Соңғы рейтингке сүйенсек, қазақстандықтар өздерін бақыттырақ сезіне бастаған

Фото: https://www.shutterstock.com/

Қазақстан бақыт деңгейі бойынша елдердің жаһандық рейтингінде жоғарылады. World Happiness Report 2026 өзекті баяндамасының деректеріне сай Қазақстан 2023–2025 жылдардағы өмір сүру сапасын бағалаудың орташа көрсеткіші бойынша 147 елдің ішінде 33-орынға жайғасты. Бұл — еліміз үшін БҰҰ-ның аталған рейтингіне қатыса бастаған 2011 жылдан бергі бүкіл тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіші. Өткен жылғы есеппен салыстырғанда Қазақстан өз позициясын 10 сатыға жақсартты.

World Happiness Report рейтингі бойынша ҚР-дағы өмір сүру сапасының жалпы бағасы 10 балдан 6,6 балға жетті. 2024 жылғы есепте бұл көрсеткіш төменірек — 6,4 балл болған еді. Көрсеткіш бірнеше индикатор негізінде есептеледі, олардың қатарында әлеуметтік қолдауды сезіну, әл-ауқат, таңдау еркіндігі, өмір сүру ұзақтығы, қайырымдылық және жемқорлықты қабылдау деңгейі бар. Деректер әлеуметтік сауалнамалар мен статистикалық есептердің қорытындысы бойынша жиналады. Қазақстанда бақыт деңгейіне алғашқы үш индикатор ең көп үлес қосып отыр.

Еуропаның дамыған мемлекеттері мен Коста-Рика ең бақытты елдер болып танылды. Финляндия қатарынан бірнеше жыл көш бастап келеді. Бұл елдің бағасы ең жоғары: 7,8 балл. Сондай-ақ Исландия мен Дания да ең жоғарғы межеге жақын тұр: әрқайсысында 7,5 балдан. АҚШ 6,8 балл көрсеткішімен рейтингтің 23-ші сатысына жайғасты.

Орталық Азия елдерімен және ең жақын көршілермен салыстырғанда Қазақстан халқының бақыт деңгейі жоғарырақ. ҚР-ға ең жақын тұрғаны — Өзбекстан: ол 6,3 балдық көрсеткішпен әлемдік рейтингте 53-ші орынға орналасты. Қырғызстан 6 балдық бағамен 66-шы орынға тұрақтады. Ресей бір жыл ішінде 13 позицияға төмендеп, 5,8 балдық төмен индикатормен әлемдегі орташа 79-шы орынды иеленді. Рейтингтің соңғы сатысында 1,4 балдық көрсеткішпен Ауғанстан тұр.

Соңғы рейтингке сүйенсек, қазақстандықтар өздерін бақыттырақ сезіне бастаған

Бұған дейін атап өткеніміздей, рейтинг респонденттің өзін қаншалықты бақытты сезінетіндігі туралы сұраққа берген жауабына емес, бірінші кезекте өмір сүру сапасын бағалауға негізделген. Баяндаманың әдіснамасында көрсетілгендей, бұл адамның белгілі бір кезеңдегі жалпы өзін-өзі сезінуін көрсету және оны елдің маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен салыстыру үшін қажет. Дегенмен, бақыт туралы тікелей сұрақтар да назардан тыс қалған жоқ. Бұл туралы сәл кейінірек тоқталамыз.

World Happiness Report интерактивті дашборды елдердің рейтингтегі орнын тек бақыт деңгейі бойынша ғана емес, сонымен қатар оның әдіснамасына енгізілген барлық индикаторлар бойынша бағалауға мүмкіндік береді. Әр көшбасшы ел жекелеген рейтингтердің әрқайсысында айтарлықтай жоғары орындарда тұр. Әл-ауқат деңгейі бойынша Қазақстан әзірге еуропалық елдермен бәсекелесе алмайды. Еуропа мемлекеттерінің көпшілігінде, сондай-ақ АҚШ-та жан басына шаққандағы ЖІӨ Қазақстанға қарағанда жоғары. Бұл, әрине, маңызды рөл атқарады, бірақ әрдайым емес. «Бақыт ақшада емес» демекші, әл-ауқат деңгейінің төмендігіне қарамастан, өмір сүру сапасының жалпы бағасы бойынша Қазақстан жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші айтарлықтай жоғары елдерді, атап айтқанда Францияны (35-орын), Италияны (38-орын) және Испанияны (41-орын) басып озды.

Ең маңызды критерийлердің бірі — тұрғындарды әлеуметтік қолдауды бағалау. Бұл жерде тек мемлекеттік қолдау ғана емес, сонымен бірге отбасы, достары, таныстары немесе әлеуметтік, еріктілер ұйымдары көрсететін кез келген қолдау түрі де ескерілген. Осы жеке рейтингте Қазақстан әлемде төртінші орынға жайғасып, тіпті Финляндияны да басып озды.

Соңғы рейтингке сүйенсек, қазақстандықтар өздерін бақыттырақ сезіне бастаған

Зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың 95%-ға жуығы қиын сәтте сүйенетін адамы бар екенін көрсеткен. Бұл ретте жақын адамдары мен қоғамның қолдауына деген мұндай жоғары эмоционалдық сенім деңгейі (90%-дан астам) қазақстандықтарда көптеген жылдар бойы сақталып келеді.

