Біз республикамыздағы шағын және орта кәсіпкерлікті (ШОК) дамытудың маңызы туралы үнемі жазып отырамыз және ҚР экономикасында шағын және орта кәсіпкерліктің салмағы тұрақты түрде өсіп келе жатқанын да атап өттік. Бүгін ШОК-тың жеке сегменті, яғни жеке кәсіпкерлер туралы баяндаймыз.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша ҚР-да 1,38 млн ЖК жұмыс істеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,1%-ға артық. Қазақстанның жеке кәсіпкерлерінің қаңтар–наурыз айларында шығарған өнімі 3,83 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 2,3 есе көп. Назар аударсаңыз, тек бірінші тоқсандағы өндіріс көлемі 2021 жылдың толық бір жылдық көрсеткішінен асып түсті, бұл — үлкен жетістік.
Стратегиялық тұсы да маңызды: дәл осы ЖК кәсіпкерлік қызметтің бастауы болып саналады. Жалпы алғанда, шағын және орта бизнес өзінің қолайлы әрі бейімделу қабілетінің арқасында тұрақты экономикалық өсімді, сондай-ақ әлеуметтік дамуды қамтамасыз етсе, ал ЖК бизнесті бастаудың ең қарапайым әрі қолжетімді жолы болып қала бермек, демек, ЖК ШОК-тың негізгі бөлігін құрайды.
Қазақстанда жеке кәсіпкерлерге ерекше қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, барлық тіркеу жұмыстары және ЖК бойынша жүргізілетін есептердің едәуір бөлігі толығымен цифрландырылған, мемлекеттік органдардың порталдары арқылы, екінші деңгейдегі банктердің клиентке бағдарланған ыңғайлы қосымшаларында қолжетімді. Сектордағы бюрократиялық кедергілерді жоятын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендететін диджитализация да күн санап дамуда.
Мысалы, жақында ЖК-ға арналған тағы бір сервис іске қосылды, ол жұмысты жеңілдетеді және ЖК деректемелері мен салық режимін оңай өзгертуге мүмкіндік береді. Бұрын ол үшін кәсіпкер құжаттарымен салық басқармасына баратын немесе өз деректерін ЭЦҚ көмегімен салық төлеушінің кабинетінде өзгертетін. Енді мұны Kaspi.kz мобильді қосымшасында берілген «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде тез әрі оңай жүзеге асыруға болады. Қашан және қай жерде тіркелгеніне қарамастан, сервис барлық жеке кәсіпкерлерге қолжетімді.
Kaspi.kz қосымшасында:
- ЖК атауын және мекенжайын;
- салық органын;
- ЭҚЖЖ бойынша қызметтің негізгі және қосымша түрлерін;
- салық режимін өзгертуге болады.
Қоcымшада деректемелерді өзгерткеннен кейін деректер мемлекеттік органдар базасында 24 сағаттың ішінде автоматты түрде жаңарады.
Сервисті Kaspi.kz, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК), сондай-ақ ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп іске қосты. МКК жеке кәсіпкерлер үшін және бизнесті қолайлы жүргізу үшін жасалған онлайн-сервистерді финтех-компаниялармен және екінші деңгейдегі банктермен серіктестік қарым-қатынас орната отырып, үнемі жетілдіретінін атап өтті.
Жеке кәсіпкерлікті дамытуға ерекше зейін бөлу негізді жағдай. Экономикалық құрамдас бөліктен басқа, жеке кәсіпкерлердің маңызды әлеуметтік міндеті бар, ол — қазақстандық еңбек нарығын дамыту. Мәселен, ЖК-да 1,8 млн астам адам жұмыс істейді, бір жылда тағы 2,5% қосылады.
Жалпы алғанда, бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікте елдің экономикалық белсенді халқының жалпы санының 44,7%-ы жұмыс істейді. Оның 42,8%-ы ЖК-да қызмет атқарады. Демек, ЖК экономикалық белсенді азаматтардың 19,1%-ын, яғни, еңбекке қабілетті әрбір бесінші қазақстандықты жұмыспен қамтиды. Сондықтан, шағын және орта кәсіпкерліктің, соның ішінде жеке кәсіпкерліктің жұмысын жеңілдететін және оңайлататын кез келген сервистер мен инновациялар ҚР үшін өте өзекті әрі маңызды.