Осы материалда Қазақстанда коммуналдық қызметтер тарифтерінің қалай белгіленетінін және бұл жүйенің қандай тетіктер арқылы реттелетінін қарастырамыз. Алдымен жылумен жабдықтау және электр энергиясымен қамту мәселесіне тоқталып, кейін газбен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне көшеміз.
Жылу энергиясы
Жылу энергиясына арналған тарифтің құрылымы мынадай:
- өндіріс — 60%;
- тасымалдау және бөлу — 37%;
- сату — 3%.
Яғни, жылумен жабдықтау үшін төленген әрбір 100 теңгенің 60 теңгесі жылу энергиясын өндіруге жұмсалады, 37 теңгесі оны тұтынушыға дейін жеткізуге кетеді, ал қалған 3 теңге сату шығындарын құрайды. Осы қағидат бойынша әрі қарай басқа да реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтерінің қалай белгіленетінін көрсетеміз.
Енді жылу энергиясын өндіру және тасымалдау кезінде қалыптасатын шығындарға тоқталайық.
Жылу энергиясын өндіруге жұмсалатын шығындардың құрылымы:
- отын (көмір, газ, мазут, электр энергиясы) — 60%;
- еңбекақы қоры — 15%;
- инвестициялар — 6%;
- өзге шығындар — 19%.
Жылу энергиясын тасымалдауға және бөлуге жұмсалатын шығындардың құрылымы:
- еңбекақы қоры — 26%;
- инвестициялар — 21%;
- нормативтік шығыстар — 23%;
- өзге шығындар — 31%.

Электр энергиясымен жабдықтау
Электр энергиясына арналған тарифтің құрылымы:
- Бірыңғай сатып алушының бағасы + электр қуатының дайын болуын қамтамасыз ету қызметі — түпкілікті бағаның орта есеппен 61%-ы;
- электр энергиясын беруге жұмсалатын шығындар — 35%;
- жабдықтау үстемеақысы — 4%.
Электр энергиясын беру қызметтеріне жұмсалатын шығындардың құрылымы:
- электр энергиясын сатып алу шығындары — 18%;
- еңбекақы қоры — 22%;
- инвестициялар — 25%;
- өзге шығындар — 35%.
Бөлшек шекті бағаларды саралау үшін тұтынушылар мынадай топтарға бөлінеді:
I — электр энергиясын жеке қажеттіліктері үшін пайдаланатын тұрмыстық тұтынушылар;
II — электр энергиясын тұрмыстық емес мақсаттарда пайдаланатын тұтынушылар;
III — мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғалар.

Газбен жабдықтау
Тауарлық газ бағасының құрылымы:
- тауарлық газдың көтерме бағасы — түпкілікті бағаның орта есеппен 84%-ы;
- газ тарату жүйесі арқылы тауарлық газды тасымалдау шығындары — 12%;
- жабдықтау үстемеақысы — 4%.
Газ тарату жүйесі арқылы тауарлық газды тасымалдау қызметтеріне жұмсалатын шығындардың құрылымы:
- еңбекақы қоры — 35%;
- инвестициялар — 30%;
- өзге шығындар — 35%.
Тұтынушылар тобы:
I — газ тарату жүйесі бойынша тауарлық газды бөлшек сауда арқылы сатып алатын тұрмыстық тұтынушылар (халық);
II — халық үшін жылу энергиясын өндіруге тауарлық газ сатып алатын жылу-энергетикалық компаниялар (ЖЭК);
III — заңды тұлғалар үшін жылу энергиясын өндіруге тауарлық газ сатып алатын ЖЭК;
IV — электр энергиясын өндіруге тауарлық газ сатып алатын ЖЭК;
V — өзге топтарға енбейтін тұтынушылар;
VI — бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етілетін бюджеттік ұйымдар;
VII — өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін, сондай-ақ мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында тауарлық газ сатып алатын, газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін тізімге енгізілген заңды тұлғалар;
VIII — кейіннен тұтынушыларға сату мақсатында сығылған және (немесе) сұйытылған табиғи газ өндіру үшін тауарлық газ сатып алатын заңды тұлғалар;
IX — мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және (немесе) тұрғын үй көмегін алатын тұрмыстық тұтынушылар;
X — ірі коммерциялық тұтынушылар;
XI — цифрлық майнингпен айналысатын немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіретін тұлғалар;
XII — жекелеген ірі коммерциялық тұтынушылар.