Бақытты анықтаудың тағы бір қызықты критерийі — бостандық. Бұл көрсеткіш «Өз өміріңізде не істейтініңізді таңдау еркіндігіне көңіліңіз тола ма?» деген сұраққа оң жауап берген респонденттердің үлесін білдіреді. Қазақстанда олардың меншікті салмағы 84%-ды құрады. Бұл өте жақсы көрсеткіш деген сөз емес: өткен жылдары бұл индикатор 90%-ға дейін жететін. Еркіндік деңгейі бойынша елдер рейтингінде ҚР тек 62-орында. «Тығырыққа тірелмеудің» субъективті көрсеткіші де ел экономикасының даму деңгейіне де, адамдардың өз мемлекетіндегі мансаптық мүмкіндіктеріне де байланысты емес деп айтуға болады. Мәселен, көптеген әлеуметтік-экономикалық даму критерийлері бойынша Қазақстаннан артта қалып жатқан Қырғызстан азаматтардың еркіндігінің көрсеткіші бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Аталған елдегі респонденттердің бірден 94,5%-ы өздерінің қалай өмір сүретініне және өз өмірімен не істегісі келетініне риза екенін білдірген. Ал рейтингте 121-орында тұрған Камбоджа азаматтары өз таңдауларында бұдан да еркін сезінеді: сауалнамаға қатысқандардың 96,2%-ы жоғарыдағы сұраққа оң жауап берген.

Эмоция индексі бойынша Қазақстандықтар арасындағы сауалнама нәтижелері де айтарлықтай қызығушылық тудырады. Олар оң және теріс болып бөлінеді. Зерттеудің бұл бөлімі нақты өткен күндегі бақыт сезіміне арналған. Кеше күлімсірегенін немесе күлгенін, көңіл-күйі жақсы болғанын және қызықты іспен айналысқанын айтқан қазақстандық респонденттердің үлесі 68,6%-ды құрады. Бұл ретте соңғы 10 жылда Қазақстанда өмірге сеніммен қарайтындар саны артып келеді. Пессимистік көзқарастағы сауалнама қатысушыларының үлесі айтарлықтай аз болды: небәрі 10%. Елімізде мазасыздық, мұң немесе ашу-ыза сезімін бастан кешіретіндердің жыл санап азайып келе жатқаны қуантады. Айта кетерлігі: жағымды эмоцияларды сезінетін адамдардың ең көп үлесі жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші төмен немесе өте аз, жемқорлықты қабылдау деңгейі жоғары және әлеуметтік қолдауы орташа елдерге тиесілі. Мұндай оптимистердің ең көп бөлігі Гватемалада (84,4%), Парагвайда (84%), Сенегалда (82,3%) және Индонезияда (81,8%) тұрады.

Соңғы рейтингке сүйенсек, қазақстандықтар өздерін бақыттырақ сезіне бастаған

Сөз соңында: бақыт деңгейі бойынша елдер рейтингін 10 жылдан астам уақыт бойы БҰҰ-ға қарасты ұйымдар жүргізіп келе жатқандықтан, рейтинг деректері арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын бағалауы динамикада қалай өзгеретінін бақылауға болады. Біз үш елдің: Қазақстанның, рейтинг көшбасшысы — Финляндияның және аутсайдер — Ауғанстанның 2012 жылмен салыстырғандағы айырмашылығы түрінде өмір сүру сапасын бағалаудың көпжылдық динамикасын қарастырдық.

Адамдары ең бақытсыз елде бұл теріс айырмашылық жыл сайын ұлғайып, 2025 жылы минус 2,6 балды құрады. Яғни, жыл өткен сайын көрсеткіш төмендей берген. Индикатор әсіресе 2021 жылдан кейін қатты құлдыраған. Бұл Ауғанстандағы саяси режимнің ауысуымен, гуманитарлық дағдарыстың ушығуымен және гендерлік дискриминацияның күшеюімен тұспа-тұс келді. Егер бұл елде әйелдердің ер адамның еріп жүруінсіз көшеге шығуы ерсі саналып, көпшілік алдында өз пікірін білдіруге, сұлулық салондарына немесе спорт залдарына баруға, жоғары оқу орнында оқуға және көлік жүргізуге тыйым салынса, олардың өздерін бақытты сезінуі екіталай.

Ең бақытты ел — Финляндияда 2012 жылмен салыстырғанда өмір сүру сапасын бағалаудағы айырмашылық айтарлықтай үлкен болмады. Жалпы жоғары көрсеткіштер аясында мұны жай ғана ауытқулар деп атауға болады. Ал Қазақстанда респонденттердің өмір сүру сапасына жоғары баға беруінің динамикасы 2019 жылдан бастап байқалады. Бұл ҚР тарихындағы маңызды саяси кезең — президенттің ауысуымен сәйкес келеді.

Соңғы рейтингке сүйенсек, қазақстандықтар өздерін бақыттырақ сезіне бастаған