Мұнай — Қазақстанның ең маңызды экспорттық тауарларының бірі және валюталық түсімнің негізгі көзі. Соңғы он жылда қазақстандық мұнайды сыртқы нарықтарға жеткізудің нақты көлемі аздаған ауытқулар мен құлдырау кезеңдерін есепке алмағанда, бірқалыпты өсіп отырды. Сонымен бірге экспорттың құндық көлемі айтарлықтай қатты өзгерді және көбіне әлемдік баға конъюнктурасына тәуелді болды.
ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан мұнай экспортының көлемі 2015 жылғы 63,6 млн тоннадан 2025 жылы 76,3 млн тоннаға дейін, яғни 20%-ға өсті. Бұл — кем дегенде 2015 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Соңғы жылдары тұрақты өсім байқалды. Мәселен, 2022 жылы Қазақстан 65,2 млн тонна, 2024 жылы 71 млн тонна, ал 2025 жылы 76,3 млн тонна мұнай экспорттады. Тек соңғы жылдың өзінде жеткізу 7,4%-ға артты.
Экспорттың өсуі мұнайды рекордтық өндіру аясында орын алды. 2025 жылы Қазақстанда 99,6 млн тонна мұнай өндірілді. Негізгі факторлардың бірі Теңіз кен орнында өндіру көлемінің артуы болды. Ел бойынша 2026 жылғы жоспар 98 млн тоннаны құрайды.
Ақшалай мәнде он жыл ішіндегі өсім әлдеқайда айқын, алайда бұған дейін айтылғандай, динамика айтарлықтай құбылмалы болды (төмендегі графиктерден көрініп тұрғандай). Экспорттың құндық көлемі 2015 жылғы 26,8 млрд АҚШ долларынан 2025 жылы 40 млрд АҚШ долларына дейін, яғни 49,3%-ға өсті. Осы кезеңдегі ең жоғарғы көрсеткіш 2022 жылы тіркелді: 46,9 млрд АҚШ доллары.
Құбылмалылық туралы айтатын болсақ, мынаны атап өткен жөн: жеткізілімдердің нақты көлемі мен құны үнемі бір бағытта өзгере бермеді. Бұл, әсіресе, 2025 жылдың қорытындысынан жақсы байқалады: Қазақстан бір жыл бұрынғыға қарағанда 7,4%-ға көп мұнай экспорттады, алайда оның құны 6,8%-ға төмендеді. Экспортталған бір тоннаның орташа есептік құны 2024 жылғы 604 АҚШ долларынан 2025 жылы 524 АҚШ долларына дейін төмендеді. Осылайша, физикалық жеткізілімдердің артуы экспорттық түсімнің өсуіне кепілдік бермейді. Түпкілікті нәтиже көбінесе мұнайдың әлемдік құнына байланысты: бағаның төмендеуі көлемнің өсуін толығымен жабуы мүмкін.
Бұл ретте 40 млрд АҚШ доллары көлеміндегі мұнай экспорты мемлекеттің кірісі болып табылмайды. Бұл — шетелге жеткізілген барлық шикізаттың құны. Түсімнен өндіруге, тасымалдауға, инвестицияларға және басқа да бағыттарға кететін шығындар өтеледі, ал пайда мұнай жобаларына қатысушылар арасында бөлінеді. Мемлекет өз үлесін салық, жер қойнауын пайдаланушылардың арнайы төлемдері, мұнай-газ активтеріне қатысу және басқа да механизмдер арқылы алады.
Мұнай секторы ұйымдарының салық түсімдерінің едәуір бөлігі ҚР Ұлттық қорында жинақталады. Осылайша, мұнай кірістерінің бір бөлігі елдің қаржылық резервін қалыптастырып, экономиканы дамытуға инвестицияланады, ал жинақталған қаражаттың тағы бір бөлігі бюджеттік механизмдер арқылы мемлекеттік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Бұл ретте сөз тек ірі ұлттық бағдарламалар туралы ғана емес, сонымен бірге нақты өңірлер мен аудандардың нақты тұрғындары үшін маңызды жергілікті жобалар туралы болып отыр. Мұндай жергілікті, шағын, бірақ әлеуметтік маңызы зор жобаның жақсы мысалы: Қызылордада 2025 жылы Жезқазған тасжолының бойындағы аумағы 150 гектар учаскеде инженерлік желілер мен қиыршықтасты жол салуға Ұлттық қордан 732,1 млн теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша бөлінген қаражат толығымен игерілді, ал өңір тұрғындарының өмірін жақсартатын жобаны аяқтау 2026 жылға көзделген. Осылайша, жинақталған мұнай түсімдері мемлекет пен елдер арасындағы жобалардың макродеңгейінде де, жекелеген қалалар, аудандар мен ауылдардың микродеңгейінде де нақты инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.
