АҚШ долларының бағамы 1993 жылы ұлттық валюта енгізілген кезде 5,26 теңге болса, 2025 жылдың қыркүйегінде 536,8 теңгеге жетті. Соңғы отыз жылда біз бір көріністі байқап келеміз: әрбір жаңа дағдарыс теңгенің құнсыздануымен қатар жүрді, ал тұрақтылық кезеңдері ұзаққа созылмады.
90-ыншы жылдары АҚШ доллары 27 есе қымбаттады, 2000-ыншы жылдары өсу қарқыны бәсеңдегенімен, 2008 жылғы дағдарыс ұлттық валютаны тағы да әлсіретті. Соңғы үлкен өзгеріс 2015–2016 жылдары орын алды: бір жылдың ішінде доллар бағамы 221,7 теңгеден 342,2 теңгеге дейін өсіп, бірден 23,7%-ға қымбаттады. Содан бері бұл үрдіс күшейе түсті: 2024 жылға қарай АҚШ долларының орташа бағамы 469,4 теңгені құрады.
Қысқамерзімді деректерге сүйенсек, 2025 жыл теңгенің күрт әлсіреу дәуірін айқындаған кезең болды. Мәселен, 2022–2024 жылдары орташа тоқсандық бағам АҚШ доллары үшін 442,5–477,7 теңге аралығында сақталып, 2024 жылдың төртінші тоқсанында шамамен 500 теңгеге дейін әлсіреді. Ал биылғы жылы бірінші тоқсанда доллар 510,2 теңге болса, екінші тоқсанда 513,8 теңгеге жетті.

Ай сайынғы динамикада жағдай анығырақ көрінеді. 2025 жылдың қаңтарында доллар 524,7 теңге болса, шілдеде 528,8 теңге, ал тамызда 539 теңгеге жетті. Нәтижесінде сегіз айдың ішінде АҚШ долларының құны 2,7%-ға өсті, ал өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда, 12,7%-ға қымбаттады.
ҚР Ұлттық банкінің 2025 жылдың қыркүйегінің алғашқы он күніндегі ресми деректері көрсеткендей, доллар 535 теңгеден жоғары деңгейде сақталып, 540,2 теңгеге дейін барды. Тіпті тыныш кезеңдерде де бағам бұл межеден төмен түспеді. Бұл жағдай нарықтың әлсіреуді уақытша құбылыс емес, жаңа норма ретінде қабылдап отырғанын аңғартады.

Қазақстан Ұлттық банкінің басшыларының ауысу тарихы бір заңдылықты айқын көрсетеді: әр жаңа төрағаның өкілеттігі ұлттық валютаның әлсіреуімен аяқталған. Мәселен, 90-ыншы жылдары алғашқы үш басшысы (Сембаев, Жандосов және Дамитов, 1993 жылдың қарашасында теңгені айналымға енгізіп, желтоқсанда қызметінен кеткен Байназаровты есептемегенде) тұсында доллар 6,3 теңгеден 141 теңгеге дейін өсті. Бұл кезеңде ұлттық валюта мен нарықтық экономика қалыптасу үстінде болды, ал реттеушінің тұрақтандыру құралдары әлі жетілмеген еді.
2000-ыншы жылдары жағдай ішінара ғана өзгерді. Григорий Марченко өзінің алғашқы қызмет жылдарында бағамды өзгеріссіз сақтап тұрды. Сәйденов басқарған тұста (2004–2009 жылдар аралығы) теңге тіпті нығайып, бір АҚШ доллары үшін 139,7 теңгеден 121,3 теңгеге дейін көтерілді, алайда бұл нығаю реттеушінің жүйелі саясатының емес, мұнай бағасының рекордтық деңгейге жетуі мен инвестициялар ағынының өсуінің нәтижесі еді. Ал Марченконың екінші рет төраға болған жылдары (2009–2013 жылдар аралығы) жаһандық қаржы дағдарысының әсерінен доллар тағы шамамен 30 теңгеге қымбаттады.
Ең күрт құлдырау кезеңі Келімбетов басқарған тұста (2013–2015 жылдар аралығы) болды. ҚР Ұлттық банкінің дәл осы төрағасы өзінің екі жылдық қызметі барысында доллар бағамын 153,8 теңгеден 279,2 теңгеге дейін көтеріп, ұлттық валютаның құнсыздануына жол беріп тарихқа енді. Келімбетовтің тұсында 2015 жылы теңге еркін бағамға көшірілді. Іс жүзінде бұл — теңгенің бір сәтке құнсыздануы және мемлекеттің бағамды тікелей бекітуден бас тартуы, бірақ бұдан нарықтық механизмдер күшейе қойған жоқ.
Ақышев (2015–2019 жылдар аралығы) бұл трендті жалғастырды: бағам жаңа, әлдеқайда жоғары — бір АҚШ доллары үшін 376,7 теңге деңгейінде тұрақтады. Досаев (2019–2022 жылдар аралығы) оны 433,8 теңгеге дейін көтерді, ал Пірматов (2022-2023 жылдар аралығы) 456,4 теңгеге дейін жеткізді. Қазіргі Тимур Сүлейменов басқарып тұрған тұста доллар, атап өткеніміздей, биылғы жылдың 10 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 536,8 теңге деңгейінде тұрақтап тұрды, бұл тенденцияға қарсы тұру мүмкін емес.
Қорытынды бірдей: ҚР Ұлттық банкінің тарихында тек Сәйденовтің тұсында шикізаттың қымбаттауына байланысты бағам уақытша нығайды. Қалған барлық кезеңде жаңа төрағаның қызметі теңгенің әлсіреуімен аяқталды. Бұл реттеушінің саясатының әлі де реактивті екенін айғақтайды: шикізатты рекордтық көлемде қымбат бағамен экспорттаған кезде ғана теңге нығаяды. Тіпті еркін бағамға көшу де жалпы траекторияны өзгерте алмады. Бағам тек сыртқы ахуал тыныш кезде тұрақтанады, ал дағдарыс жағыдайында теңге қайта құлдырайды.

