Қазақстанда «фейк» ақпарат таратқаны үшін блогерлерге айыппұл салына бастады: онлайн платформалар туралы заңның алғашқы нәтижелеріне шолу

Фото: https://www.shutterstock.com/

Қыркүйек айының басында «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» жаңа заңның күшіне енгеніне бір жыл болды. Ranking.kz редакциясы жаңа ережелердің аясында интернет қолданушылары мен блогерлердің жұмысының алғашқы нәтижелерін талдап, кәсіби қоғамдастықтың заңнамалық новеллаларға деген көзқарасын білді.

Естеріңізге салсақ, заңның негізгі жаңалығы — барлық онлайн-платформа пайдаланушыларын жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту. Бұл дегеніміз, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы «фейк» хабарламаларды жариялау, блогерлердің немесе бұқаралық ақпарат құралдарының әртүрлі онлайн арналарында шын емес ақпаратпен түсініктеме беру. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте «фейк» үшін жауапкершілікті көздейтін жеке бап пайда болды. Айта кетерлігі, қылмыстық заңнамада шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат тарату туралы да бап бар. Алайда ол жерде мұндай деректер жарияланатын арналарға қатысты анықтама берілмеген және қылмыстық жазаланатын әрекетті дәл анықтайтын «елеулі зиян келтіруге» баса назар аударылады. ӘҚБтК-нің жаңа бабы деректер тарайтын онлайн-арналарды айқындайды және қарапайым пайдаланушылар мен блогерлердің «фейк» ақпараты үшін жауапкершілікті көздейді.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (БП ҚСжАЕК) есептерінен алынған деректерге сай ағымдағы жылдың қаңтар–шілде айларында Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде «Жалған ақпаратты орналастыру, тарату» ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша 77 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Әзірге ешнәрсемен салыстыра алмаймыз, өйткені өткен жылдың бірінші жарты жылдығында бұл заң жұмыс істемеді. Тіркелген құқық бұзушылықтардың көп бөлігін (67) онлайн-платформа пайдаланушылары жасаған, олар жаңалықтарға комментарий ретінде немесе посттарында қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын ақпаратты орналастырған. Блогерлер таратқан «фейктерге» тоқталсақ, 5 құқық бұзушылық тіркелді, 2 адам жауапқа тартылды.

Қазақстанда «фейк» ақпарат таратқаны үшін блогерлерге айыппұл салына бастады: онлайн платформалар туралы заңның алғашқы нәтижелеріне шолу

Тіркелген құқық бұзушылықтардың жартысынан азын (30) уәкілетті орган (ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі) қарады, тағы 38-і сотқа жетті. 50 адам жауапкершілікке тартылды. Олар айыппұл төлейді. Осы бап бойынша жеті ай ішінде өндіріп алынған қаражаттың жалпы сомасы 2,8 млн теңгені құрайды. Оның 2,5 млн теңгесі пайдаланушыларға салынған әкімшілік айыппұлдардың мөлшері. Әзірге тек 63,2% өндірілді. Атап өтсек, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны үшін немесе «фейк» аралас комментарий жазғаны үшін төленетін айыппұл сомасы отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ салады: 20 АЕК немесе 73,8 мың теңге.

ӘҚБтК бойынша блогерлер үшін айыппұл мөлшері сәл жоғары: 30 АЕК немесе 110,8 мың теңге. ҚР БП ҚСжАЕК мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың қаңтар–шілде айларында қазақстандық инфлюэнсерлерге жалған ақпарат таратқаны үшін 166,1 мың теңге айыппұл салынды. Оның 55,4 мың теңгесі өндіріп алынды. Мұндай істердің бірі бұқаралық ақпарат құралдарында белгілі болды. Қостанайлық блогер өз арнасында автомобильдердің алдыңғы әйнектерін бояу туралы жалған ақпарат жариялағаны үшін қаржылық жазаланды. Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сот инфлюэнсерге 77 мың теңге мөлшерінде айыппұл салды.

«Фейк» ақпарат үшін жауапқа тартылған қазақстандықтардың саны әлеуметтік желілер мен онлайн-арналардағы заңсыз ақпаратқа қарсы күресті үстірт қана бағалауға мүмкіндік береді. БП ҚСжАЕК есептерінде уәкілетті органға немесе сотқа жеткен істер ғана тіркелген. Пайдаланушылар мен аккаунт иелері арасындағы шағымдар деңгейінде немесе азаматтық сот ісін жүргізу бойынша қаралатын барлық басқа жағдайлар жұртшылықтың назарынан тыс қалуда. Олардың бір бөлігі «Әділ сөз» Халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының ай сайынғы бюллетендерінде жарияланады. Мысалы, маусым айында қор сарапшылары ақтөбелік әлеуметтік желі қолданушысы Темірхан Арунның жағдайы туралы айтып берді. Ер адам ұлының операциясына арнайы ақша жинап, бірақ оны сол күйі бермеген қайырымдылық ұйымы туралы пост жариялады. Қазақстандық өзі жариялаған ақпараттың шын екенін және қордың іскерлік беделіне нұқсан келтірмегенін дәлелдеу үшін екі сатыдағы соттан өтті.

