Өсім терапиясы: Қазақстанда дәрілік заттар өндірісі бір жылда 23%-ға артты

Фото: https://www.shutterstock.com/

Қазақстанда фармацевтикалық өнімдер нарығының сыйымдылығы өсіп келеді. Соңғы екі жылда сатылған фармацевтикалық тауарлардың ақшалай көлемі 31%-ға артып, 1,3 трлн теңгеге жетті, бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі (ДСМ) хабарлады. Нарық тек қаржылық тұрғыдан өсіп қана қоймай, оған қатысушылардың құрылымы да өзгеруде. Қолда бар деректер негізінде соңғы бірнеше жылда Қазақстандағы дәрі-дәрмек және өзге де фармацевтикалық өнімдер өндірісінің қалай өзгергенін қарастырайық.

Ең алдымен, отандық өндірістен бастайық. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректеріне сәйкес 2026 жылдың алғашқы үш тоқсанында негізгі фармацевтикалық өнімдердің өндіріс көлемі 172,4 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 22,7%-ға жоғары (140,5 млрд теңге).

Қазақстандағы фармацевтикалық өнімдер өндірісінің көлемі сыртқы факторлар мен мемлекеттік саясаттың ықпалымен айтарлықтай өзгеріп отырды. Өндіріс көлемі 2021 жылы ең жоғары көрсеткішке (198,7 млрд теңге) жетті, бұл кезеңде компаниялар пандемия кезінде қажетті вакциналарды, жаңа дәрілік препараттарды және өзге де өнімдерді өндіруді қолға алды. Кейінгі жылдары аурушаңдық деңгейінің төмендеуіне байланысты өндіріс көлемінің қысқаруы заңды құбылыс болды. Сала тұрақты өсу қарқынына 2024 жылы қайта оралды, бұл кезеңде мемлекет отандық өндірушілерді ынталандырудың жаңа тетіктерін енгізіп, жаңа дәрілік препараттарды тіркеу мерзімдерін қысқартты, сондай-ақ мемлекеттік ауруханалар үшін дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалатын шығындарды арттырды. Аталған шаралардың нәтижесінде екі жарым жыл ішінде Қазақстанда фармацевтикалық препараттардың отандық өндірісі айтарлықтай ұлғайып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 191,2 млрд теңгеге жетті.

Фармацевтика өнеркәсібінің негізгі қозғаушы күші бұрын да, қазір де дәрілік препараттар өндірісі болып табылады. Биылғы жылдың тоғыз айында олардың ақшалай мәндегі өндіріс көлемі 158,1 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларымен салыстырғанда 24,4%-ға жоғары (127,1 млрд теңге).

Өндіріс көлемі мен өнімнің құны ғана емес, ең бастысы, сапасы да артып келеді. Бұл мәселеде реттеуші органның рөлі ерекше. ҚР ДСМ деректеріне сәйкес соңғы жылдары елімізде өндірілетін дәрілік препараттарға да, импортталатын фармацевтикалық өнімдерге де мемлекеттік бақылау күшейтілді. Жоспардан тыс сынамалар алу тетіктері, жедел ден қою шаралары енгізіліп, өрескел заңбұзушылықтар анықталған жағдайда лицензияны қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылды.

Өсім терапиясы: Қазақстанда дәрілік заттар өндірісі бір жылда 23%-ға артты

Отандық өндірушілер қазақстандық фармацевтикалық нарықтағы өз позицияларын біртіндеп нығайтып, дәріхана желілерінде де, госпитальдық секторда да қатысу аясын кеңейтіп келеді. ҚР ДСМ деректеріне сәйкес фармацевтикалық өнімдердің жалпы нарығындағы (бөлшек сауда желілері мен госпитальдық секторды қоса алғанда) қазақстандық өндірушілердің үлесі өткен жылы 38,8%-ды құраса, 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында 42%-ға жетті. Қазақстанда тіркелген әрбір төртінші дәрілік препарат отандық фармацевтикалық кәсіпорындарда өндіріледі.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы дәрілік заттардың бөлшек және госпитальдық сатылым көлемі бойынша үздік 20 компанияның қатарына елімізде өндірістік қуаттары бар сегіз компания енді. PharmaXplorer аналитикалық жүйесінің зерттеу деректеріне сүйенсек, 2025 жылы қазақстандық дәрілік заттар нарығындағы жетекші 20 фармацевтикалық компанияның жиынтық үлесі 54,1%-ды құрады. Ақшалай мәндегі сатылым көлемі бойынша Santo компаниясы 5,1% үлеспен көш бастады. Бұл ірі өндіруші антибиотиктерді, неврологиялық, кардиологиялық және басқа да ауруларды емдеуге арналған препараттарды қоса алғанда, 380-нен астам дәрілік зат түрін шығарады. Нарықтағы үлесі бойынша алғашқы бестікке Қазақстанда танымал «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» (4,8%) және Roche (3,2%) компаниялары да енді. Үздік 20 компанияның қатарында «АстраЗенека» (3,1%), «Қарағанды фармацевтикалық кешені» (2,5%), «Такеда Қазақстан» (2,4%), «Байер КАЗ» (2%) және «Абди Ибрахим Глобал Фарм» (2%) бар.

