Қазақстанда мектепке дайындық шығындары азық-түлік емес тауарларға жұмсалатын орташа шығындардан төрт есе жоғары
Мектепке дайындық маусымы қарсаңында Ranking.kz редакциясы 1 қыркүйекке дейін оқушы балаларға барлық қажетті керек-жарақ, киім-кешек пен аяқ киім сатып алу үшін ата-аналарға қанша ақша дайындау керек екенін есептеп шықты. Шолу Қазақстанның әртүрлі қалаларындағы баға саясатында үлкен айырмашылықтары жоқ бөлшек сауда нысандарының екі санаты бойынша жасалды. «Детский мир», Ostin, Kari kids, DeFacto, Marwin сияқты дүкендер желісіндегі және елімізде танымал Wildberries және Kaspi.kz маркетплейстеріндегі бағаларды қарадық. Түрлі өңірлердегі тауарлардың баға айырмашылығына байланысты киім базарларындағы және шағын бөлшек сауда дүкендеріндегі баға ескерілмеді.
Мектепке ең қажетті сатып алулар тізіміне біз ҚР-да бекітілген стандарт негізіндегі мектеп формасы, сонымен қатар күнделікті және спорттық аяқ киім, дене шынықтыруға арналған форма, ортопедиялық арқасы бар рюкзак және кеңсе тауарларының жиынтығын қостық. Соңғысы талап етілетін минимумның мысалы ретінде бастауыш мектеп үшін алынды. Ол орта және жоғары сынып оқушыларына арналған пәндерді есепке алмайды — әр сыныпта керек-жарақ жиынтығына қойылатын талаптар әртүрлі.
Нәтижесінде 25 маусымдағы жағдай бойынша, аталған заттардың жалпы құны 100 мың теңгені құрады. Ұлдар мен қыздардың заттарының бағасындағы айырмашылық шамалы болып шықты, бірақ дүкендер мен маркетплейстердегі сауда құнының айырмашылығы шамамен 10 мың теңге болды. Интернетте мектеп формасы мен керек-жарақтарын сатып алу арзанырақ — ұл балаға 95,8 мың теңге, қыз балаға 96,3 мың теңге болса, дүкендер желісінде ұлдарға арналған ең төменгі мектеп жиынтығының құны 105,5 мың теңге, қыздардікі — 105,6 мың теңге.
100 мың теңге соңғы сома емес. Есептеу әдісі басқа шығындарды есепке алмаған: мұғалімге арналған гүл шоғы, жұмыс және пән дәптерлері, шұлық, бантиктер, шаш қыстырғыштары, қыздарға арналған ақ гольф немесе колготки, күзгі сырт киім, жарты маусымдық туфли, сынып қорына ата-аналар комитеті жинайтын ақша және т. б.
Тұтыну бағасының индексіне сүйенсек, балалар киімі, аяқ киім және кеңсе тауарлары орташа алғанда азық-түлік емес тауарларға қарағанда қымбатырақ. Мәселен, биыл мамыр айында бұл кеңейтілген топ бойынша инфляция деңгейі 117,2% болса, балалар киіміне — 118,7%, аяқ киімге — 120,1%, кеңсе тауарларына — 167,5% болды.
Балалар тауарларының санаттары бағасының өсу динамикасы оқу маусымына байланысты емес, керісінше жалпы инфляциямен синхронды. Яғни, айтарлықтай өсім жазда емес, 2022 жылдың соңы — 2023 жылдың басында байқалды. Жалғыз ерекшелік, мүмкін, былтыр тамыз айында кеңсе тауарлары бағасының күрт секіруі деп санауға болады. Оқу маусымы басталар алдында кеңсе тауарларының баға индексі шілде айымен салыстырғанда 148,5%, жылдық мәнде 160,5% (яғни өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда) құрады. Дегенмен, дәптер, қалам, қарындаш және мектепке қажетті басқа да заттардың өте жоғары баға индекстері әлі де сақталуда.
Қазақстандықтардың жалақысының сатып алу қабілетінің теріс көрсеткіштерін ескере отырып, биыл қазақстандықтар үшін балаларды мектепке жинау қиынырақ болады деп болжауға болады. Еске салайық, ҚР-дағы жалақы іс жүзінде өскен жоқ, тіпті төмендеді. Биыл қаңтар–наурыз айларында нақты жалақы индексі небәрі 99,4%-ды құрады.
2023 жылдың бірінші тоқсанында орташа айлық атаулы жалақы 340,6 мың теңгені, медианды (яғни, «орташа қазақстандықтардың» жалақысы) 225,7 мың теңгені құрады. Бұл ретте тұтынуға жұмсалған шығындардың есептік деңгейі бір адамға айына 80,2 мың теңгені құрады. Оның 19,6 мың теңгесі азық-түлік емес тауарларға жұмсалды. Осылайша, ата-аналардың киім-кешек, аяқ киім және кеңсе тауарларының ең аз жиынтығына жұмсалған құны азық-түлік емес тауарлардың орташа айлық құнынан төрт есе жоғары.
100 мың теңгенің көптеген отбасылардың отбасылық бюджеті үшін өте көп екенін мына цифрлар да растайды: ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 16 жасқа дейінгі балалары бар отбасылардың 77,6%-ы жан басына шаққанда 100 мың теңгеге дейін тұтынуға жұмсайды. Айына 100 мыңнан 150 мың теңгеге дейін ақша жұмсауға мүмкіндігі бар балалары бар отбасылар небәрі 15,8%, 150 мыңнан көп жұмсай алатындар үлесі 6,6%.
Көп балалы отбасыларда жағдай нашар. Төрт және одан да көп баласы бар барлық үй шаруашылықтарының 19%-ы бір адамға айына 10 мыңнан 40 мың теңгеге дейін жұмсайды. Көп балалы отбасылардың жартысына жуығында (47,9%) тұтынуға пайдаланылатын жан басына шаққандағы орташа табыс 40 мыңнан 60 мың теңгеге дейін ауытқиды. Көп балалы отбасылардың 4,2%-да ғана адам басына 100 мың теңгеден астам ақша жұмсай алатын мүмкіндігі бар.
Аз қамтылған отбасыларға балаларын мектепке дайындауға көмектесу үшін Қазақстанда «Жалпыға міндетті білім беру» қоры жұмыс істейді. Одан 1 қыркүйекке дейін ата-аналарға материалдық көмек аударылады. ҚР Білім министрлігінің мәліметінше, өткен жылы әлеуметтік осал санаттағы 475 мың баланың ата-анасы қолдауға ие болды.
Төлемдер мөлшері әр өңірде жеке бекітілген, бірақ ол 37,4 мың теңгеден кем болмауы керек. Кейбір облыстар мен қалаларда төлемдердің көлемі сәл жоғары. Мәселен, Алматыда өткен жылдың қыркүйек айында әрқайсысына 40 мың теңгеден, Ақмола облысында 43 мың теңгеден төлеген.