2021 жылдың қорытындысы : Инфляция. ЕАЭО және ТМД елдеріндегі баға өсімі мен инфляцияға қарсы шаралар

72 просмотров

2021 жылы күллі әлем елдері қарқынды инфляция проблемасымен бетпе-бет келді. Өкінішке қарай, мұндай жағдай - фискалдық ынталандыру шараларының, орталық банктердің жұмсақ ақша-кредит саясатының, сонымен қатар «коронадағдарыстан» кейінгі экономиканы тез қалпына келтіру секілді позитивті жағдайлардың салдарынан орын алған таяқтың екінші ұшы.

Реттеушілер мен халықаралық ұйымдар әуелгі кезде бағаның тез өсуін уақытша құбылыс деп қарастырды. Алайда, инфляцияның тіпті дамыған елдерде де рекордтық көрсеткіштерге жетуі мен проинфляциялық тәуекелдердің әлі де сақталуы жағдайында жаһандық бағаның өсуі тұрақты сипатқа ие болды. Қазір орталық банктер инфляцияны тұрақты төмендетуге жағдай туғызуға тырысып жатыр. ЕАЭО елдерінде инфляциялық процестер жалпы ұқсас болды. Кейбір елдерде инфляция 2021 жылдың соңына қарай өсуін тежеп, төмендей бастады, бірақ оның деңгейі орталық банктердің мақсатты бағыттарынан әлі де жоғары болып отыр. Өз кезегінде монетарлық реттеушілер тиісінше ақша-кредит талаптарын қатаңдатуды жалғастырып келеді.

Өткен жылы инфляцияның ең жоғары қарқын алуы ЕАЭО елдерінің арасында Арменияда байқалды. Инфляция 2020 жылғы желтоқсандағы 3,7%-дан 2021 жылғы қарашада 9,6%-ға дейін жедел өсті, ал желтоқсан айының қорытындысы бойынша 7,7% деңгейінде қалыптасты. Осы жылдың қаңтар айында көрсеткіш 7,1% құрап, төмендей түсті. Сыртқы инфляциялық қысымға байланысты жоғары инфляциялық ортаның сақталуын ескерген Арменияның Орталық Банкі 2022 жылдың ақпанында қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 0,25 п.т. 8%-ға дейін (2021 жылы мөлшерлеме 2,5 п. т. 7,75% - ға дейін өскен болатын) көтере отырып, монетарлық саясатты күшейте түсті.

Бұл ретте 2021 жылдың қорытындысы бойынша, инфляцияның ең жоғары - 11,2% көлеміндегі көрсеткіші, оның екінші жартыжылдықта төмендегеніне қарамастан, Қырғызстанда (2020 жылғы желтоқсанда — 9,7%) қалыптасқан болатын. 2021 жылғы мамырдан бастап инфляцияның жеделдеуі және шілдеде 14,6%-ға шыңына қол жеткізу аясында Қырғызстан Ұлттық Банкінің есептік мөлшерлемесі бір жыл ішінде жиынтығында 3 п.т.-ға 8%-ға дейін көтерілді. Реттеуші қаңтар айында мөлшерлемені тағы 0,5 п.т. 8,5%-ға дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Шешім сыртқы күйзелістердің инфляция мен инфляциялық күтулердің ағымдағы динамикасына теріс әсерін азайту мақсатында қабылданды.

Беларусь елінде де инфляция екі таңбалы мәнге жетті, өткен жылы 7,4%-дан 10%-ға дейін жеделдеп, 2022 жылдың қаңтарында 10,4%-ға дейін өсті. Осыған орай, Беларусь Ұлттық банкі 2021 жылы қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 1,5 п.т. 9,25%-ға дейін көтерді.

Ресейде бағаның тұрақты-орнықты өсуі байқалады, инфляция 2021 жылы 4,9%-дан 8,4%-ға дейін өсті және биылғы қаңтарда - 8,7%-ға жетіп, өсу трендін сақтап қалып отыр. Ресей банкі алғашқылардың қатарында ақша-кредит шарттарын белсенді түрде қатаңдату кезеңіне аяқ басты. Сонымен, 2021 жылы Ресей Банкінің негізгі мөлшерлемесі 7 рет көтеріліп, екі есе өсті, яғни 4,25%-дан 8,5%-ға дейін өсім болды. Осы жылы өз шешімін инфляция үшін тәуекелдер теңгерімінің проинфляцияға қарай айтарлықтай ығысуымен байланыстырған реттеуші негізгі мөлшерлемені 9,5%-ға дейін көтерді.

