Қазақстан электрондық қатысу индексі бойынша үздік 30 елдің қатарына кіреді

Фото: https://www.shutterstock.com/

БҰҰ деректеріне сай электрондық қатысу индексі (E-Participation Index, EPI) бойынша 2024 жылғы елдер рейтингінде Қазақстан 27-ші орынға жайғасып, оны Армениямен бөлісті. Еліміз осы көрсеткіш бойынша тұрақты түрде үздік 30 ел қатарына еніп, рейтингке қатысатын 293 мемлекеттің арасында ең мықтылар шоғырына кірді.

Салыстыру үшін: Қазақстанмен 27-ші орынды бөліскен Армениядан бөлек ТМД-ның басқа елдері арасында Молдова бар болғаны 49-шы, Өзбекстан 53-ші, Ресей 66-шы, Әзірбайжан мен Беларусь 88-ші, Қырғызстан 94-ші, Тәжікстан 141-ші, ал Түрікменстан тіпті 189-шы орын алды.

Рейтингте Украина көш бастап тұр, Жапония мен Дания да тең дәрежеде үздік үштікке кіреді. Комор аралдары мен Солтүстік Корея нөлдік жетістіктерімен рейтингті тұйықтап тұр. Толығырақ төмендегі инфографикада.

Елдің EPI барлық басқа мемлекеттермен салыстырғанда үкімет қолданатын электрондық қатысу тетіктерін көрсетеді. Бұл шараның мақсаты қандай да бір нақты тәжірибені белгілеу емес, түрлі елдердің үкімет пен халық арасындағы, сондай-ақ адамдар арасындағы өзара әрекеттестікті барлығының игілігі үшін дамыту мақсатында онлайн-құралдарды қалай қолданатыны туралы түсінік беру.

Электрондық қатысу индексінің құрылымы:

  • электрондық ақпарат — азаматтарға қоғамдық ақпаратты ұсыну және ақпаратқа сұраныссыз немесе сұраныс бойынша қолжетімділік беру арқылы қатысуды қамтамасыз ету;
  • электрондық кеңесу — азаматтарды талқылауға тарту және мемлекеттік саясат пен қызметтерге үлес қосу;
  • электрондық шешім қабылдау — саясаттың нұсқаларын бірлесіп әзірлеу және қызмет компоненттері мен оларды ұсыну әдістерін бірлесіп шығару арқылы азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту.

Жалпы алғанда, ҚР-да азаматтарды да, кәсіпкерлерді де барынша қамту үшін цифрландыру шынымен де белсенді түрде қолданылып жатыр. Бұған жақсы бір мысал — «Монополист» базасы арқылы тарифтік және бағалық реттеу процесін автоматтандыру. Не жайлы айтылып жатқанын естеріңізге сала кетейік: 2018 жылы тарифтік және бағалық реттеу аясында ақпарат беруге байланысты бизнес шығындарын азайту үшін автоматтандырылған жүйе — «Монополист» базасы ендірілді. Бұл бағдарламалық өнімді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) табиғи монополиялар субъектілері (ТМС) мен қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің (ҚМНС) ақпаратын, хабарламалары мен есептерін өңдеу үшін әзірлеген.

Қазақстан электрондық қатысу индексі бойынша үздік 30 елдің қатарына кіреді

«Монополист» базасы арқылы автоматтандыру халық үшін тариф қалыптастыру процестерін мейлінше ашық етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтты және Қазақстанның цифрлық трансформациясын ілгерілете түсті. Мәселен, бұрын ТМС өтінімдер мен есептерді қағаз түрінде беретін. Құжаттарды тігіп, нөмірлеу және үлкен көлемде ұсыну қажет болды, бұл көп уақыт пен еңбекті қажет ететін әрі шығынды процесс болатын. Бұл ретте бұл материалдарға уәкілетті орган қызметкерлері мен монополистердің өздері ғана қол жеткізе алды, бұл ҚР азаматтары үшін процестің ашықтығын шектеді.

Сонымен қатар, 2023 жылы «Монополист» базасының жаңартылған нұсқасы қолданысқа енгзілді, бұл ТМС-ті цифрландырудың жаңа дәуіріне айналды. Бұрын ТМС мен ҚМНС өтінімдері мен есептері базаға сканерленген құжаттар түрінде жіберілетін. Жаңартылған базада монополист субъектілердің тарифтік сметалары мен инвестициялық бағдарламаларының деректері жүйеге цифрлық форматта енгізіледі.

«Монополист» базасы тарифтер мен баға қалыптастырудың ашықтығын арттыру үшін құрылды. Енді интернетке кіре алатын кез келген пайдаланушы субъектілердің құжаттарын monopolist.gov.kz сілтемесі бойынша қарай алады, онда монополистер ұсынатын өтінімдер, есептер және басқа да ақпарат қолжетімді.

Базаны ендіру нәтижелері:

  • базада қазірдің өзінде 1 800-ден астам табиғи монополиялар субъектісі тіркелген;
  • жүйе арқылы 16 000-ға жуық құжат тапсырылып, өңделді.

База жетілу үстінде және функционалын кеңейтіп жатыр. Цифрландырудың және мемлекеттік деректер базаларымен интеграцияланудың арқасында жүйенің жаңартылған нұсқасы мынаны қамтамасыз етеді:

  • ТМС тіркелімін жүргізу;
  • тарифтік сметаларды, инвестициялық бағдарламаларды және олардың есептілігін бекітуге өтінімдерді қарауды автоматтандыру;
  • «МҚК» ААЖ-мен интеграциялау арқылы инженерлік желілерге қосылуға және техникалық шарттарды беруге өтінімдерге мониторинг жүргізу;
  • жария тыңдаулардың өткізілуі және олардың қорытындысы туралы жаңалықтарды жариялау.

Сонымен қатар деректердің дәлдігі мен процестің ашықтығын арттыру үшін жүйе бірқатар мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланған. Толығырақ төмендегі инфографикада берілген.

Қазақстан электрондық қатысу индексі бойынша үздік 30 елдің қатарына кіреді