Оңтүстік астана «резеңке емес»: қала күннен-күнге тарылып барады. Не істеу керек, кім кінәлі және бұл мәселе әлемде қалай шешіледі?

Фото: https://www.shutterstock.com/

Алматыда орталық аудандарда экологиялық емес көліктерді жүргізу үшін жол ақысын енгізу жобасы талқылануда. Бұл биліктің соңғы бірнеше жылда Оңтүстік астанада туындаған бірқатар маңызды мәселелерді бірден шешу үшін жасап отырған қадамы. Көптеген факторлар бар: қазіргі көлік инфрақұрылымын ескерсек, көлік саны тым көп, осыған байланысты экологиялық жағдай нашарлады. Мұның бәрі Алматыдағы бақыланбайтын ішкі көші-қонға қатысты ауқымды әрі экономикалық күрделі мәселелердің салдары болып табылады. «Резеңке емес» қала өзге өңірлерден келушілердің есебінен күннен-күнге тарылып барады.

ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректеріне сүйенсек, соңғы төрт жылда Алматыда ішкі көшіп-қонушылар ағыны артқан. Егер 2019 жылы осы оңтүстік мегаполиске өңірлерден келушілер саны 82,5 мың адамды құраса, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш бір жарым есеге, 129,4 мың адамға дейін артты.

Оңтүстік астанадағы көші-қон сальдосы ҚР бойынша Астанадан кейін екінші орында тұр. Мәселен, өткен жылы елордада келгендер мен кеткендер арасындағы айырмашылық 73,2 мың адамға жетті, ал Алматыда 36,1 мың адамды құрады. Астана — өркендеп келе жатқан жас қала, ал Алматы — тарихы тереңге жайылған іргелі мегаполис. Салыстырсақ, Қазақстанның үшінші ірі мегаполисі Шымкентте көші-қон сальдосы небәрі 9,4 мың адамды құрады.

Айта кетерлігі, 2024 жылы ішкі көші-қонның оң сальдосын тек мегаполистер мен Алматы агломерациясының бөлігі ретінде Алматы облысы көрсетті. Қалған өңірлерден көптеген тұрғындар көшіп кетті, бұл — теріс сальдо. Яғни, ішкі мигранттар Алматының өзіне ғана емес, жақын орналасқан іргелес облысқа да қоныс аударуда. Алматы агломерациясын дамытудың ықтимал сценарийлері туралы бұған дейін де жеке материалда толық жазған едік.

ҚР билігі — үкімет, әкімдіктер — Оңтүстік астана мен оған іргелес жатқан облыстағы ретсіз урбанизациялау мәселелерін шешу үшін және қаланы босату үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр. Атап айтқанда, Алматы агломерациясын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары, Алматы қаласының Бас жоспары, Оңтүстік астананы босату үшін және орнықты даму аясында көші-қон ағындарын қайта бағыттау үшін құрылған Алматы облысындағы «ақылды» Алатау қаласының Бас жоспары. Бүгінде осы жобалардың барлығын іске асыру қажет, ал біз соған куә болайық.

Оңтүстік астана «резеңке емес»: қала күннен-күнге тарылып барады. Не істеу керек, кім кінәлі және бұл мәселе әлемде қалай шешіледі?

«Көп жағдайда көші-қон өңірлердің инфрақұрылымының сапасының төмендеуіне, тіршілікті қамтамасыз ету жағдайларына, тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндіктерінің болмауына және т. б. себептерге байланысты мәжбүрлі сипатқа ие болады. 5 жыл ішінде жұмыс күші тапшы өңірлерден 103,1 мың адам біржолата көшіп кеткен, ал басқарылатын ағын есебінен кеткен халықтың 31%-ының орны толды», — 2024 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша өткізілген отырыста ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕХӘҚМ) басшысы Светлана Жақыпова жағдайды осылай түсіндірді.

Аталған ведомство өз сайтында жылына бір рет жариялайтын деректерге сүйенсек, бұл статистикаға бұрын ҚР азаматтығы болмаған этникалық қазақтар — қандастар да енгізілген. Мәселен, өткен жылы халық тығыз қоныстанған аймақтардан еңбек тапшылығы бар өңірлерге 9 мыңға жуық адам қоныс аударды, оның 3 мыңы қандастар.

Ішкі көші-қонды бақылау құралы ретінде енгізілген қоныс аудару бағдарламасының тиімсіз болғанын сандар айғақтайды. Салыстырайық, бір жыл ішінде солтүстік өңірлерге 9 мың адам қоныстанды, олар үшін бюджеттен көшуге қаражат бөлінді, ал Алматыға 129 мыңнан астам адам қоныс аударған. Сондай-ақ ерікті қоныс аудару бағдарламасының аясында қаржылық құқық бұзушылықтардың да орын алғаны белгілі болды. ҚР Бас прокуратурасы 1 млрд теңгеден астам соманы теріс пайдалану және жымқыру фактілерін анықтады. Қоныс аударушылар мемлекеттен сатып алатын тұрғын үй құнының 50%-ын алған кезде бұзушылықтарға жол берген. Көшіп келушілер пәтерлер мен үйлерді нарықтық бағадан қымбат бағаға сатып алған. Кейін заңға бұл олқылықты жоюға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді.

