Қазақстанда өмір сүру ұзақтығының жоғары гендерлік алшақтығы сақталуда. 2022 жылғы статистикаға сәйкес, ҚР-да ерлердің өмір сүру ұзақтығы әйелдердікінен 8,1 жылға қысқа. Орта есеппен ерлердің өмір сүру ұзақтығы 70,3 жас, әйелдердікі 78,4 жас. 2023 жылға арналған деректер қазіргі уақытта тек жалпы өмір сүру ұзақтығы бойынша қолжетімді және 12 ай ішінде ол аздап өзгерді: 2022 жылғы 74,4 жаспен салыстырғанда 74,2 жас. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы жариялаған ұзақ мерзімді деректер динамикасы мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік береді: пандемия кезіндегі уақытша құлдыраудан кейін Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы «коронадағдарысқа» дейінгі көрсеткіштерден ұлғайды және тіпті асып кетті.
Өмір сүру ұзақтығының гендерлік айырмашылығы Қазақстанның ғана демографиялық ерекшелігі емес. OurWorldinData интернет-ғылыми басылымы сарапшыларының зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығының алшақтығын әр елде байқауға болады. Кейбір елдерде бұл аз (бар болғаны 3-4 жыл), ал басқаларында бұл өте үлкен (10 жылдан астам). OurWorldinData зерттеуіне сәйкес, бұл көптеген әлеуметтік-экономикалық факторларға — денсаулық сақтаудың даму деңгейіне, туу көрсеткішіне, өлім құрылымына, қылмыс деңгейіне және т. б. байланысты.
Гендерлік алшақтық бойынша Қазақстан экономикалық дамыған елдерден едәуір артта қалды, мұнда ерлер мен әйелдердің күтілетін өмір жасының арасындағы айырмашылық онша көп емес, ал жалпы адамдар қазақстандықтарға қарағанда 5–10 жылға ұзағырақ өмір сүреді. Мысалы, Швейцарияда 2021 жылы ерлердің өмір сүру ұзақтығы 82 жасты, әйелдердікі 85,9 жасты құрады. Олардың арасындағы айырмашылық небәрі 3,9 жыл. Кішкентай ғана Монакода бұл айырмашылық одан да аз: 3,4 жыл. Ел ондағы ер адамдардың өмір сүру ұзақтығының әлемдегі ең жоғары болуымен ерекшеленеді: 84,3 жас. Қазақстанның жақын көршілерінің ішінде ең аз гендерлік айырмашылық Өзбекстанда (5,1 жас), ең үлкен Ресейде (10,6 жас) байқалады.
Статистика растайды: Қазақстанда әйелдер ұзақ өмір сүреді және олардың саны ерлерге қарағанда көп. Жас топтары бойынша статистикалық есептерді талдау, керісінше, өмірдің басында ұлдар көп екенін көрсетеді. Туу көрсеткіші деректеріне сүйенсек, 2022 жылы ҚР-да 195,8 мың қыз және 208,1 мың ұл бала дүниеге келген (6,3% көп). Соңғы бірнеше жылда ұлдардың туу көрсеткіші қыздарға қарағанда тұрақты түрде жоғары болды.
2023 жылдың басында демографиялық пирамиданы зерттегенде біз бір жасқа дейінгі сәбилерді жеке топ ретінде анықтадық. Қазақстандағы балалар арасында да гендерлік теңсіздік бар. Елімізде 1-17 жас аралығындағы ұлдар 5,8% көп. Сандағы ерлердің артықшылығы 18–35 жас аралығындағы жастардың арасында да сақталады. Бірақ орта жаста (36–55 жас) ерлердің аздығы және әйелдердің басымдылығы (5,3%) айқын болады. 56–70 жас аралығындағы егде жастағы топта бұл айырмашылық күшейе түседі: әйелдер 28,6% көп. 71–85 жас аралығындағы қазақстандықтар арасында ерлер әйелдерге қарағанда 2 есе, ал 85 жастан асқандар тобында 3 есеге жуық аз.
Ал енді жас топтары бойынша сандардағы мұндай айырмашылықтардың себептері туралы айтайық. Әлемде көп ұл балалар дүниеге келгеніне қарамастан, туған кезде және бір жасқа дейін олардың өмір сүру мүмкіндігі осы жастағы қыздарға қарағанда төмен. Бұл тезис жынысы бойынша нәресте өлімінің көрсеткіштерімен расталады. Мәселен, 2022 жылы 1 жасқа дейінгі ұлдар арасындағы өлім көрсеткіші 8,5 болса, қыздар арасында 1 мың туылғанға шаққанда 6,8-ді құрады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл құбылыстың себептері туралы мәлімет жариялаған жоқ. Халықаралық дереккөздер осындай жағдайдың басқа елдерде де байқалуы мүмкін екенін көрсетеді, бұл ұлдардың жиі шала туылуымен түсіндіріледі, сондықтан босанғаннан кейінгі асқынулардың жоғары қаупі бар. Сонымен қатар, ер балалар жұқпалы ауруларға көбірек ұшырайды, бұл иммундық жүйенің аз дамығандығына байланысты болуы мүмкін.
Қазақстан халқының орта жас тобында айтарлықтай гендерлік алшақтықтың пайда болуы әртүрлі әлеуметтік-экономикалық факторлармен түсіндіріледі. 36–55 жас аралығындағы ерлер әйелдерге қарағанда өз-өзіне қол жұмсау, қылмыс, жол-көлік оқиғалары, өндірістік жарақат алу және жүрек-қантамыр жүйесі ауруларынан өлім-жітімнің жоғары болуы салдарынан қайтыс болады.
Осы факторлардың кейбірін қарастырайық. Мәселен, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (БП ҚС АЕК) мәліметінше, былтыр қаңтар–желтоқсанда Қазақстанда аяқталған суицидтің 3,7 мың оқиғасы тіркелген. 79,3% жағдайда қайтыс болғандар ер адамдар. Былтырғы кісі өлтіру құрбандарының саны туралы дереккөздік есептер де айтарлықтай гендерлік айырмашылықтарды көрсетеді: барлық өлтірілгендердің 68%-ы ер адамдар.
Орта және егде жастағы ерлердің қайтыс болуының өте маңызды себептерінің бірі әйелдерге қарағанда жүрек-қан тамырлары ауруларынан (ЖҚА) жиі қайтыс болуы. OurWorldinData ғылыми интернет-басылымы Қазақстанға қатысты мына мәліметтерді ұсынады: 2021 жылы ерлердегі ЖҚА-дан болатын өлім-жітім әйелдерге қарағанда 2 есе жоғары болды. Ерлер арасында көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 318,6, әйелдер арасында 166,1 болды. Бұл көршілес Орталық Азия республикалары мен Ресеймен салыстырғанда айтарлықтай аз. Дегенмен, өмір сүру ұзақтығы мен өмір сүру сапасы жоғары экономикалық дамыған елдерді алып қарасақ, Қазақстан артта қалған елдердің қатарында болады. Мысалы, Израильде ЖҚА-дан ерлердің өлім-жітім көрсеткіші небәрі 82 (ҚР-дан 4 есе дерлік аз), БАӘ-де — 75,9, Швейцарияда — 93.