Төлем мерзімі өтіп кеткен тұтынушылық кредиттер: Ресейде бұл көрсеткіш Қазақстанға қарағанда екі есе көп. Себебі неде?

Фото: https://www.shutterstock.com/

Қазақстанда халықтың тұтынушылық кредиттерінің көлемі нарықтың өсуіне және дамуына байланысты ұлғаюда. Бұл нарықтық экономиканың аясында болатын табиғи үрдіс. Жақында біз Қазақстанда қарыз жүктемесінің төмен екенін және оның халықтың қалтасына аса салмақ салмайтынын жазған едік.

Тұтынушылық кредиттің нақты ауқымын жақсы түсіну үшін басқа елдермен салыстырайық. Мысалы көршілес Ресейдегі жағдайға тоқталайық.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан халқының кредит көлемі 20,7 трлн теңгені құрады. Оның ішінде азаматтардың тұтынушылық мақсаттарға алған кредиттері 13,8 трлн теңгеге немесе банк секторы тарапынан берілген экономикадағы барлық кредиттердің жалпы сомасының 38,3%-ына (36 трлн теңгеге) тең.

Салыстыру: Ресейде дәл осындай жылдың қорытындысы бойынша халықтың қарыздары 23,5 трлн рубльді құрады (шамамен 117,5 трлн теңге). Қамсыздандырылмаған тұтынушылық кредиттер 14,1 трлн рубльді құрады (шамамен 70,5 трлн теңге). Демек, Ресей Федерациясындағы тұтынушылық кредит көлемі Қазақстандағы көрсеткіштен 5 есе артық. Алайда, экономиканың ауқымын ескерсек, абсолютті мәндерді салыстыру дұрыс емес, сондықтан біз оларды тек түсініктеме үшін келтірдік.

Енді екі елдегі халықтың қарыз жүктемесінің деңгейін, сондай-ақ осы көрсеткіштің динамикасын қарастырайық. Ол үшін жалпы шама — жеке тұлғаларға берілген кредиттер бойынша берешектің ЖІӨ-ге қатынасын қолданамыз. Мәселен, 2023 жылғы соңғы деректер бойынша Қазақстанда ЖІӨ-ге шаққанда халықтың кредиттерінің үлесі 14%-ды құрады, ал Ресейде бұл көрсеткіш 19,4%-ға жетті, Қазақстанға қарағанда 5,4 пайыздық тармаққа артық.

Егер өсу динамикасын қарастыратын болсақ, мұнда да Қазақстан артта қалып отыр. Мәселен, бір жыл ішінде Қазақстанда ЖІӨ-ге шаққанда халықтың кредиттерінің үлесі 1,3 пайыздық тармаққа, ал Ресейде 2,1 пайыздық тармаққа өскен. Осылайша, Ресейде қарыз жүктемесі айтарлықтай жоғары ғана емес, сонымен бірге қарқынды өсуде.

Төлем мерзімі өтіп кеткен тұтынушылық кредиттер: Ресейде бұл көрсеткіш Қазақстанға қарағанда екі есе көп. Себебі неде?

Біз Ресейдегі қарыз жүктемесінің деңгейі Қазақстанға қарағанда едәуір жоғары екенін анықтадық. Бірақ бұл медальдің бір жақ тұсы ғана. Енді тереңірек үңіліп, берілген кредиттердің қаншалықты сапалы екенін айқындайық. Шын мәнінде, мерзімі өтіп кеткен төлемдерді талдау қарыз алушылардың өз міндеттемелерін орындау мүмкіндіктерінің деңгейін ғана емес, сондай-ақ банк жүйесінің тұтастай тұрақтылығын көрсетеді.

Ресейде 2024 жылдың соңына қарай халықтың төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен тұтынушылық кредиттерінің үлесі 8,9%-ға жетті, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 7,8% деңгейінде болды. Яғни, бір жыл ішінде 1,1 пайыздық тармаққа өсті. Жақсы көрсеткіш емес (әсіресе, ҚР көрсеткіштерімен салыстырғанда) және ол әлі де өсуде.

