Қазақстан Web3-әзірлеушілердің белсенділігі бойынша 130-дан астам елдің ішінде үздік ондыққа енді

Фото: https://www.shutterstock.com/

387 просмотров

Қазақстан жыл сайын әлемдік үрдістерді ескере отырып, цифрлық активтер нарығын дамытуға бағытталған шараларды дәйекті түрде жүзеге асырып, осы саладағы өзіндік реттеу моделін қалыптастырып келеді. Биыл шілде айында мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қоюы осы бағыттағы маңызды қадам болды.

Құжаттың мақсаты — криптоиндустрияны дамытуға қолайлы жағдай жасау, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру, нарық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық активтердің заманауи әрі бәсекеге қабілетті экожүйесін қалыптастыру.

Қазірдің өзінде Қазақстанда цифрлық активтердің реттелетін нарығы қалыптасып, жекелеген пилоттық жобалардан толыққанды инфрақұрылым мен лицензияланатын қызметке көшу жүріп жатыр.

Мәселен, 2025 жылы реттеуші сынақ алаңы іске қосылды, бүгінде оның аясында 14 бағыт бойынша 34 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында стейблкоиндер, токенизация, криптобиржалар, кастодиандық және криптофиат сервистері бар.

2026 жылғы 1 мамырдан бастап елімізде цифрлық активтер нарығын реттеудің өңірдегі алғашқы кешенді жалпыұлттық моделі қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар нарық инфрақұрылымы да дамып келеді. Атап айтқанда, KASE Қазақстан қор биржасы цифрлық қаржы активтері платформасының және цифрлық активтер сауда платформасының операторы мәртебесін алды.

Инвесторлардың жаңа құралдарға деген қызығушылығы да артып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында биткоин фьючерсіне арналған ETF бойынша жалпы сомасы 20,5 млрд теңгені құрайтын 34 мың мәміле жасалды. Ал үш криптоактивке арналған жаңа ETF бойынша 1 млрд теңгеге тағы 650 мәміле жасалды.

Лицензияланған операторлар сегменті де қалыптасып келеді. Бүгінде Қазақстанда қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау бойынша лицензиясы бар үш оператор жұмыс істейді, олардың алғашқы екі айдағы айналымы шамамен 2 млрд теңгені құрады. Тағы бес компания лицензия алу рәсімінен өтіп жатыр.

Сондай-ақ цифрлық активтерді сақтауға арналған инфрақұрылым құрылып, оларды есеп айырысу кезінде пайдалану мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Қазірдің өзінде криптокарталар, крипто-QR және криптоэквайринг сияқты шешімдер қолжетімді.

Осылайша, салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде Қазақстанда цифрлық активтер нарығының реттелетін инфрақұрылымының негізгі элементтері қалыптасты. Сала біртіндеп эксперименттер мен пилоттық жобалар кезеңінен реттеу тетіктері, инфрақұрылым және нақты нарықтық сервистер қатар дамитын жүйелі модельге көшіп келеді.

Қазақстан Web3-әзірлеушілердің белсенділігі бойынша 130-дан астам елдің ішінде үздік ондыққа енді

Реттелетін криптобиржалар сегментінің жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын да атап өткен жөн. 2022 жылы АХҚО және қаржы нарығын реттеушілермен бірлесіп криптобиржалардың қызметін реттеу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Кейін оның негізінде криптобиржаларды лицензиялау және олардың АХҚО аумағында жұмыс істеуі үшін толыққанды орта қалыптастырылды. Нәтижесінде реттелетін криптонарықтағы сауда айналымы 2023 жылғы 320 млн АҚШ долларынан 2025 жылы 10,58 млрд АҚШ долларына дейін өсті. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында транзакциялар көлемі 5,5 млрд АҚШ долларына жетті. Осылайша, қысқа уақыт ішінде реттелетін нарық 30 есе өсті.