Қазақстанда бағаның 7,5%-дан 8,4%-ға дейін өсуі байқалды. 2021 жылдың қараша-желтоқсан айларында Үкіметтің инфляцияға қарсы ден қою, атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша қабылдаған шаралары аясында инфляция ең жоғарғы деңгейден 8,9%-ға төмендей бастады. Алайда, осы жылдың қаңтар айында бұл көрсеткіш қайта өсіп, 8,5%-ды құрады. Өз кезегінде Ұлттық Банк инфляция төмендеуінің тұрақсыздығын бағаны әкімшілік тежеуден туындағанын атап көрсетеді. Осыған байланысты реттеуші базалық мөлшерлемені 10,25%-ға дейін арттыру туралы шешім қабылдады, бұл бағалау бойынша инфляцияның осы жылдың соңына қарай 6%-6,5%-ға дейін баяулауына ықпал ететін болады.

ТМД-ның басқа елдері арасында бағаның жылдам өсуі Молдовада байқалып отыр. 2021 жылдың басында нөлге жақын деңгейде болған инфляция жыл соңына қарай 13,9%-ға жетті, ал 2022 жылдың қаңтарында ТМД елдері арасындағы ең жоғары мәнге - 16,6%-ға дейін көтерілді. Осыған байланысты Молдова Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені агрессивті түрде көтере бастады. Мәселен, егер 2021 жылы мөлшерлеме 3,85 п.т.-ға 4 есе артса, осы жылдың қаңтарында реттеуші мөлшерлемені бірден 2 п. т.-ға 8,5%-ға дейін көтерді. Мөлшерлеменің өсуі қазіргі уақытта проинфляциялық әсері күшті тұтынушылық несиелердің өсу қарқынын төмендетуге бағытталған, сонымен бірге төлем, сауда балансының ағымдағы шотына және айырбас бағамына қысым жасап тұр.

Украинада инфляцияның 5%-дан 10%-ға дейін екі есе өсуі байқалды, бұл ретте 2021 жылдың соңғы айларында көрсеткіш төмендей бастады. Украина Ұлттық Банкі көптеген проинфляциялық тәуекелдер жүргізілгенін, ал 2021 жылдың соңына қарай бағаның төмендеуі күтілген деңгейден әлдеқайда баяу жүзеге асырылғанын, сондықтан 5% мақсатты деңгейге дейін тұрақты дезинфляцияны қамтамасыз ету үшін қатаң ақша-кредит саясаты қажет екенін айтты. Осыған байланысты, осы жылдың қаңтар айында Украина Ұлттық Банкі негізгі мөлшерлемені 1 п.т. 10%-ға дейін көтерді (2021 жылы мөлшерлеме 3 п. т. 9%-ға дейін арттырылды).

Әзірбайжанда 2021 жылы инфляцияның бірқалыпты өсуі (2,8%-дан 6,7%-ға дейін) 2022 жылғы қаңтарда екі есеге жуық өсіп, күрт өзгерді - жылдық мәнде бағаның өсуі 12,5%-ды құрады. Бағаның бұлайша өсуі импорттық азық-түлік бағаясының қымбаттауымен байланысты. Осыған орай, орталық банк пайыздық мөлшерлемені осы жылдың қаңтарында 0,25 п.т. 7,5%-ға дейін арттырып отыр (2021 жылы реттеуші мөлшерлемені 1 п. т. 7,25%-ға дейін көтерген болатын).

2021 жылғы инфляцияның төмендеуі Өзбекстан мен Тәжікстанда орын алды. Өзбекстанда бағаның өсуі жыл бойы екі таңбалы мәнде сақталды, жыл соңына қарай 11,1%-дан 10%-ға дейін төмендеді және осы жылдың қаңтарында 9,8% деңгейінде қалыптасты. Өз кезегінде орталық банк инфляцияның біртіндеп төмендеуіне қарамастан, жыл бойы негізгі мөлшерлемені 14% деңгейінде ұстап тұрды. Бағаның өсуін төмендетуге ықпал ететін және жинақтауды ынталандыратын ақша-кредит шарттарын қалдыру мақсатында мөлшерлеме деңгейі 2022 жылғы қаңтарда да сақталып қалды. Орталық банк биыл орташа қатаң ақша-кредит талаптарын сақтауды қарастырып жатыр.

Тәжікстанда өткен жылы инфляция 9,4%-дан 8%-ға дейін төмендеді. Ұлттық Банк 2021 жылы қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 2,5 п.т. 13,25%-ға дейін көтерді. Инфляцияның 4% -8% нысаналы диапазонына енгеніне қарамастан, реттеуші осы жылғы ақпандағы жоспардан тыс отырыс кезінде мөлшерлемені өзгеріссіз сақтайтынын мәлімдеп, ақша-кредит шарттарын жұмсартуға асықпай отыр.

2021 жылдың соңында орын алған және биылғы инфляция динамикасының әртүрлілігіне қарамастан, ТМД мен ЕАЭО елдерінің барлық реттеушілері тұрақты проинфляциялық қысымның сақталып отырғанын айтады және проинфляциялық тәуекелдер күшейген жағдайда ақша-кредит саясатын қатаңдатуға дайын екендерін білдірді.