Мұнай-газ саласының өңірлерді дамытуға қосатын үлесінің тағы бір механизмі — компаниялардың өздерінің тікелей әлеуметтік және инфрақұрылымдық инвестициялары. Мұнай-газ компаниялары келісімшарттық міндеттемелер, жергілікті билік органдарымен жасалған келісімдер және өздерінің әлеуметтік инвестиция бағдарламалары аясында өздері жұмыс істейтін өңірлердегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды өздері қаржыландырады. Мысалы, биылғы жылдың мамыр айында «Теңізшевройл» Махамбет аудандық ауруханасына құны 660 млн теңге тұратын жабдықты табыстады. Ол ауданның 26 мыңға жуық тұрғынын диагностикалауға және емдеуге арналған. Жалпы алғанда, тек өткен алты айдың ішінде компания Атырау облысының 14 медициналық ұйымын шамамен 4 млрд теңгенің жабдықтарымен қамтамасыз етті, ал 2025 жылдың соңында өңірге 25 жедел жәрдем көлігін табыстады.
Ірі инфрақұрылымдық жобаларды саланың басқа да кәсіпорындары жүзеге асыруда. 2025 жылы «ҚазМұнайГаз» қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр суды құрайтын «Кендірлі» теңіз суын тұщыту зауытының құрылысын аяқтады. Жобаның құны 121,2 млрд теңгені құрады, ал нысан іске қосылғаннан кейін Маңғыстау облысының коммуналдық меншігіне өтеусіз берілді. Зауыт Жаңаөзен мен жақын маңдағы елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге арналған. Тағы бір мысал — Қарашығанақ жобасы: 2025 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысында 18 әлеуметтік жоба іске қосылды, ал Қазтал ауданы Қоныс ауылында «Қарашағанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы салған 60 орындық мектеп ашылды. 1998 жылдан бері компания өңірде жалпы сомасы шамамен 902 млн АҚШ долларын құрайтын 268 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан тұрғызды. Осылайша, мұнай-газ саласының ел ішіндегі үлесі салық түсімдерінен ғана емес, сонымен бірге компаниялардың өздері жұмыс істейтін өңірлерге салатын тікелей салымдарынан да құралады.

Қазақстанның «қара алтынының» негізгі экспорттық бағыттарын қарастырайық. ҚР мұнайының ең ірі сатып алушысы Италия болып қала береді: 2025 жылы бұл елге 15,2 млрд АҚШ долларына 28,9 млн тонна мұнай экспортталды. Мұнай экспортының барлық физикалық көлемінің 37,8%-ы және құндық көлемінің 38,1%-ы Италияға тиесілі болды.
Екінші орынды Нидерланды иеленді: 5,6 млрд АҚШ долларына 10,6 млн тонна. Одан кейін Франция (3 млрд АҚШ долларына 5,6 млн тонна), Румыния (2,6 млрд АҚШ долларына 5,3 млн тонна) және Греция (2,3 млрд АҚШ долларына 4,3 млн тонна) орналасты. Жалпы алғанда, осы бес ірі сатып алушыға Қазақстан мұнай экспортының физикалық, сондай-ақ құндық көлемінің 70%-дан астамы тиесілі болды.
Басқа ірі бағыттардың қатарында Қытай (2 млрд АҚШ долларына 3,8 млн тонна), Түркия (1,5 млрд АҚШ долларына 2,9 млн тонна), Германия (1 млрд АҚШ долларына 2 млн тонна), Сингапур (763,2 млн АҚШ долларына 1,8 млн тонна) және Оңтүстік Корея (807 млн АҚШ долларына 1,5 млн тонна) ерекшеленді.
Жеткізілім құрылымы экспорттық инфрақұрылыммен тығыз байланысты. Басты бағдар Каспий құбыр консорциумы болып қалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ол арқылы 64,8 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалданды. Сонымен қатар Баку — Тбилиси — Джейхан бағдары бойынша жылына шамамен 1,2 млн тонна деңгейінде жеткізілімдер жалғасуда, ал Әзербайжан тарабы қазақстандық мұнайды қабылдауды жылына 2,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеген болатын.

