Қазақстанда 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылды. Экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес салаларды дамыту үдерісі жалғасып жатқан жағдайда ел экономикасында оң динамика сақталды. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке тұрақты әрі сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету бағытында атқарылатын жұмыстарды күшейтуді тапсырған болатын.
2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4,2%-ға өсті. Экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші 5,4%-ға өскен шикізаттық емес сектор болды.
Салалар арасында өсімнің ең жоғары қарқыны мына бағыттарда тіркелді:
- құрылыс — 11,5%-ға;
- өңдеу өнеркәсібі — 8,6%-ға;
- көлік — 7,2%-ға;
- сауда — 6,2%-ға;
- ауыл шаруашылығы — 5,8%-ға.
Экономиканы әртараптандыру оның шикізат секторына тәуелділігін төмендетеді
Тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі өсімнің баяулауына, соның ішінде мұнай өндіру көлемінің 8,6%-ға қысқаруына қарамастан, оң динамика сақталып отыр. Бұл экономикалық өсімді қамтамасыз етуде басқа салалардың рөлі артып келе жатқанын көрсетеді.
Құрылымдық өзгерістердің бір көрсеткіші — Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі (ЖІӨ) мұнай секторы үлесінің азаюы. 2010 жылы бұл көрсеткіш 16,5%-ды құраса, 2025 жылы 7,8%-ға дейін төмендеді.
Өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы орны нығайып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша оның елдің ЖІӨ үлесі 14%-дан асып, соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне жетті.
Өңдеу өнеркәсібінің өзінде де оң динамика байқалады. 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында мына бағыттар бойынша ең жоғары өсім тіркелді:
- дайын металл бұйымдарын өндіру — 34,8%-ға;
- фармацевтика өнеркәсібі — 30,9%-ға;
- автомобиль жасау — 29,9%-ға;
- химия өнеркәсібі — 23,4%-ға;
- электр жабдықтарын өндіру — 20,7%-ға;
- резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру — 18,1%-ға;
- азық-түлік өнімдерін өндіру — 13,8%-ға.
Өңдеу өнеркәсібінің бірнеше саласында қатарынан байқалған өсім өндірістік базаның кеңейіп, шикізаттық емес бағыттардың ел экономикасына қосатын үлесінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Инвестициялар — экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің бірі
Экономикалық белсенділікті қолдауда инвестициялар маңызды рөл атқарып келеді. 2026 жылдың тоғыз айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16,1 трлн теңгені құрап, өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 7%-ға өсті.
Айта кетерлігі, инвестиция көлемінің өсуіне жеке инвестициялар елеулі үлес қосты. Олардың көлемі 18,2%-ға артты.
Инвестиция көлемінің ең жоғары өсімі мына салаларда тіркелді:
- өңдеу өнеркәсібі — 40,1%-ға;
- құрылыс — 32%-ға;
- ақпарат және байланыс — 29,2%-ға;
- денсаулық сақтау — 20,4%-ға;
- ауыл шаруашылығы — 9,1%-ға.
Осылайша, инвестициялық белсенділік дәстүрлі өндіріс салаларын ғана емес, цифрлық даму мен әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымға қатысты бағыттарды да қамтиды. Жеке инвестициялар көлемінің артуы экономиканы дамытуға бизнестің қатысуы кеңейіп келе жатқанын да айғақтайды.

Экономикалық өсім бюджет кірістеріне де әсер етеді.
Экономикалық белсенділіктің артуы мемлекеттік бюджет кірістерінің өсуінен де байқалады. 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында трансферттерді есепке алмағанда, мемлекеттік бюджет кірістері 20,2 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 16,3%-ға, яғни, 2,8 трлн теңгеге өсті.
Салық түсімдері 18,2%-ға өсіп, 19,3 трлн теңгеге жетті.
Жекелеген салық түрлері бойынша көрсеткіштер мынадай:
- корпоративтік табыс салығы (КТС) — 4 640,4 млрд теңге, өсім — 11,5%;
- жеке табыс салығы (ЖТС) — 2 289,7 млрд теңге, өсім — 6,2%;
- әлеуметтік салық — 1 272,5 млрд теңге, төмендеу — 8,1%;
- қосылған құн салығы (ҚҚС) — 5 921,3 млрд теңге, өсім— 37,3%;
•акциздер — 903,4 млрд теңге, өсім — 20,8%; - пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚӨС) — 1 307,8 млрд теңге, өсім — 57,9%;
- импорттық кедендік баждар — 385 млрд теңге, өсім — 0,7%;
- шикі мұнайға салынатын кедендік баждар — 1 586,9 млрд теңге, өсім — 30,7%.
Экономикалық өсімнің артында не тұр?
2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы экономикалық өсімнің қарқыны мен сапасына қатар мән беру қажеттігін көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінің дамуы, жеке инвестициялардың артуы және түрлі салалардағы өндіріс көлемінің ұлғаюы шикізат нарығындағы жағдайға тәуелділігі төмен, орнықты экономикалық модельді қалыптастыруға негіз болады.
Сондай-ақ жекелеген салалардағы өсім көрсеткіштері ғана емес, қол жеткізілген нәтижелерді ұзақ мерзімде сақтап қалу да маңызды. Ол үшін инвестициялар жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуға, жұмыс орындарын ашуға, еңбек өнімділігін арттыруға және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ықпал етуі қажет.
Осылайша, басты міндет — қол жеткізілген өсу қарқынын сақтап, экономиканың сапалы дамуын қамтамасыз ету. Президент Үкіметке экономиканы әртараптандыруды күшейту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жеке инвестицияларды тарту және тұрақты экономикалық өсімге жағдай жасау жөнінде бірнеше рет тапсырма беріп, осы міндеттерге назар аударған болатын. Сайып келгенде, өндірістік базаны кеңейту және шикізаттық емес салаларды нығайту Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді орнықтылығының негізіне айналуы тиіс.


