Қазақстанда қала және ауыл тұрғындарының өмірі бірдей ме? Барлық қазақстандықтар өздеріне тиесілі әлеуметтік көмектер мен қызметтерді алып жүр ме? Статистикалық деректердің негізінде қала мен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасының айырмашылығын көрсетеміз, сондай-ақ әлеуметтік-демографиялық тенденциялардың салдарын талдаймыз.
Салыстыру үшін екі түрлі елді мекен — Астана және Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлютка тұрғындарының өмір сүру сапасының статистикалық индикаторларын қолданамыз. Ресми түрде Мамлютка шағын қала мәртебесіне ие, алайда ол заң бойынша да, оның нақты даму деңгейі бойынша да олай емес. Үлкен ауыл десе болады. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңға сәйкес қала халқының саны кемінде 10 мың адам болуы тиіс. Мамлюткада 6,8 мың азамат тұрады. Бұл қаланың ресми мәртебесі ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) есептерінде осы елді мекендегі өмір сапасының жеке көрсеткіштерін бөліп көрсетуге мүмкіндік берді. Себебі ҰСБ ауылдардың емес, тек облыстардағы қалалар мен аудандардың деректерін көрсетеді.
Біз бұл екі қаланың экономикалық тұрғыдан дамуын нақты себепке байланысты салыстырмаймыз: айырмашылығы жер мен көктей. Елорда — қарқынды дамып келе жатқан ірі қала, Мамлютка — шекара маңындағы шағын елді мекен, ондағы ең ірі кәсіпорын — Ұн тарту комбинаты. Біз бұл қалалардағы өмірдің әлеуметтік жағын ғана салыстырамыз. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Мамлюткада тұратын 6,8 мың тұрғынның 1,7 мыңы жалдамалы қызметкер болып саналды. Олардың орташа номиналды жалақысы 253,8 мың теңгені құрады. Ал Астанада дәл сол кезеңде қызметкердің атаулы жалақысы 563,3 мың теңгені құрады, яғни, 2,2 есеге көп. Елордада бір жылдағы жалақының нақты сатып алу қабілеті аз болса да, 1,4%-ға өсті, ал Мамлюткада бұл көрсеткіш бірден 4%-ға азайды.
Осы екі қаладағы абаттандыру деңгейін үй шаруашылықтарын іріктеп зерттеу нәтижелері бойынша ішінара бағалауға болады. Статистика сауалнамаларының нәтижелері негізінде жасалған есептерде тек облыстар бойынша деректер келтіріледі, сондықтан біз Астана мен Солтүстік Қазақстан облысын салыстырамыз. СҚО-дағы үй шаруашылықтарының жартысынан көбі (53,5%) автономды түрде жылытылады және пештерді көмірмен қыздырады, отбасылардың 30,7%-ы моншаларда жуынады, 21,1%-ы қазылған шұңқыры бар дала дәретханасын қолданады. Облыстағы жағдайға қарағанда, Мамлюткадағы жағдай әлдеқайда төмен деп болжауға болады. Астанада абаттандыру деңгейі төмен үй шаруашылықтары аз, тек 1% шамасында.

Астанадағы азық-түлік инфляциясы Мамлюткаға қарағанда жоғары: 13,8% және де 10,6%. Елордадағы көптеген әлеуметтік маңызды өнімдер шекара маңында орналасқан шағын қалаға қарағанда қымбатырақ. Салыстыру үшін біз 13 азық-түлік тауарының бөлшек бағасы бойынша жасалған ҰСБ деректерін ұсынып отырмыз. Олардың жетеуі СҚО Мамлютка ауданына қарағанда, Астанада едәуір қымбат. Мұның бәрі аса қымбат өнімдер: сиыр еті, тауық еті, шұжық және т. б. Ағымдағы жылдың сәуір айында Мамлюткада 6 тауардың бағасы елордамен салыстырғанда, жоғары болды. Олар — картоп, нан, май, күріш, қант.
2025 жылғы сәуірде мұндай азық-түлік жиынтығының жалпы сомасы Астанада 13,8 мың теңгені, ал Мамлюткада 11,5 мың теңгені құрады. Айырмашылығы аз, бірақ жалақы мөлшеріндегі үлкен алшақтықты ескерсек, Мамлютка тұрғындарының азық-түлік шығындарының үлесі елорда тұрғындарына қарағанда, едәуір көп деп болжауға болады.

