Қазақстан өзін ресми түрде әлеуметтік мемлекет деп санайды, бұл еліміздің Конституциясында көрсетілген. Бұл нақты нені білдіретіні көрсетілмеген, бірақ мемлекет азаматтарды жұмыссыздықтан қорғауды, зейнетақы төлеуді, тегін орта білім беруді, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және т.б. қамтамасыз етуге міндеттенетін баптар бар.
Нақты тұжырымдардың жоқтығы елге қандай да бір қатаң белгіленген әлеуметтік саясатты ұстанумен шектелмеуге мүмкіндік береді. «Әлеуметтік мемлекет» түсінігі өзінің табиғаты бойынша халықты қорғау мен қолдауды қамтамасыз ететін көптеген факторларды қамтиды. Олар халықтың әл-ауқатын жақсартуда және халықтың осал топтарын қорғауда, сондай-ақ азаматтар арасындағы кедейлік пен әлеуметтік теңсіздікті азайтуға көмектесуде маңызды рөл атқарады.
Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында «Әділ әлеуметтік саясат» жалпыұлттық басымдығы бес стратегиялық көрсеткішті қамтиды:
• халықтың нақты ақшалай табыстарының өсуі;
• халықтың жалпы табысындағы ең кедей 40% табысының үлесі;
• жұмыссыздық деңгейі;
• тұрғын үйдің қолжетімділігі;
• үй шаруашылығының азық-түлікке шығындары.
2021 жылға арналған Ұлт жоспарының орындалу барысы туралы есеп бойынша, жалпы республика бойынша 5 индикатордың 4-не қол жеткізілді. Тек халықтың ең кедей 40%-ның табысы туралы пункт орындалмады. Мұнда жоспарлы көрсеткіш халықтың жалпы табысының 23,42%-ы болған. Бірақ іс жүзінде көрсеткіш 22,3%-ды құрады. Шектеу шаралары мен еңбек нарығындағы экономикалық жағдайдың нашарлауы жұмыспен қамту саласында ауыр зардаптарға әкелді, делінген есепте.
Ресми деректерге сәйкес, елде тұрғын үй қолжетімді болды, ал үй шаруашылығының шығындарындағы азық-түліктің үлесі жоспарланғаннан сәл төмен болды (52,8%, жоспар бойынша 53,1%).
2021 жылға арналған жарияланған жоспарлар бойынша жұмыссыздық деңгейі 5%-ды құрауы тиіс еді, Қазақстан да оны жеңіп, 4,9%-ға жетті. Оның үстіне бұл барлық өңірлерде жоспарланған көрсеткішке қол жеткізілген бірден-бір көрсеткіш. Дегенмен, ҚР-да 2014 жылдың соңынан бастап орта есеппен 5%-дан аспайтын деңгей сақталып отыр.
Ең бастысы, Қазақстан халықтың нақты ақшалай кірістерін арттыруға қол жеткізді. Жоспар бойынша 2019 жылғы деңгейдің өсімі 5%-ды құрауы тиіс болса, іс жүзінде ол 8,5%-ға жетті, яғни күтілгеннен 3,5%-дық тармаққа артық. Өңірлік тұрғыда Қарағанды (16,2%-дық тармаққа) және Павлодар (7,7%-дық тармаққа) облыстарында, сондай-ақ елордада (7,2%-дық тармаққа) жоспарлы көрсеткіштердің айтарлықтай асқаны байқалды. ҚР бойынша орташа көрсеткіштің осындай табысты болғанына қарамастан төрт өңірде көрсеткішке қол жеткізілген жоқ. Аатап айтқанда Алматыда 2,3 п. т., Қызылорда облысында 4,2 п. т. жетпей қалса, Атырау мен Маңғыстау облыстарында табыс өсімінің орнына 2019 жылмен салыстырғанда керісінше 2,7% төмендеп кетті. Айта кетерлігі, Ұлттық жоспарға қарасақ, Астана мен БҚО-да халықтың табысын жоспарлы түрде түсіру күтілген, бірақ бұрынғыдай қатты қарқынмен емес.
Біз ҚР-ның әлеуметтік әл-ауқаты халықаралық рейтингтер бойынша қалай бағаланатынын тексеруді жөн көрдік. Мысалы, Numbeo-дан салықтан кейінгі айлық жалақы мөлшері бойынша елдер рейтингінде Қазақстан қазіргі уақытта 106 елдің ішінде тек 77-орынға ие.
Сонымен қатар, елдегі өмір сапасы, сол порталдың мәліметі бойынша, ҚР-да өте төмен болып шықты. Рейтинг сатып алу қабілеті, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, өмір сүру құны, мүліктің құны мен кіріс коэффициенті, климат, ластану деңгейі және көлік кептелісі сияқты көрсеткіштерді бағалайды. Қазақстан 87 елдің ішінен 76-орынға шығып, рейтингтегі аутсайдер елдердің бірі болды. Ең жақсы көрсеткіш Швейцария, Дания және Нидерландыда, нашар көрсеткіш Нигерияда анықталды.
Бір қызығы, Numbeo ресми статистиканы да, мониторингке енгізілген елдердің тұрғындары енгізген мәліметтерді де басшылыққа алады. Тиісінше, порталдың рейтингтері ресми статистиканы ғана емес, сонымен қатар тікелей қатысушы елдерде орналасқан тұрғындардың пікірін де көрсетеді.