Қазақстандағы коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның тозу мәселесі көптен бері айтылып жүр және биліктің жіті бақылауында. Тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріндегі апаттар мен іркілістер, сондай-ақ саладағы жүйелі әрі ұзақ мерзімді мәселелер бірқатар қажетті шараларды қабылдауға түрткі болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің күзгі Қазақстан халқына Жолдауында қалыптасқан жағдайдың, басқа себептермен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігінен орын алғанын атап өтті.
Осыған байланысты 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы (ЭКСЖ) іске қосылды. Бұл — елдегі инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған ең ауқымды жобалардың бірі.
Тек 2026 жылдың өзінде оны жүзеге асыруға 1 трлн теңгеден астам қаражат бағыттау жоспарланып отыр. Жалпы, 2029 жылға дейін инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 13 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Оның ішінде 6,8 трлн теңге коммуналдық секторға, ал 6,2 трлн теңге энергетика саласына тиесілі болады.
Жобаны іске асырудың алғашқы нәтижелері
ЭКСЖ ұлттық жобасын жүзеге асырудың алғашқы нәтижелеріне қазірдің өзінде баға беруге болады. 2025 жылы осы жоба аясында 547 млрд теңге сомасында қаржы бөлініп, 6,6 мың шақырым желі жөнделді. Бұдан бөлек 8 кәсіпорын қауіпті «қызыл» аймақтан шығарылды.
2026 жылы жұмыс ауқымын едәуір арттыру жоспарланып отыр. 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеуге бірден 1,1 трлн теңге бөлінеді — бұл өткен жылмен салыстырғанда ұзындығы бойынша екі еседей көп.
Жобаның іске асырылуы қажетті заңнамалық және нормативтік базаны әзірлеумен қатар жүргізіледі. 2025 жылы «Астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту туралы» Заңға қол қойылды, жобаны іске асыру үшін 25 нормативтік құқықтық акт қабылданды, сондай-ақ ЭКСЖ электрондық платформасы іске қосылды.
2029 жылға қарай қандай нәтиже күтіледі?
2029 жылдың соңына қарай ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында 84 мың шақырым коммуналдық желіні жөндеу және жаңғырту, сондай-ақ 7 309 МВт жаңа энергетикалық қуат көздерін пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 15 жаңа генерация объектісін салу және жұмыс істеп тұрған тағы 12 объектіні реконструкциялау есебінен қамтамасыз етіледі.
Нәтижесінде ел бойынша желілік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейін 40%-ға дейін, ал объектілердегі апаттық жағдайларды 25%-ға дейін төмендету күтілуде.
Бұл ретте соңғы нәтиже тек инвестиция көлеміне ғана емес, сонымен бірге жобаның жергілікті жерлерде іске асырылу жылдамдығына да байланысты болмақ.

2025 және 2026 жылдары жекелеген секторлар бойынша ЭКСЖ ұлттық жобасының іске асырылуын талдап көрейік.
Жылумен жабдықтау
Жылумен жабдықтау саласында 2025-2026 жылдарға жалпы құны 533 млрд теңгені құрайтын сомаға 595 шақырым желіні салу және қалпына келтіру жоспарланған. Бұл жылу желілерінің орташа тозу деңгейін 52%-дан 48%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беруі тиіс.
Сонымен қатар «қызыл» аймақтағы, яғни тозу деңгейі 65%-дан асатын объектілер санын: 2025 жылы 15 объектіден 2026 жылы 11 объектіге дейін қысқарту көзделген. Тозу деңгейі 55%-65% құрайтын «сары» аймақтағы объектілер саны 20-дан 16-ға дейін азаюы керек.
Өңірлік жобалар арасында:
- Павлодар облысында құны 8,8 млрд теңге болатын 6 шақырым ТМ-20А жылу магистралін салу — жоба жүзеге асырылды;
- Теміртауда құны 2 млрд теңгеге жуық 3,6 шақырым ТМ-2А жылу магистралін реконструкциялау — жоба жүзеге асырылды;
- Батыс Қазақстан облысында құны 2,6 млрд теңгені құрайтын ТК-2-27-ден ТК-7-14-ке дейінгі 1,8 шақырым ТМ-7 жылу магистралін реконструкциялау — жоба іске асырылу сатысында.
