Биылғы жылдың алғашқы бес айында Қазақстандағы қауіпті өндірістік нысандарда 5 адам қаза тапты, бұл 2025 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда үш есе аз (15 адам). Зардап шеккендер саны да қысқарып, 8 адамнан 6 адамға дейін төмендеді. 2026 жылдың мамыр айында «Востокцветмет» пен «Казцинк» сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда жазатайым оқиғалар болды, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) деректеріне сәйкес оқиғаларға өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы себеп болған. Яғни, кәсіпорындар тозығы жеткен жабдықтарды уақытылы ауыстырып, еңбек жағдайларын тиісті деңгейде ұйымдастырып, ішкі бақылауды қатаңдатқанда, мұндай қайғылы оқиғалар болмайтын еді.
Қазақстандағы өндірістік жарақаттанушылық — қызметкерлер мен олардың отбасыларының өмірі мен денсаулығына әсер ететін маңызды әлеуметтік мәселе. Бұл мәселеге ерекше назар аударылып келеді. Адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін әрбір оқиға кәсіпорындардың еңбек қауіпсіздігіне қаншалықты көңіл бөлетініне назар аудартады — бұған өндірісті жаңғырту, техникалық жарақтандыру және қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау деңгейі айқын дәлел. Сондықтан мемлекет қызметкерлер үшін тәуекелі жоғары компаниялардың қызметін жан-жақты әрі қатаң бақылауға алып отыр.
Биылғы жылдың сәуір айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған нормативтік акт өнеркәсіптік нысандарға қойылатын талаптарды күшейтіп, жазатайым оқиғалар кезінде жұмыскерлердің кінә үлесін азайтуға және мұндай оқиғаларды тергейтін комиссиялардың өкілеттігін кеңейтуге бағытталған. Еліміздің бейінді ведомстволары нақты мақсатқа — өндірістегі жарақаттану деңгейін нөлге дейін төмендетуге қол жеткізу үшін көптеген шара қабылдап жатыр.

Жалпы динамиканы қарастырайық. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2025 жылдың толық қорытындысы бойынша ел кәсіпорындарында (бұған дейін сөз болған ірі қауіпті өндірістерде ғана емес, жалпы барлық компанияларда, кез келген жұмыс орнында және қызмет түріне қарамастан) жазатайым оқиғалардың салдарынан 2,3 мың адамның зардап шеккені тіркелді, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 12,3%-ға аз. Ең алдымен, мұндай оң динамикаға зардап шеккендер санының азаюы себеп болды. 2,1 мың адам әртүрлі жарақаттар мен зақымдар алды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,2%-ға аз. Демек,еңбек жарақаттарының алдын алу шаралары өз нәтижесін бере бастады, ал ағымдағы жылдың көрсеткіштері жалпы үрдістің жалғасып отырғанын растайды. 2025 жылы ел кәсіпорындарында қаза тапқандар саны 0,5%-ға.
Өңірлерде жағдай әртүрлі. 2025 жылы зардап шеккендер мен қаза тапқандар ең көп тіркелген өңірлер — тау-кен секторы және онымен байланысты өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамыған Шығыс Қазақстан (287 адам), Қарағанды (277 адам) және Ұлытау (252 адам) облыстары болды.
Айта кетерлігі, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың 34,2%-ы өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында еңбек еткен: 796 адам, олардың ішінде 35 адам қаза тапқан. 2025 жылы шахталарда, кеніштерде және өзге де өндіруші нысандарда 380 қазақстандық зардап шегіп, олардың 19-ы көз жұмған. Жұмыс орнындағы жазатайым оқиғалар ең көп тіркелген экономикалық салалардың қатарына құрылыс (198 адам), денсаулық сақтау (189 адам) және логистика (149 адам) салалары да кірді.
Осылайша, өндірісте жарақат алу деңгейі бойынша оң үрдіс байқалып отыр, ол тек тау-кен саласындағы қауіпті нысандармен шектеліп отырған жоқ.