Оңтүстік астана «резеңке емес»: қала күннен-күнге тарылып барады. Не істеу керек, кім кінәлі және бұл мәселе әлемде қалай шешіледі?

Неліктен ішкі мигранттар солтүстікке емес, мегаполистерге, атап айтқанда, «резеңке емес» Оңтүстік астанаға келуге құштар? Светлана Жақыпова келтірген дәлелдерден бөлек, тағы да бірнеше себептерді келтіре кетейік. Біріншіден, өңірлердегі қазақстандықтар Алматыға экономикалық мүмкіндіктерге бола келгісі келеді. Мысалы, Оңтүстік астанада жалақы 23,9%-ға жоғары, ал жан басына шаққандағы номиналды кірістер ҚР бойынша орташа көрсеткіштен 53,7%-ға артық. Егер еліміз бойынша бұл көрсеткіш 220,3 мың теңгені құраса, Алматы тұрғындары үшін 338,7 мың теңгені құрайды.

Біліміңіз бен сұранысқа ие мамандығыңыз болса, Алматыда жалақысы жоғары жұмысқа орналасу мүмкіндігі мол. Бұл әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және цифрлық индустрия салаларына қатысты. Тағы бір артық тұсы, жалақыны ескерсек, алматылықтардың азық-түлік пен пәтер жалдау шығындарының үлесі аз. Барлық есептеулер кестеде келтірілген. Бұдан шығатын қорытынды, экономикалық тұрғыдан бұл мегаполисте өмір сүру аймақтарға қарағанда оңай.

Десе де, елемеуге болмайтын кері тұстары да бар.

Алып шаһарда жаңа тұрғындарға қолайсыздық келтіретін жағдайлар болады, ал мегаполистің өзі лық толы. Мәселен, «Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес 2024 жылдың қорытындысы бойынша Алматы атмосфералық ауаның ластану деңгейі тұрақты түрде жоғары болып тұрған Қазақстан қалаларының тізіміне енді. Бұл, ең алдымен, көліктің көптігінен. Келушілер үшін тіркелу, балаларды балабақша мен мектептерге орналастыру, ауруханалардағы, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын сонар кезектер және т. б. мәселелер қиындық тудыруы мүмкін. Қала мәдени астана атанғанымен және шетелдік туристерді белсенді түрде тартуға тырысқанымен, мұндай үлкен мегаполис үшін мәдени іс-шаралар мен оқиғалар жеткіліксіз. Біз осы әлеуметтік-мәдени тақырып туралы әлі де жеке жазамыз.

Оңтүстік астана «резеңке емес»: қала күннен-күнге тарылып барады. Не істеу керек, кім кінәлі және бұл мәселе әлемде қалай шешіледі?

Ал басқа елдерде мегаполистердегі халық санын қалай реттеп отырады? Оң және теріс мысалдарды келтірейік. Мысалы, Өзбекстан астанасы Ташкентте көптеген жылдар бойы «тіркеу» институты жұмыс істеді, қалада жеке меншігінде жылжымайтын мүлігі бар адамдар ғана тіркеле алды. Өткен жылы ғана заң шығарушылар шектеулерді алып тастап, бірыңғай тіркеу тәртібін енгізді. Сондай-ақ астананы толып кетуден босату үшін спутник қала салу туралы стратегиялық шешім қабылданды.

Бразилияда өткен ғасырдың ортасының өзінде астанасы толық болды. Билік Рио-де-Жанейроны ішкі мигранттардың үлкен ағынынан қорғау үшін астананы Бразилия қаласына көшіру туралы шешім қабылдады. Бұл Рио-де-Жанейроның урбанизация мәселесін шешуге көмектесіп қана қоймай, сондай-ақ аймақтың белсенді дамуына түрткі болды.

Былтыр Пекин билігі өздерінің мынадай жетістіктерімен бөлісті: алты жыл ішінде астана халық санының өсуін тежеп, тіпті, халық санын аздап кемітті. Қытай билігі келушілер санының күрт өсуін тоқтату үшін қатаң шаралар қолданды, мысалы, азаматтарды қала орталығынан қала шетіне көшірді. Сонымен қатар көптеген кәсіпорындарды қала сыртына көшіру шаралары қабылданды.

Салыстыру үшін теріс мысал келтірейік. Бангладеш астанасы Дакка мегаполисі әлемдегі ең көп қоныстанған қалалардың бірі. Қала экономикасының төмен деңгейі, қала құрылысын дамыту бойынша нақты саясаттың болмауы қаланың бір бөлігін лашыққа айналдырды. Жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, антисанитария, кедей отбасылардың көптігі — мұның барлығы Дакка қаласының әлеуметтік мәселелерінің тек бір бөлігі ғана.

Оңтүстік астана «резеңке емес»: қала күннен-күнге тарылып барады. Не істеу керек, кім кінәлі және бұл мәселе әлемде қалай шешіледі?