«Экстремизммен» күрес — қазақстандықтарды қорғау ма, әлде саяси қарсыластарға қысым көрсету тәсілі ме?

Фото: https://www.shutterstock.com/

63 просмотров

Экстремизмге қатысты тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны

Жыл сайын Қазақстанда экстремизм бойынша орта есеппен 61 қылмыстық іс қозғалады (2018 жылдан 2022 жылдың қазан айына дейін). Бұл бір кездері шын мәнінде билікті күшпен басып алғысы келгендерге қарсы пайдаланылған. Бірақ соңғы үш жылда, Human Rights Watch 2021 жылы атап өткендей, үкіметті сынаушыларды қудалау үшін үкімет экстремизм туралы түсініксіз және шектен тыс айыптауларды кеңінен қолдана бастады.

АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстандағы терроризм туралы өзінің жылдық есебінде де өзгеше ойлайтындарды қудалауға қатысты алаңдаушылық білдірді. Баяндамада үкіметтің «діни экстремизмге» қарсы күресті жалғастырып жатқанын атап өтті. Дегенмен, құқық қорғау органдарының нені терроризм мен экстремизмге жатқызып, нені жатқызбайтынынын шешетін үлкен құзіреті саяси немесе кез келген басқа қарсыластарды қудалауға алып келеді.

Соңғы бес жылда экстремизмге қатысты оқиғалардың ең көп саны 2018 және 2020 жылдары тіркелген: сәйкесінше 74 және 84.

Бұл ретте Қазақстан билігі ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабына («Экстремистік ұйымды ұйымдастыру және оның қызметіне қатысу») жиі жүгінеді. 2018 жылдан бастап 2022 жылдың қазан айына дейін бұл баптың үлесіне орта есеппен шамамен 75,4%, яғни экстремизмге қатысты төрт жағдайдың үшеуі тиесілі.

Ресми статистикадан ел қауіпсіздігіне төнген нақты қатер мен өзгеше ойлайтындарды қудалаудан ажырату үшін сотталушылардың істердегі уәжін анықтау мүмкін емес.

Дегенмен, Human Rights Watch ұйымының мәліметінше, тек 2021 жылдың өзінде «экстремистік» деп тыйым салынған оппозициялық қозғалыстарға қатысқаны үшін кемінде 135 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ресми мәлімет бойынша, өткен жылы 405-бап бойынша небәрі 50 іс тіркелген.

Мәселен, өткен жылдың қазан айында Алматыда 13 азаматтық белсендіге қатысты сот үкімі шықты. Оларға экстремистік ұйымның қызметіне қатысты деген айып тағылды. Сот айыпталушылардың ешқайсысын ақтамады. Бұған дейін осы іс бойынша өткен сот отырысында адвокат Нұрлан Рахманов тергеушіден экстремизм, оның ішінде саяси экстремизм деген не екенін сұраған болатын, деп жазады Азаттық. Тергеуші «істің жинақталған материалдары аталған азаматтардың қылмыстық әрекеттерін анықтайтынын» айтып, ешқандай түсініктеме бермеген.

Human Rights Watch ұйымының хабарлауынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабы бойынша сотталғандарды президент әкімшілігі жанындағы Қаржы мониторингі агенттігі автоматты түрде «терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар» тұлғалардың тізіміне енгізеді. Тыйым салынған қозғалысқа ешқашан қаржылық қолдау көрсетпесе де осылай тізімге еніп кетеді. Мұндай тізімге енгізу жеке қаржылық ресурстарға билік ету құқығын қатты шектейді.

405-бап бойынша сотталған адамдарға қатысты соттар да ҚР Қылмыстық кодексінің саяси, азаматтық немесе өзге де қызметпен айналысуға, сондай-ақ әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын 50-бабын жиі қолданады.