Жалға берілетін бала: Қазақстанда қамқорлыққа және патронатқа алынған балалар балалар үйіне жиі орала бастады

Фото: https://www.shutterstock.com/

Жетім балаларды әлеуметтік қорғау

2017–2021 жылдары Қазақстандағы балалар үйлері мен интернаттардағы балалардың саны үштен бірге қысқарды. Мұндай жетістіктің ең басты факторы әлеуметтік жетімдіктің алдын алу болды — сәбилерді тастап кету, ата-ана құқығынан айыру және т. б. жағдайлары аз болды. Бірақ бала асырап алу және патронаттық тәрбиелеу жүйесі жылдар бойы айтарлықтай жақсарған жоқ. Қазақстан жетімдік мәселесін шешкен жоқ. Пандемия жылдарында бала асырап алуға немесе қамқоршы болғысы келетіндердің саны айтарлықтай азайды. Сондай-ақ, отбасыларға үгіт-насихат және консультативтік қолдау көрсетілсе де, елімізде екінші рет жетім қалу статистикасы көбейді. 2017–2021 жылдары асырап алушылар мен қамқоршылардың балаларды балалар үйлеріне қайтаруы 64% көбейді.

Бес жыл бойы ата-анасыз қалған кішкентай қазақстандықтар санының статистикасы жыл сайын тұрақты түрде төмендеген. Егер 2017 жылы, ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кәмелетке толмаған 27,3 мың бала жетім деп танылса, 2021 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 4 мыңнан астамға, яғни 22,7 мың адамға азайды. Олардың 80%-дан астамы немесе 18,6 мыңы отбасында тұрады.

Жаңа үй тапқан балалардың құқықтық жағдайы әр түрлі. Ең азы асырап алынғандар — 178 адам (1%-дан аз). Негізінен қазақстандықтар жетім балаларды қамқорлыққа алады (89,1%) немесе патронаттық тәрбиеге алады (9,8%).

Бұның себебі көп. Атап айтқанда, балаларды туыстары (тәтесі, әжесі, т. б.) алғанда әрқайсының өзіндік этикалық аспектісі және әр отбасы мүшесінің белгілі бір мәртебесі бар. Құқықтық ньюанстар өте маңызды: көптеген әлеуметтік жетімдердің ата-аналары құқықтарынан айырылмаған, сондықтан кәмелетке толмаған балаларды асырап алуға болмайды, бірақ олар патронаттық тәрбиеге берілуі мүмкін. Қаржы мәселесі де маңызды. Патронаттық тәрбиеге алынған бала үшін мемлекет ата-анасына ай сайынғы жәрдемақы мен тамағы мен киіміне жәрдемақы төлейді. Бұл орташа және төмен табысы бар патронаттық отбасыларға көмектеседі.

Жетім балаларды отбасына беру динамикасы осы әлеуметтік фактордың елдегі экономикалық дағдарысқа қаншалықты тәуелді екенін көрсетеді. Пандемияның басталуы көптеген әлеуетті асырап алушылар мен қамқоршылар үшін тосқауыл болды. Дәл 2020 жылы берілген жетім балалардың саны екі есе дерлік қысқарды (880-ден 461 адамға дейін). Әрине, карантиндік шектеулер де әсер етті. 2021 жылдың соңына дейін бұрынғы жағдай әлі қалпына келген жоқ.

«Жаңа» ата-аналардың үш санатының ішінде бес жыл ішінде тек қамқоршылар ғана өсті (2017 жылы 325-тен 392-ке). Патронаттық тәрбиешілер 23% азайды, ал асырап алушылар саны бес есе азайды. 2017 жылы 168 кәмелетке толмаған бала асырап алынған болса, 2021 жылы небәрі 31 бала ғана асырап алынды.

Өкінішке қарай, жетімдер үйінен бала алған отбасылардың барлығы бейімделу қиындықтарын жеңіп, балалар үйінің тәрбиеленушілерін шынайы қабылдай алмады. Балалардан бас тартушылар ең аз тіркелген уақыт 2017 жыл (109 адам) болды. Басқа жылдары әлдеқайда көп тіркелді (ең көбі — 199 адам). 2021 жылы мемлекеттік мекемелерге кәмелетке толмаған 179 бала оралды. Олардың арасында қамқорлық органы қызметкерлерінің өздері белгілі бір себептермен балаларды қайтарып алған кездері де болды. Мұндай жағдайлар көп емес, бірді-екілі, олар БАҚ-та анонимді жарияланды. Ал балалар үйіне өз қалауларымен немесе мемлекеттік органдардың талабымен оралған жетім балалардың саны туралы жеке статистика жарияланбайды.

Жетім балаларды асырап алудың арнайы ережелерін бекітуге екінші рет жетім қалу құбылысы себеп болды. ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы бұйрығы бойынша бала асырап алушылар бала асырап алар алдында психологиялық дайындық курсынан өтіп, сертификат алуы тиіс. 2020-2021 жылдары асырап алынған балалардың қайтарылуы 13-тен 2 жағдайға азайғаны осының арқасыда болуы мүмкін.

Маңызды ескерту: статистикада екінші рет жетім қалушылар арасында асыранды балалардың үлесі аз. Көбіне балаларды балалар үйіне қамқорлыққа алғандар және патронаттық тәрбиеге алғандар қайтарады (99%). Ал заң бойынша олар оқудан өтуге міндетті емес.

Жаңа отбасын тапқан балалармен салыстырсақ, бас тартылған балалар саны аз екені байқалады(бесжылдықтың әр жылы 1%-дан аз).

Сонымен қатар, ҚР Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік психологтарының пікірінше, баланың балалар үйіне қайтарылуының басты себебі — отбасында бейімделудегі қиындықтар және қайтып кететіндер бірден кетіп қалады. Сондықтан қайтарылған балалардың үлесін жалпы асырап, қамқорлыққа, патронаттыққа алынған балалар санымен емес, нақты сол бір жылдағы көрсеткішпен салыстырған жөн. Бұл жағдайда, егер бас тартылған балалардың көпшілігі дерлік бірден қайтарылды деп есептесек, 2021 жылы жаңа отабсына берілген әрбір үшінші бала жаңа отбасына сіңіспегені белгілі болды (жаңа отбасына берілген балалардың ішінде қайтарылған балалар санының тікелей қатынасы 27,6%-ды құрайды). Бес жыл бұрын оның үлесі әлдеқайда аз болды — 13,9%.