2026 жылы жағдай әзірге рекордтық өткен жылғыдан өзгеше болып тұр. Бірінші жартыжылдықта, яғни қаңтар–маусым айларында Қазақстан 33 млн тонна мұнай экспорттады, ал 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 35,4 млн тонна болған еді. Жеткізілім көлемі 6,7%-ға қысқарған.
Экспорт құнының төмендеуі онша байқала қойған жоқ: 19,5 млрд-тан 18,8 млрд АҚШ долларына дейін, яғни 3,6%-ға азайды. Нәтижесінде экспортталған бір тоннаның орташа есептік құны шамамен 550-ден 568 АҚШ долларына дейін немесе 3,3%-ға өсті.
Бұл ретте Қазақстанның жалпы экспорттық түсіміндегі мұнайдың үлесі 2025 жылғы қаңтар–маусымдағы 52,9%-дан биылғы жылдың сәйкес кезеңінде 46,5%-ға дейін қысқарды. Елдің жалпы экспорты, керісінше, 36,8 млрд-тан 40,3 млрд АҚШ долларына дейін өсті. Осылайша, мұнай жеткізілімдерінің қысқарғанына қарамастан, жиынтық экспорттық түсім ұлғайды, ал басқа тауар топтарының үлесі айқынырақ байқалды.
Елдер тұрғысында 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында қазақстандық мұнайдың ең ірі сатып алушысы Италия болып қалды, ол жерге 6,8 млрд АҚШ долларына 11,8 млн тонна мұнай жеткізілді. Одан кейін Нидерланды (2,5 млрд АҚШ долларына 4,4 млн тонна), Франция (1,9 млрд АҚШ долларына 3,2 млн тонна), Түркия (1,3 млрд АҚШ долларына 2,1 млн тонна) және Греция (1 млрд АҚШ долларына 1,9 млн тонна) орналасты. Жалпы алғанда, осы бес елге мұнай экспортының физикалық көлемінің 70,9%-ы және құндық көлемінің 71,8%-ы тиесілі болды.
Басқа ірі бағыттар қатарында Сингапур (1,5 млн тонна), Румыния (1,4 млн тонна), Испания мен Қытай (әрқайсысы 1,2 млн тоннадан), сондай-ақ Германия (1 млн тонна) болды. Жалпы сомасы 1,9 млрд АҚШ долларын құрайтын тағы 3,4 млн тонна мұнай басқа елдердің үлесіне тиді.
Экспорттың қысқаруы өндіру көлемінің төмендеуімен тікелей байланысты. 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында елде 45,7 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл ретте шілде айында «Теңізшевройл» Теңіз кен орны кеңейтілгеннен кейін жобалық қуатына шыққанын хабарлады: тәуліктік өндіру шамамен 120 мың тоннаға жетті, ал осы жылдың қорытындысы бойынша компания 40 млн тоннаға дейін мұнай өндіруді жоспарлап отыр.
Атап өтетін жайт: өндіру мен сыртқы жеткізілімдерді реттеудің маңызды факторы OPEC+ келісімдері болып қалады. 6 қыркүйекте Қазақстанның қатысуымен өткен отырыста альянс елдері қазан айында қыркүйекке көзделген өндіру деңгейін сақтауға шешім қабылдады. Қатысушылар сондай-ақ қол жеткізілген келісімдерді орындауға бейілділіктерін растады. Топтың келесі кездесуі 4 қазанға белгіленген.
Осылайша, Қазақстан үшін мұнай экспортының маңызы сайып келгенде сатылған шикізат көлемімен және алынған түсіммен ғана емес, сонымен бірге бұл кірістердің ел ішінде неге айналатынымен де айқындалады. Ұлттық қор мұнай түсімдерінің бір бөлігін бүгінгі күннен болашаққа ауыстыруға, мемлекеттік шығыстар — инфрақұрылымды құруға мүмкіндік береді, ал мұнай-газ компанияларының өзіндік әлеуметтік инвестициялары бұл механизмді тікелей өндіру өңірлерінде толықтырады. Мұнайдан түскен кірістерді ұзақ мерзімді активтерге, инфрақұрылымға және адами капиталға неғұрлым көбірек бағыттауға мүмкін болса, экономикадағы табиғи ресурстардың рөлі бәсеңдеген кезде олардың қайтарымы соғұрлым жоғары болмақ.


