Қазақстанда адам саудасына байланысты қылмыс деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (БП ҚСжАЕК) деректері бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында адам трафигіне байланысты 116 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді — 2024 жылдың қаңтар–наурыз айларындағы көрсеткішпен бірдей десе де болады (112). Бұл өте көп. Былтырғы жыл осы саладағы қылмыстардың рекордтық санымен ерекшеленгенін айта кетейік. Мұндай қылмыстар бойынша қылмыстық істердің көп болуының өзі теріс деп айтуға болмайды. Қылмыстың бұл түрінің жасырын сипатын ескеретін болсақ, керісіншесін айтуға болады.
Адам саудасына байланысты қылмыстар ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше баптарына жатады. Бұл баптар қылмыскерлердің көздеген мақсаттарына — жыныстық немесе еңбек құлдығына, балаларды сатуға, сондай-ақ барлық байланысты құқық бұзушылықтарға тікелей қатысты. Сонымен, 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы статистикаға сай тіркелген 116 қылмыстық құқық бұзушылықтың 54-і «Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» бабына қатысты. Ең жиі кездесетін қылмыстардың үштігінде «Бас бостандығынан заңсыз айыру» (20) және «Адам ұрлау» (18) баптары бойынша сараланған қылмыстар да бар. «Адам саудасы» бабына тікелей қатысты қылмыстар ересектер мен кәмелетке толмағандар бойынша 6 қылмыстан тіркелді.
Polisia.kz порталының ақпараты бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ҚР ІІМ қызметкерлері өткізген «STOP-трафик» акциясының үш күнінің өзінде осы санаттағы 40 түрлі қылмыс тіркелді. Ең сорақыларының ішінде — Қарағанды облысында анасының қыздарын қарт адамға азғындық әрекеттер жасау үшін сатуы, Абай облысының шаруа қожалықтарында құл еңбегіне пайдалану үшін адам саудасы.

2025 жылдың бірінші тоқсанында адам саудасынан зардап шеккендердің саны 34,1%-ға өсті. 59 адам жәбірленуші деп танылды, оның 84,7%-ы — әйелдер мен қыздар. «Адам саудасы» және «Кәмелетке толмағандар саудасы» баптарына қатысты қылмыстардан тікелей 19 құрбан зардап шекті, соның ішінде 11 жасқа дейінгі 5 қыз. Бұл жерде әңгіме тек жыныстық құлдықта қолданылатын қыздар туралы ғана емес, сонымен бірге сәбилердің саудасы жайлы да болып отыр. БАҚ-та, әдетте, жекелеген қылмыстық істер туралы айтылады, бірақ іс жүзінде олардың саны жетіп артылады. Балаларды баласыз ерлі-зайыптыларға сатады, бағасы 100 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін барады деп хабарлайды БҰҰ ақпараттық орталығы.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ең көп зардап шеккендер «Адамды ұрлау» және «Бас бостандығынан заңсыз айыру» баптарына қатысты ең көп таралған қылмыстар бойынша болды. Үш айда олардың саны 30 адамнан асты.

2024 жылдағы адам саудасы туралы БҰҰ баяндама авторларының аналитикалық қорытындыларына сай мұндай сатып алу-сатудың мақсаты, көбінесе, тікелей құлдық болып табылады. Әлем 200 жылдан астам уақыт бойы адам бостандығына қарсы қылмыстық көзқараспен күресіп келеді, бірақ қазіргі қоғам үшін мұндай қылмыстардың жасырын деңгейі әлі де жоғары. Құрбандардың саны бүкіл әлем бойынша ондаған мыңнан асады. Өткен жылы 31 желтоқсанда жарияланған халықаралық ұйымның есебінде 2022 жылғы сандар келтірілген. Әлемдегі жалпы тенденция мынадай: адам саудасының құрбандары санының өсуі жалғасуда. Екі жыл ішінде зардап шеккендер саны 43%-ға артты.
Баяндамада адам саудасының негізгі мақсаты бұрынғыдағыдай сексуалдық қанау емес, бірінші кезекте, мәжбүрлі еңбекке тарту екені айтылған. Бұл ретте көптеген елдерде құқық қорғау жүйесі құлға айналдырылған құрбандарды анықтауда нәтиже көрсете бермейді. Ал мұндай істер ұзақ тергеледі және сотта да ұзақ қаралады: орташа мерзімі — 3 жыл.
Бұл себептен адам саудасына қатысты істерді сотта қарау нәтижесінде жыныстық қанауға қатысты қылмыстық істер бірінші орынға шығады. 2022 жылы дүние жүзінде осы саладағы үкімдердің 70%-дан астамы жезөкшелікпен айналысуға тарту үшін адам сатуға қатысты болды. Жалпы алғанда, дәл осындай қылмыстардың үлесі 36%-ды құрайды. Деректер әлемнің 156 еліндегі 65,3 мыңнан астам құрбандардың сауалнамаларына негізделген.

Біз жоғарыда келтірген Қазақстан бойынша статистика адам трафигі проблемасының ішкі жағын ғана көрсетеді. ҚР аумағында өз елінің азаматтарын немесе жұмыс істеуге келген мигранттарды ұрлап, сататын адамдардың болуымен қатар, шетелде қиын жағдайға тап болып, зардап шеккен қазақстандықтар да бар. Олардың нақты саны белгісіз, БАҚ-та соңы жақсы аяқталған бірлі-жарым жағдайлар ғана жарияланады. Мәселен, сәуір айында Мьянмада құлдыққа түскен ҚР-ның төрт азаматы Қазақстанға оралды. Зорлық-зомбылықпен қорқытып, оларды алаяқтық байланыс орталықтарында жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Қазақстандықтардан басқа құлдықта Өзбекстанның екі азаматы және Қырғызстаннан жеті азамат болған. Зардап шеккендер ол жерге шетелде жалақысы жоғары жұмыс орындары туралы хабарландыруларға қызығып барған деп хабарлайды Baigenews.kz.
БҰҰ 2022 жылға арналған трансұлттық трафик бойынша осындай статистиканы келтіреді. Адам саудасының құрбандарының жалпы санының 31%-ы — Африкадан, 13%-ы — Шығыс Азия мен Тынық мұхиты аймағынан келгендер. Басқа елде құлдыққа түскен Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядан келген құрбандардың үлесі 8%-ды құрады. Талдау анықталған 28,5 мың адам саудасы құрбанынан алынған сауалнамалар негізінде жүргізілді.