ҚР Ұлттық банкі «жаһандық тенденциялар» мен emerging markets әлсіздігіне жиі сілтеме жасайды. Алайда сандар басқаны айғақтайды: дамушы елдердің валюталарымен салыстырғанда, теңге айтарлықтай жылдам әлсірейді. Мысалға, 2000 жылдан 2024 жылға дейін теңге 3,3 есе құнсызданды — дәл сондай деңгейде ресей рублі де әлсіреді. Салыстыру үшін айта кетсек, Индонезия және Үндістан рупиялары 90%-дан аз, Мексика песосы 93,5% ғана құнсызданды. Ал дәл сол кезеңде Түрік лирасы 52 еседен артық құнсызданды, бірақ бұл жағдай ұзақ уақыттан бері қалыптан тыс, ерекше жағдай ретінде бағаланады.
2010 жылдан бері ұқсас динамика байқалады: теңге АҚШ долларына шаққанда 3,2 есе, рубль мен Бразилия реалі 3,1 есе құнсызданды, ал Үндістан және Индонезия рупиялары 74,6%–83,3% аралығында ғана құнсызданды, Мексика песосы бар болғаны 45% құнын жоғалтты.
Жақын жылдарға қарасақ, жағдай тіптен айқын. 2020 жылдан 2024 жылға дейін теңге 13,7%-ға, Үндістан рупиясы 12,8%-ға, Индонезия рупиясы 8,6%-ға, ал Оңтүстік Африка ранды 11,2%-ға құнсызданды. Ал Мексика песосы керісінше АҚШ долларына шаққанда 15%-ға нығайып, сәтті макросаясаттың үлгісін көрсетті.
2023–2024 жылдардың қорытындысы бойынша теңге 2,9%-ға құнсызданды. Салыстыру үшін: Бразилия реалі мен Ресей рублі әлдеқайда көп (7,9% және 8,6%) деңгейде, Үндістан рупиясы 1,3%-ға, Индонезия рупиясы 4%-ға, Мексика песосы 3,2%-ға әлсіреді. Түрік лирасы қайта аутсайдер ретінде көзге түсті, бірден 38%-ға әлсіреді. Бұл орайда Оңтүстік Африка ранды керісінше АҚШ долларына шаққанда 0,6%-ға нығайды.

Соңғы статистика айрықша қызықты. 2025 жылғы тамыз айының қорытындысы бойынша АҚШ доллары теңгеге шаққанда бір жылда 12,7%-ға қымбаттады. Ал Америка валютасы бразилия реалына (минус 2,2%) және Оңтүстік Африка рандына (минус 1,9%) шаққанда керісінше арзандады. Шілде айының қорытындысы бойынша доллар бір жылда Түрік лирасына шаққанда бірден 22,2%-ға, ал Индонезия рупиына шаққанда тек 0,1%-ға қымбаттады. Ресей рубліне шаққанда доллар керісінше бірден 9,8%-ға арзандады.
Демек, шикізаттан түсетін кірістерге қарамастан және мемлекет қарызы аз болса да, Қазақстан валюталық нарықта төмен көрсеткіштерге ие болып отыр.