Қазақстанда «фейк» ақпарат таратқаны үшін блогерлерге айыппұл салына бастады: онлайн платформалар туралы заңның алғашқы нәтижелеріне шолу

«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңдағы тағы бір маңызды жаңа талап — блогерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек және жарнамаларын таңбалау қажет. Ranking.kz редакциясы сарапшылар қауымдастығының жаңа өзгерістерге қатысты ойын талдады. Берілген жалпы баға оң болды, себебі медиа кеңістікте күн сайын маңызы артып келе жатқан блогосфера бұрын ешқандай заңнамалық бақылауға алынбады. Сарапшылардың, медиа заңгерлердің пікірінше, жауапкершіліктің енгізілуі болашақта инфлюэнсерлерді әртүрлі қаржы пирамидалары, кибербуллинг және т. б. туралы тексерілмеген ақпаратты жарияламауға мәжбүр етеді.

Жаңа заңның «сот актілерінің, құқық қорғау органдарының өтінімі негізінде уәкілетті орган сұратқан пайдаланушылар туралы мәліметтерді ұсыну» талаптары мен онлайн-жарнама туралы ережелердің декларативтілігі сынға ұшырады. Атап айтқанда, онлайн-жарнаманы таңбалау ережелерінде нақты реттеу механизмдері әлі көрсетілмеген. Яғни, блогерлерге жарнамалық хабарламаларды арнайы сөздермен белгілеу міндеттелді, бірақ олар мұны орындап жатыр ма, жоқ па, әлі түсініксіз. Техникалық тұрғыдан, блогосфераның жарнамалық хабарламалары мемлекет тарапынан белгіленбейді.

Салыстыру үшін: былтыр қыркүйек айында Ресейде де интернет-жарнаманы міндетті түрде таңбалау туралы талаптар енгізілді. Жаңа талаптарға сай жарнама берушілер мұндай хабарламаларды арнайы токендердің көмегімен Жарнамалық деректер операторында тіркеу керек. Федералдық монополияға қарсы қызмет жарнама деп санауға болатын ақпарат белгілерінің тізімін жасады. Талаптарды бұзғаны үшін айыппұл төлеу түрінде жауапкершілік қарастырылған.

Қазақстанда «фейк» ақпарат таратқаны үшін блогерлерге айыппұл салына бастады: онлайн платформалар туралы заңның алғашқы нәтижелеріне шолу

Тамыз айында Ranking.kz редакциясы соңғы бірнеше жылда инвестициялар үлесі бойынша интернет-арна жарнама берушілер арасында жетекші орынға ие болғаны туралы жазды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық жарнамалық инвестициялардың 47%-ы дәл осы онлайн-жарнамаға салынған. Басқа тарату арналарымен салыстырғанда, жарнамалық контент өндірушілерінің интернет арқылы қанша табыс табатынын қарастырайық. Орталық Азия жарнама қауымдастығының мәліметтері бойынша өткен жылы ҚР-да онлайн-жарнаманың құны 53,8 млрд теңгеге жетті. Бұл соңғы бірнеше жылдағы рекордтық көрсеткіш және басқа медиа арналармен салыстырғанда ең үлкен сома болып саналады. Небәрі бір жыл ішінде көрсеткіш 56,4%-ға артты. 2024 жылдың бірінші тоқсанында жарнама берушілер интернет-басылымдарда және әлеуметтік желілерде өз роликтерін, посттарын немесе мақалаларын жариялау үшін 10,8 млрд теңге төлеген — бұл 2023 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 35%-ға көп.

Онлайн-жарнама көлемін салыстыру үшін жалпы жарнамалық инвестицияларда елеулі үлесі бар басқа арналар бойынша да деректер келтірдік. Бұл — телевизиялық және сыртқы жарнама. Профильдік қауымдастықтың деректері бойынша осы медиа санаттарда жарияланатын жарнаманың құны 2023 жылы және ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында өсті, бірақ жалпы сома айтарлықтай аз болды.

Қазақстанда «фейк» ақпарат таратқаны үшін блогерлерге айыппұл салына бастады: онлайн платформалар туралы заңның алғашқы нәтижелеріне шолу