Ал Қазақстанда жағдай айтарлықтай жақсырақ. Мысалға, дәл сол жылдың аяғында халықтың төлем мерзімі өтіп кеткен тұтынушылық кредиттерінің үлесі 3,9%-ды құрады, бұл Ресей Федерациясынан екі есе аз. Айта кетерлігі, ҚР көрсеткіші тек NPL 90+ төлемдерді емес, кез келген мерзімге кешіктірілген жалпы төлемді қамтиды. Демек, Қазақстанда төлем мерзімі 90 күннен асатын проблемалық кредиттердің нақты үлес салмағы одан да аз. Салыстыру: ҚР ЕДБ несие портфеліндегі NPL 90+ үлесі жылдық динамикада өзгеріссіз қалып, небәрі 3,05%-ды құрады. Ұзақ мерзімді динамикада жағдай айтарлықтай жақсарды.

Қазақстанда қарыздардың әлдеқайда сапалы екені айқын, себебі кредиттік өтінімдер барлығына бірдей мақұлдана бермейді. Бүгінде Қазақстанда қарыз алғысы келетіндердің бәрі бірдей кредит ала алмайды. Реттеуші орган енгізген өзгерістер мен шектеулердің салдарынан елде қарыз алушыларға қатаң талаптар қойылады. Бұған дейін жазғанымыздай, 2024 жылдың төртінші тоқсанында кепілсіз тұтынушылық қарыз алғысы келетіндердің 70%-ына кредит мақұлданбады.

Ресейде жағдай өзгеше. Кредиттер барлығына, тіпті, қарызы көптерге де беріле береді. Түсінікті болу үшін ҚЖК-ны, яғни қарыз алушының қарыз жүктемесінің көрсеткішін қарастырайық. ҚЖК — бұл адамның барлық кредиттері мен қарыздары бойынша төлемдерінің орташа айлық кірісіне қатынасы. Ең дұрысы, ҚЖК 30%-дан аспау керек. ҚЖК 30%-дан 50%-ға дейін болса, кредит алу қиынырақ болады, бірақ мүмкіндіктер де жоқ емес. 50%-дан астам ҚЖК жоғары болып саналады. 80%-дан басталатын ҚЖК қарыз алушының қарызға белшесінен батқанын көрсетеді.

2024 жылы Ресейде тұтынушылық кредиттердің 12%-ы ҚЖК-сы 80%-дан жоғары қарыз алушыларға берілген. Алайда, заң бойынша мұндай азаматтарға кредит карталарының өзін беруге тыйым салынады. Жағдай мынадай, адам табысының 80%-дан астамы кредит төлемдерін өтеуге кетеді, ол тағы да қарыз алуға мәжбүр болады, ең өкініштісі, оларға қайта кредит мақұлдайды. Бұл ретте Ресей Федерациясындағы барлық қарыз алушылардың 19%-ның ҚЖК-сы 50%-дан 80%-ға дейін. Демек, 2024 жылы кредит алған қарыз алушылардың жалпы 31%-ы белшесінен қарыз және қарыз алуын жалғастырды. Өткен жылдары жағдай бұдан да нашар болды.

Жоғарыда жазылғандарды түйіндейік. Ресейде тұтынушылық кредит Қазақстанға қарағанда бірнеше есе көп беріледі, бұл абсолютті және салыстырмалы көрсеткіштерден көрінеді. Бұл орайда Қазақстанда тұтынушылық кредит нарығы бірқалыпты, азаматтардың қалтасына және олардың қаржылық тұрақтылығына салмақ салмайды. Ресеймен салыстырғанда, қарыз жүктемесі мен қарыздарды мақұлдау деңгейінің көрсеткіштері төмен.

Төлем мерзімі өтіп кеткен тұтынушылық кредиттер: Ресейде бұл көрсеткіш Қазақстанға қарағанда екі есе көп. Себебі неде?