Өсім терапиясы: Қазақстанда дәрілік заттар өндірісі бір жылда 23%-ға артты

Өндіріс көлемінің артуы мен отандық өндірушілердің нарықтағы позицияларының нығаюы салаға қомақты инвестициялар тартудың нәтижесінде мүмкін болды. ҚР ДСМ деректеріне сай фармацевтикалық өндіріс саласына салынған инвестициялар көлемі қарқынды өсіп келеді: 2023 жылы инвестиция көлемі 46,9 млн АҚШ долларын құраса, 2024 жылы екі есеге жуық өсті, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық 142,8 млн АҚШ долларына жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында фармацевтика өнеркәсібін дамытуға 36,7 млн АҚШ доллары инвестицияланды, бұл инвестициялық белсенділіктің жоғары қарқыны сақталып отырғанын көрсетеді. Қаржылық серпінге жаңа өндірістік желілерді іске қосу ғана емес, сонымен қатар қолданыстағы өндірістік қуаттарды GMP стандартының талаптарына сәйкестендіру және таңбалау жүйелерін енгізу қажеттілігі де ықпал етуде, бұл талаптарды орындамайынша, ЕАЭО нарықтарына шығу және мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкін емес.

Алдағы жылдары фармацевтика саласы дамудың жаңа кезеңіне қадам басады. Үкімет ірі компаниялармен жалпы сомасы 862 млн АҚШ долларын құрайтын сегіз инвестициялық келісімге қол қойды. Бұл туралы ҚР ДС министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Еліміздің бірнеше қаласында жаңа өндіріс орындарын салу жоспарланып отыр, онда дәрілік препараттардың 500-ге жуық түрі шығарылатын болады. Инвестициялық жобалардың географиясы фармацевтика өнеркәсібінің жаңа орталықтары қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Инвестициялық жобалардың бірнешеуі Алатау қаласында жүзеге асырылады. «Khan Tengri Biopharma» ЖШС Алматы облысындағы жаңа қалада зауыт салуға және оны жабдықтауға 103,4 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ зауыты 39,2 млрд теңге инвестиция көлемімен «ПИТ Алатау» арнайы экономикалық аймағына көшіріледі. АЭА аумағында тағы бір фармацевтикалық кәсіпорын — «МСП-Ромфарм» ЖШС инвесторы салатын зауыт бой көтереді. Өндіріс географиясы Алматы облысынан тыс жерлерде де кеңейеді: Қомақты қаражат Қарағанды қаласына («Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС — 42,5 млрд теңге) және Шымкент қаласына («Химфарм» АҚ — 39,5 млрд теңге) бағытталады.

Өсім терапиясы: Қазақстанда дәрілік заттар өндірісі бір жылда 23%-ға артты

Өндіріс көлемі мен инвестициялардың артуы қазақстандық фармацевтикалық өнімдердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін бағалауға мүмкіндік береді. Қазақстанда өндірілген дәрілік препараттар бүгінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Молдова және Болгария елдеріне экспортталуда. Биыл Шымкент қаласындағы «Химфарм» зауыты GMP сертификатын алды, бұл сертификат компанияға Еуропалық одақ елдерінің нарықтарына экспорттауға жол ашады. ҰСБ деректеріне сәйкес соңғы бес жылда шетелге жөнелтілген фармацевтикалық өнімдердің ақшалай көлемі шамамен 26%-ға өсіп, 78,3 млн АҚШ долларына жетті. Биылғы жылдың сегіз айында фармацевтикалық өнімдер экспорты 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларымен салыстырғанда 25,1%-ға артып, 58,3 млн АҚШ долларын құрады. Бұл өсімге шикізат экспорты емес, негізінен дайын өнімдер ықпал етті: технологиялық күрделілігі жоғары тауарлардың экспорты екі есеге жуық өсіп, 13,6 млн АҚШ долларынан 26,4 млн АҚШ долларына жетті. Қазіргі уақытта жоғары технологиялық фармацевтикалық экспорт саланың жалпы валюталық түсімінің жартысына жуығын (45,3%) құрайды.

Қазақстанның экспорттық картасында өңірлер арасында айтарлықтай айырмашылық байқалады. Сыртқы сауданың негізгі қозғаушы күші — Алматы қаласы, оның үлесіне экспорттық түсімнің үштен бірінен астамы, яғни 21,2 млн АҚШ доллары тиесілі. Биылғы жылдың фармацевтикалық өнімдер экспорты саласындағы басты жаңалығы — Астана қаласының көрсеткіші болды: бір жыл ішінде елордадан экспортталған өнім көлемі 13 еседен астам өсіп, 1,1 млн АҚШ долларынан 14,7 млн АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар осы кезеңде Қарағанды облысынан экспорт көлемі күрт төмендеп, Шымкент қаласында 13,6%-ға қысқарды.

Өсім терапиясы: Қазақстанда дәрілік заттар өндірісі бір жылда 23%-ға артты