2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтарының көлемі 28,5 трлн теңгені құрады, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 трлн теңгеге (немесе 13,4%-ға) өскен.
Зейнетақы жинақтарының құрылымы төмендегідей:
- міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен — 26,37 трлн теңге (бір жылда 10,6%-ға өсті);
- міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен — 746,13 млрд теңге (5%-ға өсті);
- ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен — 10,43 млрд теңге (7,1%-ға өсті);
- жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен — 1,35 трлн теңге (шамамен 2,5 есе өсті).
Зейнетақы жинақтары қандай көздер есебінен ұлғаяды?
Зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс есебінен артады.
Мәселен, 2026 жылдың сегіз айында салымшылардың зейнетақы шоттарына 2,4 трлн теңге көлемінде жарна түсті, бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 15,9%-ға (немесе 334,44 млрд теңгеге) артық.
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жыл басынан бері салымшылардың шоттарына түскен таза инвестициялық табыс 1,2 трлн теңгені құрады.

Инвестициялық табыс және оның маңызы
Айта кетерлігі, инвестициялық табыс азаматтардың зейнетақы жинақтарын қалыптастырудың негізгі көздерінің бірі болып табылады. Мұны ресми деректер де растайды.
Мәселен, зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға шоғырландырылғаннан кейін, 2014 жылдан бері жинақталған таза инвестициялық табыс 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 14,6 трлн теңгеге жетті. Жүзеге асырылған төлемдерді ескергенде, оның Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі үлесі 40,6%-ды құрады. Осылайша, инвестициялық табыс азаматтардың зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда аса маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар, 2014 жылдан бастап зейнетақы қаражатын инвестициялау тиімділігінің айтарлықтай артқаны байқалады, бұл салымшылардың (алушылардың) жинақтарының жалпы көлемінің едәуір ұлғаюына ықпал етеді. Зейнетақы активтерін басқару тиімділігін ұзақмерзімді динамикада бағалау қажет екенін атап өткен жөн, ал бірнеше айдағы қысқа мерзімді нәтижелерге қарап баға беру объективті болмайды. Сондықтан инвестициялық табыс көлеміне нақты талдау жүргізу үшін кемінде бір жылдық кезеңді қарастырған дұрыс.
Тағы бір айта кетерлігі, қазақстандағы зейнетақы жинақтары азаматтардың зейнет жасындағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақмерзімді инвестициялаудың стратегиялық құралы болып табылады. Икемді инвестициялық саясатты қолдану және сенімгерлік басқарушы компаниялардың инвестициялық портфельді әртараптандыруы ұзақмерзімді перспективада инвестициялық табыстың тұрақты өсуіне ықпал етеді.
Зейнетақы активтерін кім басқарады?
Қазақстан азаматтардың зейнетақы активтерін басқару жүйесінде аз уақыт ішінде үлкен жолдан өтті. Трансформация кезеңдері төмендегі ақпараттық кестеде толығырақ сипатталған.
Бүгінде инвестициялық мүмкіндіктер айтарлықтай кеңейді, оның ішінде салымшылардың өз зейнетақы активтерін инвестициялауға қатысу мүмкіндігі де артты.
Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін инвестициялаумен ҚР Ұлттық банкі (ҰБ) және тиісті лицензиясы бар әрі уәкілетті органның талаптарына сай келетін инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) айналысады. Зейнетақы активтерін басқарушылар — ҚР ҰБ мен ИПБ зейнетақы активтерін инвестициялаудың өзіндік стратегияларын ұстанады және инвестициялық декларация шеңберінде инвестициялық портфельдің құрылымын дербес айқындайды.
- ҚР Ұлттық банкі
Зейнетақы активтерінің басым бөлігін әлі де ҚР ҰБ басқарады. Ол теңгерімді инвестициялық саясат жүргізеді: қаржы құралдарының әртүрлі түрлеріне инвестиция салып, инвестициялық портфельді валюталар, елдер, секторлар және эмитенттер бойынша әртараптандырады.
ҚР ҰБ ұсынған мәліметіне сәйкес 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша МЗЖ, МКЗЖ және ЕЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттары төмендегідей:
- ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары — 43,46%;
- квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары — 8%;
- ҚР ҰБ депозиттері — 3,42%;
- ҚР ЕДБ облигациялары — 2,53%;
- ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары — 2,14%;
- шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары — 1,75%;
- алықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары — 0,99%.
Бұдан бөлек, активтердің 37,38%-ы индекстік басқару аясында инвестицияланады. Бұл тәсіл инвестордың стратегиялық мүдделерін көрсететін бағалы қағаздар жиынтығынан тұратын эталондық портфельге бағдарлана отырып, инвестициялық портфель қалыптастыруды көздейді. Активтерді индекстік басқаруды ҰБ өз бетінше де, дамыған және дамушы елдердің облигациялары, корпоративтік облигациялар мен акциялар бойынша жекелеген субпортфельдерді басқаруға шетелдік компанияларды тарту арқылы да жүзеге асырады.
Портфельді тұрақты әртараптандыру және инвестициялау тәсілдерін кеңейту ҚР ҰБ-ға оң жинақталған табыстылыққа қол жеткізуге мүмкіндік берді. Мәселен, 2014 жылғы сәуірден (зейнетақы активтерін БЖЗҚ-ға шоғырландыру аяқталған кезден) 2026 жылғы тамызға дейінгі кезеңде зейнетақы активтерінің табыстылығы 213,6%-ды құрады, ал жинақталған инфляция 206,2% болды. 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап есептелген жинақталған инвестициялық табыстылық 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 1108,87%-ды құрады, ал осы кезеңдегі инфляция 1008,58% болды.