Сумен жабдықтау
Сумен жабдықтау тарифінің құрылымы:
- электр энергиясын сатып алу шығындары — 18,43%;
- суды «Қазсушар» РМК-дан сатып алу шығындары — 17,06%;
- еңбекақы қоры — 28,27%;
- инвестициялар — 22,15%;
- ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу шығындары — 2,16%;
- өзге шығындар — 11,93%.
Су бұру
Су бұру тарифінің құрылымы:
- электр энергиясын сатып алу шығындары — 10,87%;
- ағынды суларды тазартуға арналған материалдарды сатып алу шығындары — 10,89%;
- еңбекақы қоры — 26,27%;
- инвестициялар — 38,83%;
- ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу шығындары — 1,26%;
- өзге шығындар — 11,88%.
Сумен жабдықтау және су бұру салаларында бөлшек шекті бағаларды саралау үшін тұтынушылар мынадай топтарға бөлінеді:
I — халық санатына жататын жеке тұлғалар;
II — I және III топтарға жатпайтын өзге тұтынушылар;
III — бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етілетін бюджеттік ұйымдар.

Айта кетерлігі, коммуналдық қызметтер құнын ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ҰЭМ ТМРК) реттейді, ол «Табиғи монополиялар туралы» Заңға сәйкес қаржылық міндеттемелердің орындалуын бақылай отырып, табиғи монополиялар субъектілерінің (ТМС) инвестициялық бағдарламаларын, тарифтері мен тарифтік сметаларын бекітеді. Бұзушылықтар немесе ТМС қаражатын мақсатсыз пайдалану анықталған жағдайда, уақытша өтемдік тариф енгізіледі.
Активтерді жаңғыртуға, қайта қалпына келтіруге және жаңартуға бағытталған инвестициялық бағдарламалар тиісті ведомстволармен (мысалы, ҚР Энергетика министрлігімен, әкімдіктермен және т. б.) келісіліп бекітіледі, олар ТМС-мен бірлесіп күрделі, жоспарлы және қосымша жөндеу жұмыстарының уақтылы жүргізілуіне жауапты болады.

Тарифтердің өсуіне әсер ететін негізгі себептер ретінде стратегиялық маңызы бар тауарлар бағасының өзгеруі, инвестициялық бағдарламаларды іске асыру, реттелетін қызметтерді көрсету барысында технологиялық циклде пайдаланылатын мүліктің балансқа және (немесе) сенімгерлік басқаруға қабылдануы, қызметкерлердің еңбекақысының өзгеруі және басқа да жағдайлар аталады.
ҚР ҰЭМ ТМРК аталған үдерістерді бақылауда ұстап, тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдайды. Тарифті белгілеу ашықтығы еліміздің барлық өңірлерінде реттелетін коммуналдық қызметтердің бағаларын талқылау мақсатында халықтың, қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ және өзге де мүдделі тараптардың қатысуымен жария тыңдаулар өткізу арқылы қамтамасыз етіледі.
Осылайша, тарифтерді мемлекеттік реттеу және реттеуші — ҚР ҰЭМ ТМРК тарапынан ТМС инвестициялық бағдарламаларына жүргізілетін бақылау тұтынушылар үшін қолжетімді әрі әділ баға мен коммуналдық инфрақұрылымның орнықты дамуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Мұндай тәсіл қуаттарды уақтылы жаңғыртуға және кеңейтуге, жеткізілімдердің сенімділігін арттыруға, апаттық жағдайлардың алдын алуға және жүйелердің тозу деңгейін біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді, сонымен бірге тарифтердің негізсіз өсуін болдырмай, халық пен бизнестің мүдделерін қорғайды.
Естеріңізге салсақ, Қазақстанда көптеген жылдан бері әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған тұрғын үй көмегі жүйесі жұмыс істеп келеді. Бұл — тұрғын үйді күтіп ұстау және коммуналдық қызмет ақысын төлеу шығындарының бір бөлігін өтеу арқылы мұқтаж азаматтардың қаржылық жүктемесін жеңілдетуге арналған мемлекеттік қолдау шарасы. Біз бұл тақырыпқа бұған дейін де бірнеше рет тоқталған болатынбыз.
Тағы бір айта кетерлігі, ҚР тарифтері абсолюттік мәндер бойынша да, халықтың табыс деңгейімен салыстырғандағы арақатынас тұрғысынан да әлемдегі ең қолжетімді тарифтердің қатарында. Біз бұл туралы да бұрын жазғанбыз.

