызметкерлерінің орташа айлық атаулы жалақысы 2023 жылдың бірінші тоқсанында бір жылда 21,7% өсіп, 474,9 мың теңгені құрады. Бұл ретте саладағы жалақының сатып алу қабілетінің нақты өсімі небәрі 1,4%-ды құрады.
Ең жоғары жалақы дәстүрлі түрде Атырау облысында тіркелді: 1,1 млн теңге — бір жыл бұрынғыдан бірден 22% көп. Одан кейінгі орында Маңғыстау (970,5 мың теңге) және Ұлытау (614,8 мың теңге) облыстары. Саладағы ең төменгі жалақы Жетісу облысында белгіленді: бар болғаны 212,9 мың теңге.
Тау-кен өнеркәсібінде жалақы 23,8%, 766,6 мың теңгеге, өңдеу өнеркәсібінде — 20,1%, 392 мың теңгеге, электрмен жабдықтауда — 19,7%, 281,9 мың теңгеге, сумен жабдықтауда — 18,2%, 201,9 мың теңгеге дейін өсті.