Инвестициялық табыстың азаматтардың зейнетақы жинақтарының 40%-дан астамын құрауы осы бағыттағы инвестициялық қызметтің жоғары тиімділігін көрсетеді.
- Зейнетақы активтерін басқарушылар
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 151,28 млрд теңгені құрады. Ағымдағы жылдың қыркүйегінде күшіне енген жаңашылдықтарды ескерсек, ИПБ портфелі алдағы уақытта кеңейе түседі.
Естеріңізге салсақ, ағымдағы жыл еліміздің зейнетақы жүйесі үшін маңызды кезең болды. 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап ҚР Әлеуметтік кодексіне енгізілген, БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарын басқару стратегиялары мен инвестициялық портфельдерін өз бетінше таңдау құқықтарын едәуір кеңейтетін өзгерістер күшіне енді. Енді салымшылар өз жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына бере алады.
Сонымен қатар салымшылар ИПБ ұсынатын тәуекел деңгейі, күтілетін табыстылығы және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін үш инвестициялық стратегияның бірін таңдай алады.
Қазіргі уақытта ИПБ-ның қолданыстағы тізіліміне қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарын басқаруды сеніп тапсыра алатын алты жеке компания кіреді:
- «Alatau City Invest» АҚ;
- «BCC Invest» АҚ;
- «Сентрас Секьюритиз» АҚ;
- «Halyk Finance» АҚ;
- «Halyk Global Markets» АҚ*;
- «Tansar Capital» АҚ.
Таңдау мүмкіндіктерінің кеңеюі азаматтардың өз зейнетақы жинақтарын инвестициялау процесіне белсенді қатысуына жол ашты. Салымшы өз қалауы бойынша зейнетақы жинақтарын бірнеше бөлікке бөліп, бір немесе бірнеше ИПБ-ны қатар таңдай алады.
* «БЖЗҚ» АҚ 01.01.2026 бастап «Halyk Global Markets» АҚ-дан 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару туралы шартты бұзу жөнінде хабарлама алуына байланысты зейнетақы жинақтарын «Halyk Global Markets» АҚ-ның басқаруына беру туралы өтініштерді қабылдамайды

Инвестициялық портал: ашықтық пен ақпараттың артуы
БЖЗҚ барынша ашық әрі есеп беретін ұйым ретінде сипатталады. Елімізде азаматтарды ақпараттандыру жүйелері мен сервистері жыл сайын кеңейіп келеді. Бүгінде зейнетақы активтерін инвестициялау және қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары туралы барлық ақпарат көпшілікке қолжетімді.
Зейнетақы активтерін басқару мүмкіндіктерімен қатар, салымшылардың қажетті ақпаратты алуына да көбірек көңіл бөлінуде.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін ҚР ҰБ немесе салымшы таңдаған ИПБ басқарғанына қарамастан, барлық салымшылардың жеке зейнетақы шоттарын жүргізіп, оларға ақпарат береді.
БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын есепке алу бойынша қызметтерді ұсынады және салымшыларға инвестициялық табысты ескере отырып, шоттарының жай-күйі туралы толық ақпарат береді, ал шоттардан үзінді көшірмелерді enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен және мобильді қосымшадан 24/7 алуға болады.
БЖЗҚ салымшылары үшін invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы да іске қосылды. Бұл ҚР ҰБ мен ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері портфельдері туралы әртүрлі деректерді бір ақпараттық алаңда салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Салымшыларға инвестициялық портфельдерді өз бетінше бағалауға, сондай-ақ өз мақсаттары мен күтілімдерін ескере отырып, инвестициялық басқарушыны және инвестициялау стратегиясын таңдауға арналған құралдар ұсынылады.
Сонымен қатар invest.enpf.kz платформасында инвестициялық портфельді басқарушылардың инвестициялық декларацияларымен танысуға, олардың қаржылық көрсеткіштерін талдауға, сондай-ақ оларға қатысты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) тарапынан әкімшілік шаралар, санкциялар және өзге де ықпал ету шаралары қолданылған жағдайда, олар туралы ақпаратты табуға болады.
Мұндай инфрақұрылым салымшыларға зейнетақы қаражатының қалай орналастырылатынын және инвестициялық нәтижеге қандай факторлар әсер ететінін түсінуге көмектеседі. Портфельдердің кірістілігі мен құрылымы туралы ақпарат басқарудың қолжетімді нұсқаларын бір ғана көрсеткіш бойынша емес, таңдалған стратегияны да ескере отырып салыстыруға мүмкіндік береді.
Ақпараттың ашықтығы қаржылық сауаттылықты арттыруға да ықпал етеді: азаматтар үшін зейнетақы жинақтары жеке шоттағы жай ғана қаражат сомасы емес, өзгеріс динамикасын бақылауға болатын түсінікті қаржылық активке айналады.
Осылайша, бүгінде зейнетақы жүйесі салымшылардың ақпаратқа қол жеткізу және өздерінің зейнетақы жинақтарын басқаратын ұйымды таңдау құқықтарын кеңейтуде. Ақпараттық инфрақұрылым мен бақылау тетіктерін дамыту зейнетақы активтерін басқарудың ашықтығын арттырып, салымшылардың мүдделерін қорғауға және азаматтардың зейнеткерлік кезеңдегі қаржылық әл-ауқатын нығайтуға бағытталған.

