Қызмет көрсету саласындағы қымбатшылық инфляцияға алып келеді. Қандай санаттар бойынша бағалар шарықтады?

Фото: https://www.shutterstock.com/

Елімізде инфляция деңгейі баяулап жатыр. Мәселен, ағымдағы жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша көрсеткіш 2023 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда, 8,3%-ды, ал тамызда 8,4%-ды, шілде айында 8,6%-ды құрады. Ал бір жыл бұрын инфляция 11,8%-ға жеткен болатын.

Тауарлар мен қызметтердің түрлі санаттары бойынша тұтыну бағасының өсімі әртүрлі. Инфляцияға ең көп немесе ең аз әсер ететін санаттарды анықтайық.

Жылдық динамикада азық-түлік тауарларының бағасы орташа есеппен 5,1%-ға өсті, мұндағы негізгі үлесті алкоголь мен темекі өнімдері (жылына 13% қосылды) құрады, ал азық-түлік пен алкогольсіз сусындар 2023 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда, тек 4,8%-ға қымбаттады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар едәуір қымбаттады: бір жылда 7,6% қосылды.

Бағаның ең елеулі өсімі қызмет көрсету саласында байқалды: баға бір жыл ішінде 13,6%-ға қымбаттады. Осы сегментте тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің ақысы айтарлықтай шарықтады: бір жылда бірден 15,6% қосылды.

Бөлек салалар тұрғысынан алсақ, демалыс және мәдениет саласында қымбаттаудың жоғары деңгейі байқалды: баға бір жылда 18,2%-ға өсті. Ал бағаның ең аз өсуі көлік секторында байқалды: бір жылда бар болғаны 5,1%-ға қымбаттады.

Қызмет көрсету саласындағы қымбатшылық инфляцияға алып келеді. Қандай санаттар бойынша бағалар шарықтады?

Бәрінен де қатты қымбаттаған қызметтерді толығырақ қарастырайық. Тұрғын үй-коммуналдық саласында бағаның едәуір өсуі орталық жылыту секторында байқалды, бір жылда 33%-ға қымбаттап отыр. Суық сумен жабдықтау қызметтері 29,4%-ға, электр энергиясы мен су бұру қызметтері 24%-ға қымбаттады. Жалпы бұл салада бағаның өсуі түсінікті жәйт: елімізде Қазақстанның әбден тозығы жеткен коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту үшін қажетті «инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасы жұмыс істейді.

Мәдениет және демалыс саласындағы жағдай мынадай: мұқият қарасақ, мұнда негізінен тауарлардың қымбаттағанын байқаймыз (мысалы, фотоаппаратура және ақпаратты өңдеуге арналған жабдықтар бір жылда бірден 39,8%-ға қымбаттаған), ал сектордағы қызметтер небәрі 10,2%-ға өскен. Алайда, олардың кейбіреулері айтарлықтай қымбаттаған. Мәселен, жаттығу залдары қызметтерінің бағасы бір жылда 13,6%-ға, балалар аттракциондарының бағасы 15%-ға өсті.

Бағаның шарықтауы тағы қай жерде байқалды? Мысалы, ересектерге арналған білім беру сегментінде баға бір жылда бірден 18,8%-ға көтерілді, ал білім беру саласы бойынша қызметтер орта есеппен бар болғаны 8,7%-ға өсті. Байланыс қызметтері 15%-ға, оның ішінде интернетке қолжетімділік 14,1%-ға, ұялы байланыс қызметтері 20,9%-ға қымбаттады.

Қымбатшылық әуе көлігі саласында да байқалды: бір жылда 16,8%-ға қымбаттаған. Ал теміржол және автомобиль көлігі қызметтері бір жылда тек 9%-10%-ға қымбаттады. Атап айтқанда, қалалық таксилер мен автобустардың қызмет ақысы бір жылда 11%-12%-ға, ал алыс қашықтыққа (басқа қалаларға) қатынайтын жолаушылар көлігінің қызметтері небәрі 3,9%-ға қымбаттады. Жеке көлік құралдарын пайдалану саласында да баға аса көтеріле қойған жоқ: бір жылда тек 1,8%-ға өсті.

Сақтандыру саласында мынадай қызық жағдай қалыптасты: сала бойынша қызметтердің құны орта есеппен 4,3%-ға төмендеді, туристерді медициналық сақтандыру сегментінде бірден 18,4%-ға арзандау байқалды, ал автосақтандыру саласында баға бір жыл ішінде 7%-ға көтерілді.

Түйіндей келе, көлік секторында және сақтандыру саласында бағаның айтарлықтай шарықтай қоймағанын аңғарамыз. Толығырақ кестеде берілген.

Қызмет көрсету саласындағы қымбатшылық инфляцияға алып келеді. Қандай санаттар бойынша бағалар шарықтады?