2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша БЖЗҚ-да азаматтардың зейнетақы жинақтары 13,4 трлн тг құрады — бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,8%-ға артық. Он жыл ішінде халықтың зейнетақы жинақтарының сомасы 4,6 есе артты.
Салымшылардың зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары есебінен, сондай-ақ инвестициялық табыс есебінен қалыптастырылады. Сонымен қатар, инвестициялық табыстың рөлі өте маңызды. Айталық, 2013 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы шілдеге дейінгі кезеңде зейнетақы қоры салымшыларының шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс 6,5 трлн тг деңгейінде қалыптасты.
Өз кезегінде, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша есептелген инвестициялық табыс 352,59 млрд тг құрады. Оның ішінде: 146,09 млрд тг — бағалы қағаздар бойынша, оның ішінде орналастырылған салымдар мен «кері РЕПО» операциялары бойынша және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен сыйақы түріндегі табыс, 231,32 млрд тг — шетел валютасын қайта бағалаудан түскен табыс, 11,25 млрд тг — өзге де табыс. Сондай-ақ, сыртқы басқарудағы активтер бойынша 36,07 млрд тг мөлшерінде шығын тіркелді.
Айта кету керек, зейнетақы жинақтары — бұл ұзақ мерзімді инвестициялар, сондықтан кем дегенде бір жыл кезеңіндегі инвестициялық табыстың мөлшеріне талдау жасаған дұрыс. Қысқа мерзімді деректер (апталық, айлық және т.б.) көрсеткіш емес, өйткені олар нарықтық конъюнктураның тұрақты өзгерістеріне тәуелді. Мысалы, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына бөлінген таза инвестициялық табыс сомасы өткен 2021 жылы шамамен 1,4 трлн тг құрады, бұл бір жыл ішінде түскен жарналар сомасынан асып түсті (1,3 трлн тг). Ұлттық банктің басқарумен БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша табыстылық 8,4% инфляция кезінде 2021 жылы 11,13%-ды құрады.
Ағымдағы жылы инвестициялық табыстың өзгеру динамикасын да атап өтуге болады. Осылайша, 2022 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша шығын тіркелді, бірақ жарты жылдың ішінде жағдай оң жаққа өзгерді. Бұл ағымдағы жылдың басынан бері геосаяси жағдайдың нашарлауы аясында әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы құбылмалылықтың өсуіне байланысты, бұл инфляцияның өсуіне де, зейнетақы активтерінің табыстылық көрсеткіштеріне де әсер етті. Осылайша, зейнетақы активтерінің табыстылығы қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау салдарынан өзгереді, ол жыл басынан бастап әртүрлі кезеңдерде оң да, теріс те болуы мүмкін.
Ұзақ мерзімді динамикаға келетін болсақ, біз оптимистік трендті көреміз. Тек соңғы бесжылдықта (2017-2021 жылдар) инвестициялық табыстың жалпы сомасы 5 трлн тг жетті.
Табыстылықтың жоғары деңгейін және БЖЗҚ зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз ету үшін портфельді әртараптандыру жалғасуда. Мысалы, ағымдағы жылдың маусым айында ҚР Қаржы министрлігінің орташа безбенделген табыстылығы жылдық 13,78% болатын МБҚ 320 млрд тг көлемінде сатып алынды.
Бұдан басқа, есепті айда ағымдағы өтімділікті басқару шеңберінде зейнетақы активтері бойынша табыстылықты қолдау мақсатында ҚР Ұлттық банкінің депозиттеріне инвестициялау жүзеге асырылды. Мәмілелердің орташа көлемі жылдық 13,16% орташа безбенделген табыстылықпен 258,56 млрд тг құрады.
Өз кезегінде, валюталық портфельдің табыстылығын қолдау мақсатында орташа безбенделген табыстылығы жылдық 1,62% және өтеу мерзімі 11 күннен 2,5 айға дейінгі жалпы сомасы 642,77 млрд теңгеге АҚШ долларында номинацияланған салымдар шетелдік банктерге орналастырылды. Салымдар DBS Bank LTD, Societe Generale, Sumitomo Mitsui Banking, Credit Agricole және Mizuho Corporate Bank сияқты банктерге жүргізілді.
Инвестициялық басқару және зейнетақы активтерін есепке алу жүйесі ашық: әрбір салымшының өз инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінен немесе мобильді қосымшада көруге мүмкіндігі бар.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және қаржы құралдары туралы ақпарат БЖЗҚ ресми сайтында ай сайын жарияланады.