Жинақтаушы ипотека және ақшаны кепілге қою арқылы берілетін ипотека: Қазақстан банктері қандай ипотека түрлерін ұсынады?

Фото: https://www.shutterstock.com/

Қазақстан банктері ипотека арқылы баспана сатып алғысы келетін азаматтарға қандай мүмкіндіктер ұсынады? Солардың бірқатарына тоқталайық.

Бүгінде Қазақстандағы 23 ЕДБ-ның 10-ы ипотекалық кредит береді. Банктер ипотеканың бірнеше түрін қатар ұсына алады. Сатып алынатын жылжымайтын мүлікті кепілге қою арқылы берілетін стандарт ипотеканы 8 ЕДБ, серіктестік ипотеканы 5 банк, тұрғын үй жинақтары/жинақтау жүйесі бойынша өнімдерді 4 банк, ал депозитті/ақшаны кепілге қою арқылы берілетін ипотеканы 3 банк ұсынады.

Соңғы үш нұсқа бойынша ұсынылатын мөлшерлемелер әлдеқайда тиімді. Алайда серіктестік ипотеканың да өзіндік ерекшеліктері бар, ол бойынша баспананы тек белгілі бір құрылыс компанияларынан және/немесе нақты тұрғын үй кешендерінен ғана сатып алуға болады, сондықтан мұндай бағдарламалардың аясында баспана таңдау мүмкіндігі шектеулі. Оның үстіне бұл ипотека кең таралмаған әрі еліміздің барлық өңірінде қолжетімді емес.

Бұл орайда қалған екі нұсқаға ерекше назар аударған жөн. Атап айтқанда, әңгіме депозитті кепілге қою арқылы берілетін ипотека мен тұрғын үй жинақтары жүйесі бойынша берілетін ипотека жайында. Бұл екі өнімнің ұқсас тұстары бар: екі өнім де қаражат жинауды (немесе қандай да бір басқа себеппен қаражаттың болуын) көздейді. Осы екі өнімге толығырақ тоқталайық.

Депозитті кепілге қою арқылы берілетін ипотеканың шарты мынадай: пайыз сатып алынатын пәтердің немесе үйдің 100% құнына есептеледі, ал кепілге қойылған депозит қарыз өтелгеннен кейін салымшыға қайтарылады. Егер қарыздың қалған сомасы депозиттегі қаражатқа тең немесе одан аз болса, салымды қарыздың бір бөлігін мерзімінен бұрын өтеуге де пайдалануға болады.

Депозитті кепілге қою арқылы ипотеканы Bereke Bank, ForteBank және Банк ЦентрКредит ұсынады. Осы үш банктің ішінде ең төменгі СЖТМ Банк ЦентрКредитте — 6%-дан 17,7%-ға дейін. Алайда кепілдегі салым сомасы қандай да бір себеппен азайып немесе оның бір бөлігі не толық сомасы жоғалып, үш жұмыс күні ішінде қайта толықтырылмаса, СЖТМ 24,6%-дан 24,9%-ға дейін белгіленеді.

ForteBank-те СЖТМ 9,53%-дан 18,81%-ға дейінгі, ал Bereke Bank-те 14,87%-дан 18,05%-ға дейінгі аралықта белгіленген.

Үш банк те мұндай қарызды 180 айға дейінгі мерзімге береді. Банк ЦентрКредит пен ForteBank-те қарыздың ең жоғары сомасы 100 млн теңгеге, ал Bereke Bank-те 70 млн теңгеге тең.

Жинақтаушы ипотека және ақшаны кепілге қою арқылы берілетін ипотека: Қазақстан банктері қандай ипотека түрлерін ұсынады?

Тұрғын үй жинақ жүйесі басқа ипотекалық өнімдерге ұқсас болғанымен, оның өзіндік ерекшеліктері бар және жинақтау тетігіне негізделген. Қарыз алушы депозитке қаражат жинайды, ал белгіленген талаптарды орындағаннан кейін қарыз бойынша төменірек мөлшерлемеге өте алады. Мәселен, нарықтағы бірқатар өнім бойынша тиімді мөлшерлемемен қарыз алу үшін қаражатты кемінде 36 ай жинап, депозитте тұрғын үй құнының кемінде 50%-ын жинау қажет, қалған сомаға қарыз тиімді мөлшерлемемен беріледі, ал нақты талаптар банк пен өнімге байланысты болады.

Мұндай ипотеканы Halyk Bank, Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне (ТҚЖ) маманданған осы саладағы бейінді даму институты — Отбасы банк ұсынады.

Halyk Bank пен Freedom Bank-те ең төменгі жинақтау мерзімі — 36 ай, ал Банк ЦентрКредитте — 6 ай. Жинақтың ең төменгі мөлшері тұрғын үй құнының 50%-ын құрайды (айта кетерлігі, Банк ЦентрКредит бойынша жинақтың қажетті үлесі көрсетілмегенін).

Отбасы банк ТҚЖ аясында қарыздың бірнеше түрін ұсынады: тұрғын үй, алдын ала берілетін және аралық қарыздар. Тұрғын үй құнының 50%-ы болған жағдайда жинақтау мерзімі қысқарақ болуы мүмкін (аралық қарыз), сондай-ақ тұрғын үй құнының небәрі 10%-ын жинақтау жеткілікті өнім де бар (алдын ала берілетін қарыз). Бұл материалда Отбасы банктің мемлекеттік, өңірлік және жеке арнайы бағдарламалары аясында ұсынатын ипотекалары қарастырылмады, себебі қаржы институтында мұндай өнімдер аз емес.

ТҚЖ аясындағы өнімдер бойынша ең төменгі мөлшерлемені Отбасы банк ұсынады. СЖТМ — алдын ала берілетін қарыз бойынша 2%-дан 24,3%-ға дейін, тұрғын үй қарызы бойынша 3,6%-дан 6,9%-ға дейін, ал аралық қарыз бойынша 9%-дан 9,6%-ға дейін. Halyk Bank-те СЖТМ 5,1%-дан, Freedom Bank-те 11,01%-дан басталады.

Өнімдер туралы толығырақ мәлімет кестеде берілген. Онда әр өнім бойынша тиімді және номиналды мөлшерлемелер де көрсетілген.