Клиенттер саны да айтарлықтай артты: 2023 жылы олардың саны 53 мың болса, бүгінде 270 мың адамға жетіп, бірден 400%-ға өсті. Бұл клиенттердің реттелетін ортаға деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Жалпы, қазіргі уақытта АХҚО-да цифрлық активтер саласында қызмет көрсететін 35 провайдер жұмыс істейді. Олардың қатарында 11 цифрлық активтер биржасы, соның ішінде әлемдегі ең ірі Binance және Bybit платформалары, сондай-ақ инвестициялық қызмет көрсететін 16 провайдер және 8 төлем ұйымы бар, төлем ұйымдарының үшеуі — стейблкоин эмитенттері.

Қазақстан Web3-әзірлеушілердің белсенділігі бойынша 130-дан астам елдің ішінде үздік ондыққа енді

Реттеуші ортаны қалыптастыру және қажетті инфрақұрылымды іске қосумен қатар, Қазақстанда цифрлық активтер мен Web3-технологияларды дамытуға атсалысып жүрген компаниялар мен адамдардың саны артып келеді.

Елімізде Web3-жобаларды дамытуға арналған толыққанды экожүйе қалыптасып келеді, ол мамандар даярлау мен командалар құрудан бастап, технологиялық стартаптарды қолдауға және олардың халықаралық нарыққа шығуына дейінгі бағыттарды қамтиды.

Осы бағыттағы маңызды кезеңдердің бірі — елімізде Solana экожүйесінің іске қосылуы. Solana экожүйесімен бір жылдық бірлескен жұмыс барысында 8 мыңнан астам адам оқудан өтіп, олардың 2 мыңға жуығы сертификат алды. Сертификат алған әрбір бесінші түлек — мемлекеттік органның өкілі. Оқу бағдарламалары блокчейн негіздерін, Solana платформасында әзірлеуді, практикалық тапсырмаларды орындауды және командаларды халықаралық хакатондарға дайындауды қамтиды.

Технологиялық кәсіпкерлікті қолдау бағытында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Қазақстандық 57 стартап жалпы сомасы 121 млн теңге болатын гранттарға ие болды. Сонымен қатар Қазақстан Solana жаһандық хакатондарына берілген өтінімдер саны бойынша әлемдегі үздік он елдің қатарына кіріп, халықаралық әзірлеушілер қауымдастығындағы орнын нығайтты.

Хакатон — әзірлеушілер, дизайнерлер және басқа да бағыттардың мамандары қысқа мерзім ішінде (әдетте бірнеше күннен бір аптаға дейінгі уақытта) заманауи технологиялар негізінде жобаның жұмыс істейтін прототипін әзірлейтін жарыс.

Мәселен, Cypherpunk хакатонында Қазақстан өтінімдер саны бойынша 135 елдің ішінде жетінші болды: елімізден 249 өтінім берілді. Frontier хакатонында Қазақстан 165 елдің ішінде сегізінші болды, барлығы 362 өтінім берілді.

Бұл көрсеткіштер қазақстандық мамандар мен кәсіпкерлердің халықаралық Web3-экожүйеге белсенді түрде араласып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстан ТМД мен Орталық Азияда Solana-ның ресми өкілдігі бар жалғыз ел болып отыр. Еліміздегі экожүйенің жұмысы үш негізгі бағытқа — мамандар даярлауға, стартаптарды қолдауға және Қазақстанды жаһандық блокчейн қауымдастығында ілгерілетуге бағытталған.

Нәтижесінде Қазақстанда білім беру, технологиялық кәсіпкерлік, халықаралық ынтымақтастық және реттелетін қаржы құралдарын біріктіретін Web3 саласын дамытуға арналған кешенді орта қалыптасып келеді.

Осылайша, Қазақстанда цифрлық активтерді дамыту біртіндеп тек қаржы немесе технология саласының шеңберінен шығып келеді. Реттеу жүйесі, инфрақұрылым, мамандар даярлау, кәсіпкерлік және жаңа қаржы құралдары қатар дамитын тұтас экожүйе қалыптасуда. Бұл саланы одан әрі дамытуға және Қазақстанның цифрлық активтер мен Web3-технологияларды дамытуға арналған өңірлік алаң ретіндегі рөлін нығайтуға негіз қалайды.

Қазақстан Web3-әзірлеушілердің белсенділігі бойынша 130-дан астам елдің ішінде үздік ондыққа енді