Тағы бір маңызды жайт, ресми тіркелген өндірістік жарақаттану жағдайларымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕХӘҚМ) инспекторлары жасырын жарақаттану фактілеріне де назар аударады. Бұл — жұмыс беруші болған оқиға үшін жауапкершіліктен жалтарып, орын алған жағдай туралы ақпаратты жасыратын немесе бұрмалайтын жағдайлар.
Мұндай жағдайларда тәуекелдер анық байқалады. Мысалы, қызметкер іс жүзінде медициналық мәселелермен жалғыз қалады, көбіне қосымша қаржы да қажет болып жатады. Жауапсыз жұмыс берушілер бақылаушы органдардың назарына ілінбеу үшін зардап шеккендерге тиісті әлеуметтік және кепілдендірілген төлемдерді қамтамасыз етпейді.
Мәселен, 1 мамырдағы жағдай бойынша ҚР ЕХӘҚМ мамандары жасырылған 39 өндірістік жарақаттану фактісін тіркеген. Салалардың бөлінісі бойынша деректер көрсеткендей, мұндай жағдайлар көбіне қызмет көрсету саласындағы жеке сектор компанияларында тіркелген (18 жағдай, яғни жалпы көрсеткіштің 46%-дан астамы).
Бұл жағдай өндірістік жарақаттану тек ірі тау-кен және өңдеу саласындағы алып кәсіпорындардың ғана емес, сонымен қатар жаппай қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес үшін де өзекті мәселе екенін көрсетеді, мұнда да өз тәуекелдері мен еңбек құқықтарының бұзылу жағдайлары бар. Сондықтан еңбек құқықтары мен қауіпсіз еңбек жағдайларына қатысты күшейтілген мемлекеттік бақылау тек ірі өндірістік корпорацияларға ғана емес, басқа да компанияларға қолданылады. Атап айтқанда, ҚР ЕХӘҚМ шағын кәсіпорындар үшін тәуекелдерді басқаруды бағалаудың жеңілдетілген тәртібінің жаңа нормасын енгізіп отыр.

Жалпы алғанда, Қазақстандағы өндірістік жарақаттану жағдайы үшін бірнеше ірі ведомство бірлесіп жауап береді, олардың қатарында жоғарыда аталған ҚР ЕХӘҚМ мен ҚР ТЖМ, сондай-ақ ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі (ӨҚМ) бар.
ҚР ТЖМ-да бірнеше жыл бұрын Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті құрылған. Оның мамандары технологиялық үдерістердің қауіпсіздігін бақылаумен айналысады. Өткен жылдың қадағалау қызметінің қорытындылары өндірістердегі бұзушылықтардың алдын алу жүйесінің қалай өзгеріп жатқанын көрсетті. Мәселен, 2024 және 2025 жылдары өнеркәсіптік кәсіпорындарда анықталған бұзушылықтар саны шамалас болғанымен, комитет инспекторлары нысандардың жұмысын уақытша тоқтату шараларын жиірек қолдана бастаған. Егер 2024 жылы бұзушылықтар жойылғанға дейін 445 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1,8 мыңға жетіп, яғни 4 есе артқан. Бұзушылықтарға жол берген компаниялар үшін мұндай шаралар барлық бұзушылықтарды жою міндетімен бірге айыппұлдар мен кейінгі тексерулерге қарағанда анағұрлым тиімдірек болып отыр.
ҚР ТЖМ басшысы Шыңғыс Арыновтың мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бері елде барлық кәсіпорындарды толық қамтитын өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылаудың жаңа тетігі енгізілді. Еліміз Халықаралық еңбек ұйымының жаңа стандарттарымен ұлттық заңнаманы үйлестіру бағыты бойынша дамып келеді, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріліп отыр.