Электрмен жабдықтау
Электрмен жабдықтау саласында 2025-2026 жылдарға жалпы құны 846 млрд теңгеге 15,7 мың шақырымнан астам желіні салу және реконструкциялау жоспарланған.
Бұл жобаларды жүзеге асыру электр желілерінің орташа тозу деңгейін 67%-дан 62%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Іске асырылып жатқан жобалардың қатарына Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы әуе электр желілерін реконструкциялау кіреді.
Сумен жабдықтау
Сумен жабдықтау саласында 2025-2026 жылдары құны 154 млрд теңгені құрайтын 1,5 мың шақырымға жуық желіні жөндеу жоспарланған.
Нәтижесінде су құбыры желілерінің тозу деңгейі 39%-дан 36%-ға дейін төмендеп, тозу деңгейі 65%-дан асатын 6 объектіні «қызыл» аймақтан шығару көзделіп отыр.
Мұндай жобаларды жүзеге асырудың бір мысалы — Қарағанды облысындағы су құбыры желілерін реконструкциялау.
Су бұру
Су бұру саласында 2025-2026 жылдарға құны 94 млрд теңге сомасына 803 шақырым желіні жөндеу жоспарланған.
Бұл кәріз желілерінің тозу деңгейін 55%-дан 52%-ға дейін төмендетуге, сондай-ақ 5 объектіні «қызыл» аймақтан шығаруға мүмкіндік беруі тиіс.
Мысал ретінде Батыс Қазақстан облысындағы №29 канализациялық сорғы станциясын реконструкциялауды келтіруге болады.

Әкімдіктердің белсенділігі негізгі факторлардың бірі болып қалады
Дегенмен, жоспарланған барлық міндеттерді жүзеге асыру бірқатар кедергілер мен түйткілдерге тап болуда. Осылайша, өңірлік тұрғыда әкімдіктердің жобаларды жүзеге асыруға қатысу деңгейінде айтарлықтай теңсіздік байқалады. Кейбір өңірлер қажетті процестерді белсенді түрде бастап кеткенімен, облыстардың басым бөлігінде 2026 жылға мәлімделген жобалар бойынша жасалған EPC-шарттардың* үлесі 100%-дан әлдеқайда төмен.
Мәселен, жобалардың жалпы құнына қатысты ҚР 20 өңірінің 4-уінде жасалған шарттар бойынша соманың үлесі 40%-дан аспайды. Бұл топқа Түркістан, Абай және Ақтөбе облыстары, сондай-ақ Астана қаласы кіреді.
Тағы 3 өңір белсенділігі өте төмен «қызыл» аймаққа енді. Шымкентте жасалған шарттардың үлесі бары-жоғы 4%-ды құраса, Алматы және Ұлытау облыстарында бұл көрсеткіш тіпті 0%-ға тең.
Осылайша, коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртудың жылдамдығы мен тиімділігі бүгінде тек қаржыландырудың қолжетімділігіне ғана емес, жергілікті билік органдарының белсенділігіне де байланысты болып отыр. Ауқымды мемлекеттік жоба мен едәуір инвестиция көлемі болғанның өзінде, шарттарды жасасу кезеңіндегі созбалаңға салу жұмыстардың нақты басталуын баяулатуы мүмкін.
28 шілдеде ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңір әкімдіктеріне ағымдағы жылдың жобалары бойынша шарттарды уақтылы жасасу үшін қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен, ҚР Энергетика министрлігімен және ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, жыл соңына дейін жоспарланған барлық жөндеу науқандарының аяқталуын қамтамасыз ету қажет.
Осылайша, Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасы жоспарлау кезеңінен нақты іске асыру сатысына өтті. Дегенмен, оның басты нәтижесі бөлінген қаражат көлемімен, жөнделген желілердің ұзындығымен және жаңа қуаттардың санымен ғана емес, өңірлердің нақты жобалардың уақтылы іске қосылуы мен аяқталуын қаншалықты тиімді қамтамасыз ете алатынымен айқындалады.
* EPC-шарт — объектіні жобалауды, жабдықтауды және салуды көздейтін шарт.


