Біз Қазақстандағы табиғи монополиялар субъектілері (ТМС) тарифтік сметаның және инвестициялық бағдарламаның орындалғаны туралы жыл сайын уақтылы есеп беруге міндетті екенін жазған болатынбыз. Уәкілетті орган — ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) осы есептерді талдайды және ТМС тарифте көзделген жаңарту немесе дамыту міндеттемелерін орындамаған жағдайда, тұтынушыларға игерілмеген қаражатты қайтарып, уақытша өтемдік тарифті (УӨТ) енгізеді.
Сумен жабдықтау және су бұру саласындағы тарифтерді төмендету түрінде қазақстандықтарға қанша қаражат қайтарылатыны туралы да толық баяндаған едік.
Бүгін біз жылумен және электрмен жабдықтау саласына тоқталамыз. Ағымдағы жылы табиғи монополиялар субъектілерінің 2023 жылға арналған есептері талданды, оның қорытындысы бойынша 108 ТМС үшін жылумен және электрмен жабдықтау қызметтеріне жалпы сомасы шамамен 5,4 млрд теңгеге уақытша УӨТ бекітілді, оның 4,2 млрд теңгесі жылумен жабдықтау саласына, ал 1,2 млрд теңгесі электрмен жабдықтау саласына тиесілі.
Демек, дәл осы сомалар қазақстандықтарға тарифтерді төмендету түрінде қайтарылады. Толығырақ ақпараттық кестеде берілген.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылы сумен жабдықтау және су бұру үшін УӨТ көрсеткіштері былтырғыдан едәуір жоғары, ал жылумен жабдықтау және электрмен жабдықтау саласында, керісінше, көрсеткіш төмендеді. Мұндай бақылау монополистерді тәртіпке салады, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және сапалы қызмет көрсетуге ықпал етеді.
Тағы бір айта кетерлігі, жылумен және электрмен жабдықтау саласындағы күрделі инвестиция көлемі өсуде: ағымдағы жылдың он айында көрсеткіш 871,2 млрд теңгені құрады, ал бір жыл бұрын дәл осындай кезеңде 853,6 млрд теңгені құраған болатын, толық 2023 жыл үшін сектордағы күрделі инвестиция рекордтық мөлшер — 1,2 трлн теңгеге жетті.
Күрделі инвестиция өсімі — жылу мен электр өткізгіш инфрақұрылымын жаңарту және дамыту, сектордағы қуаттылықты жаңарту және кеңейту, сондай-ақ жалпы азаматтардың коммуналдық саладағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса қажетті фактор.
Бұл орайда сектордағы өнеркәсіптік өндіріс халықтың артып келе жатқан қажеттіліктеріне сәйкес өсуде. Мәселен, ағымдағы жылдың он айында электр энергиясын өндіру, беру және тарату құны 1,8 трлн теңгені құрады, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1,6 трлн теңгеге тең болды. 2023 жылдың он айында жылумен жабдықтау (жылыту және ауаны кондиционерлеу үшін бу, ыстық су беру) құны 332,7 млрд теңгеге жетті, мұның алдындағы көрсеткіш 255,5 млрд теңгеге тең болды.
Өткен жылы (толық бір жыл) электрмен жабдықтау саласындағы көрсеткіштер шамамен 2 трлн теңгені, ал жылумен жабдықтау секторында 350,5 млрд теңгені құрады.