Атап айтқанда, қазіргі уақытта елімізде ҚР ТЖМ тапсырысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында «е-ТМЖ» цифрлық платформасы әзірленіп жатыр. Жоба жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Сондай-ақ Үкімет «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» сервистік автоматтандырылған жүйелерін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Әділет министрлігі, ҚР ТЖМ, ҚР Қаржы министрлігі және Бас прокуратураның ақпараттық жүйелерімен біріктіруді жоспарлап отыр. Бұл еңбек құқықтарының бұзылуы мен ықтимал өндірістік жарақаттарға байланысты кез келген факторлар мен тәуекелдерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жұмыстағы жазатайым оқиғалардың алдын алуды тиімдірек қамтамасыз ету мақсатында ҚР ТЖМ мамандары ҚР ӨҚМ сарапшыларымен бірлесіп жер қойнауын пайдаланушылардың өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйелеріне инвестициялардың салынуын арттыру жөнінде іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті. Мысалы, 55 шахта мен кен орнына жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша олардың 18%-ында (10 нысан) төтенше жағдай кезінде қызметкерлерді анықтау және іздеу жүйесі жоқ екені анықталды. Олардың үшеуінің басшылығымен мұндай жүйелерді қаржыландыру жөнінде келісімге қол жеткізілді, тағы бес ұйым техникалық шешімдерді іздестіру және жабдық жеткізушілерін таңдаумен айналысуда. Қалған 45 нысанда да жағдай толық емес — өнеркәсіптік қауіпсіздік жабдықтарын жаңарту қажет.
ҚР ЕХӘҚМ мамандары еңбек саласындағы процестерді цифрландыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл өндірістік жарақаттануға қатысты көптеген көрсеткіштерге оң әсерін тигізіп отыр.
Біріншіден, ведомство еңбек нарығын «көлеңкеден шығару» бағытында жұмыс істеп, жұмыс берушілерді қызметкерлерді заң талаптарына сай ресімдеуге мәжбүрлейді. Бұл, бір жағынан, жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз етсе, екінші жағынан, өндірістік жазатайым оқиға болған жағдайда ықтимал төлемдердің төленуіне мүмкіндік береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев атап өткендей: «Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр, оның ішінде олардың қызметін заңдастыру және сақтандыру жүйесімен қамту қарастырылған. Бүгінгі таңда жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен 118 мың кәсіпорын қамтылған, бұл жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың жалпы санының 68%-ын құрайды. 19 мың ұжымдық шарт цифрландырылды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен екі есе көп. Жыл басынан бері 170 профилактикалық бақылау тексеруі жүргізілді, ал 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қамту 2,5 есе артқан».
Екіншіден, ҚР ЕХӘҚМ мамандары кәсіпорындардағы тәуекелдерді бағалау үдерістерін автоматтандыруды енгізіп, мемлекеттік еңбек инспекциясының цифрлық мониторингін жүргізіп келеді. Бұл жерде проблемалық мәселелер ауқымы әлдеқайда кең: тек өнеркәсіптік қауіпсіздік қана емес, сондай-ақ еңбек даулары, құқық бұзушылықтар және т.б. қамтылады. Ведомство мамандары мониторингке шамамен 98 мың кәсіпорынды енгізіп, еңбек тәуекелдерінің картасын жасады. Шамамен 2,3 мың кәсіпорын жоғары тәуекел санатына, ал тағы 3,2 мың ұйым орта тәуекел санатына енді.
Үшіншіден, ҚР ЕХӘҚМ мамандары еңбек жағдайларын бағалау мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу жүйесін жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ведомствоның мәліметінше, елде еңбек қауіпсіздігіне жұмыс берушілердің формалды көзқарасы, қызметкерлерді қорғаныш құралдарымен уақтылы қамтамасыз етпеу, ескірген жабдықтарды пайдалану сияқты мәселелер әлі де сақталуда. Осы теріс факторларды жою үшін заңнамалық деңгейде тәсілдер өзгертілуде. Әрбір кәсіп бойынша жеке бағалау және кәсіпорынның тәуекелдерін кешенді бағалау жүйесі енгізілуде. ҚР ЕХӘҚМ мұндай бағалауды жүргізетін мамандандырылған ұйымдар мен сарапшыларға қойылатын талаптарды белгілеуде. Мұның барлығы жазатайым оқиғаның себебін анықтаудан гөрі, кәсіпорынды алдын ала тәуекелдер мен бұзушылықтар туралы ескертуге бағытталған, бұл жағдайды жедел түзетіп, жарақаттанудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Осы және өзге де ведомстволар қабылдап жатқан шаралар тәуекел факторларын кешенді түрде жоюға, өндірістік жарақаттануды азайтуға, ал болашақта оны толықтай болдырмауға бағытталған.


