2022 жылғы қаңтар–мамыр қорытындылары бойынша автомобиль және қалалық электр көлігі компанияларының кірістері 148,9 млрд тг құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда құндық мәнде 35,4%-ға артық. Оның ішінде жүк тасымалдаудан түскен кірістер бір жылда 39,5%-ға, 104,2 млрд тг дейін, жолаушылар тасымалдаудан түскен кірістер 26,6%-ға, 44,6 млрд тг дейін өсті.
Сектордағы тасымалдардан түсетін кірістердің басым бөлігі жолаушыларды автобустармен тасымалдауға тиесілі — 40,2 млрд тг немесе сектордағы жолаушылар тасымалдарынан түсетін кірістердің жиынтық көлемінің 90%-ы және барлық кірістерден — 27%-ы. Жылдық өсім 29,7%-ды құрады.
Өз кезегінде такси тасымалдауынан түскен табыс 5,8%-ға 1,8 млрд тг дейін өсті.
Ағымдағы жылдың қаңтар–мамыр айларында жолаушылар тасымалы 2,7 млрд адамды құрады, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бірден 16%-ға артық.
Автобустармен 1,8 млрд жолаушы, таксимен — 881,8 млн жолаушы, троллейбустармен — 13,1 млн жолаушы, трамвайлармен — 12,2 млн жолаушы тасымалданды.
Ағымдағы жылдың бес айында жолаушылар айналымы 16,3%-ға 29,6 млрд қкм-ге дейін өсті.
Соңғы жылдары ҚР-да әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялау мәселесі жиі айтылып жүр. Субсидиялардың ұлғаюына жергілікті бюджеттерде қаражаттың болмауы кедергі келтіреді, деп хабарлайды inbusiness.kz. Сондықтан, Экономика министрлігіне республикалық бюджеттен субсидиялауға қаражат бөлу туралы ұсыныс енгізілді.
Сонымен қатар, қалалық маршруттарда автобус паркін жаңарту мәселесі өзекті болып тұр, онда қазір 10,7 мың автобус жұмыс істейді: көліктердің тозуы 46%-ға жақындады.
2022 жылдың қаңтар–мамыр айларында автомобиль және қалалық электр көлігімен 1,12 млрд тонна жүк пен багаж тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6%-ға көп. Сонымен қатар, жүк айналымы 52,7 млрд ткм құрады, бұл өткен жылға қарағанда 1,2%-ға аз.
Қазақстандық компаниялардың халықаралық тасымалдар нарығына қатысуы жыл соңына дейін 10%-ға төмендеуі мүмкін. Мұндай алдын ала есептеулерді «Атамекен» ұлттық палатасының сарапшылары жасады, деп хабарлайды Хабар24. Қазақстандағы Беларусь және Ресей жүк көліктеріне қатысты «қайта тіркеуге» тыйым салу туралы талаптарды алып тастау жоспарлануда. Сонымен қатар, біздің елімізде шетелдік компаниялардың қатысуы артып келеді.