Әлеуметтік жағдайдың төмендігінен және жұмыссыздық салдарынан Мамлюткадан және жақын маңдағы ауылдардан жыл сайын жүздеген адамдар қоныс аударуда. Олар негізінен облыс орталығына, Петропавлға, сондай-ақ Астана мен Ақмола облысына көшіп барады. Көрші Ресейге көшіп кеткендер де бар, бірақ олардың саны аз: өткен жылы кеткен 390 адамның тек 29-ы Ресей Федерациясына қоныс аударды. Көшіп-қонушылардың негізгі бөлігін еңбекке қабілетті жастағы қазақстандықтар құрайды. Көшіп кетушілер санының артуына және халықтың табиғи азаюына байланысты соңғы 25 жылда Мамлюткадағы халық саны 24,7%-ға азайды. Аталған Мамлюткадағы жағдай бұл Солтүстік Қазақстан облысының демографиялық дамуының жалпы үрдісі. 2000 жылдан бастап СҚО-да жалпы халық саны 26,8%-ға, 2025 жылдың басында 713,6 мыңнан 522,2 мың адамға дейін азайды.
Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Шынар Төлешованың пікірінше, Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстанның солтүстік өңірлері арасында демографиялық даму проблемалары жиі орын алады. Мұнда халықтың табиғи азаюы байқалады, еңбекке қабілетті жастағы тұрғындардың үлесі де азаюда, егде жастағы адамдардың үлес салмағы артуда, репродуктивті жастағы жас азаматтардың көші-қон ағымына байланысты туу көрсеткіші төмендеуде.
Республикалық ауқымда СҚО-дағы көші-қон жағдайы да ерекше жағдай емес, жалпы урбанизация процесінің бір бөлігі болып табылады. Картада өткен жылы ішкі көші-қон жағдайының қалай болғанын көрсеттік. 2024 жылы Алматы облысы мен үш мегаполистен басқа барлық өңірлерде көші-қон сальдосы теріс болды. Бұл өңірлерден кеткендердің саны келгендердің санынан асып түскенін білдіреді. Солтүстік Қазақстан облысында бұл айырмашылық 5,3 мың адамды құрады. Бұл келушілер мен кетушілер арасындағы ең үлкен алшақтық емес. Ең жоғары теріс көрсеткіштер Түркістан (минус 32 мың адам), Жамбыл (минус 16,7 мың адам) және Жетісу (минус 10,9 мың адам) облыстарында байқалды.
Адамдар жұмыс іздеп, білім алуға және де көше дәретханасы жоқ абаттандырылған өмір іздеп ең үлкен мегаполистерге келуде. ҰСБ деректері бойынша соңғы бес жылда ғана Астанаға өңірлерден 551,7 мыңнан астам ішкі мигрант, Алматыға 518,7 мың адам қоныс аударды.

Қазақстан Республикасының 2025–2030 жылдарға арналған өңірлік саясатының тұжырымдамасын әзірлеген ҚР Ұлттық экономика министрлігінің (ҰЭМ) сарапшылары 2030 жылға дейінгі аумақтарды дамытудың негізгі қағидаты ретінде тұрғылықты жеріне қарамастан, халық үшін мемлекеттік қызметтер мен игіліктер сапасының базалық деңгейін қамтамасыз етуді көрсетеді. Мәселе толық теңдік туралы емес, аймақтық стандарттар жүйесінің (АСЖ) талаптарын сақтау туралы. Естеріңізге салсақ, екі жыл бұрын біз қалалар мен ауылдарда өмір сүру сапасының ең төменгі стандарттары туралы жазған болатынбыз. Материалда қалада және ауылда қандай инфрақұрылымдық және әлеуметтік игіліктердің болуы керек екенін егжей-тегжейлі сипатталды.
Елді мекендер әртүрлі деңгейде болғандықтан, сәйкесінше, олардың даму тенденциялары да әртүрлі. Тұжырымдаманың авторлары экономикалық дамудың ең жоғары әлеуетін мегаполистер мен олардың агломерацияларына береді. Бұл тек Алматы мен Астана ғана емес, сондай-ақ Қарағанды және Ақтөбе облыстары. Моно және шағын қалалардың болашағы әлеуметтік-демографиялық саясатпен анықталады. Шартты түрде оларды үш топқа бөлді. Бірінші топқа «әртараптандыру жолындағы қалалар» — Теміртау, Екібастұз, Рудный, Ақсу, Кентау, Степногорск кірді. Екінші топқа «даму әлеуеті орташа қалалар» — 10 елді мекен, оның ішінде Жаңаөзен, Риддер және Шахтинск кірді. Тоқырау алдында тұрған қалаларға Курчатов, Алтай, Қаражал және Жітіқара енді.
Ауылдық және шекара маңындағы аумақтарға келетін болсақ, ҚР ҰЭМ сарапшыларының пікірінше, таяу жылдары Қазақстанда ауыл халқының санының азаю, ірі ауылдарды дамыту және шоғырландыру үрдісі сақталады. Шенеуніктер қалалық және ауылдық жерлерде өмір сүру деңгейінің әртүрлі болуына байланысты ауыл санының азайып бара жатқанын мойындайды. Өңірлерді дамытудың нысаналы индикаторларына қарағанда, ауылдар мен қалалар арасындағы әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз ету деңгейіндегі осындай үлкен айырмашылық алдағы бес жылда да сақталады. Мысалы, жоспарларға сай 2029 жылға қарай АСЖ аясында қалалардағы қамтамасыз ету деңгейі 91,6%-дан 96%-ға дейін артуы тиіс. Ал ауылда 66,6%-дан 71%-ға дейінгі динамика болады деп болжануда.
Мамлютқа тұрғындарына оралайық. Тұжырымдамада келтірілген болжам бойынша олардың әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі таяу жылдары 2%-дан аз көрсеткішке, 67,5%-ға дейін өседі. Бұл — жалпы СҚО ауылдық елді мекендері бойынша деректер.
