Қазақстан экономикасы мен бизнесіне қаншалықты несие беріліп жатыр?
Кәсіпкерлікті қаржылық қолдауға бағытталған ҚР ЕДБ мен Қазақстанның Даму банкі кіретін еліміздің банк секторының экономикаға берілген несиелері биыл тамызда 11,7 трлн теңгеден асты, бұл былтырғыдан 8,4% артық.
Бір қызығы, несие көлемінің ең үлкен өсімі шағын бизнесті несиелендіру сегментінде байқалады: шағын бизнеске берілген несиелер бір жылда 23,7% өсіп, 5,2 трлн теңгеге жетті. Бұл бизнеске берілген барлық несиелердің 44,2%-ы және республика экономикасын барлық салалар бойынша несиелендірудің 20%-ға жуығы.
Бір жыл ішінде тағы 4,8 трлн теңге ірі бизнеске берілген (былтырғыдан сәл 3,5% аз), ал 1,8 трлн теңге — орта бизнеске берілген (былтырғыюан 5,3% көп).
Осылайша, республикада кәсіпкерлікті, әсіресе шағын компанияларды несиелендіру тұрақты өсіп келеді.
ҚР ЕДБ несиелеріне келетін болсақ, мұндағы несиелендіру көлемі тамыз айының басында бір жылда 13,1% көбейіп, 9,92 трлн теңгеге жетті.
Оның ішінде заңды тұлғаларға берілген несиелер 8,62 трлн теңге (бір жылда 7,9% көбейген), ал жеке кәсіпкерлерге кәсіпкерлік мақсаттағы несиелер 1,3 трлн теңге (65,7% көбейген) болды.
Кестедегі ұзақ мерзімді динамикаға сүйене отырып, қазақстандық банктердің несиелік белсенділігінің өсуі 2021 жылы басталғанын байқауға болады. Бұл пандемияның ауыр соққысынан кейін бизнес пен жеке кәсіпкерліктің жандануына және қазақстандық кәсіпкерлердің COVID-19-мен байланысты дағдарыстан шығуға көмектесу үшін қолжетімді қаржыландыруға сұранысының артуына сәйкес келеді.
Банктердің тек ірі кәсіпорындарды ғана емес шағын кәсіпкерлік пен жеке кәсіпкерлікті де несиелеуге дайын болуы ерекше маңызды. Дағдарыстарға неғұрлым осал, бірақ сонымен бірге мобильді және экономикалық үрдістерге сезімтал бұл кішігірім кәсіпорындар қазір бүкіл әлемде бірінші орынға шығуда.
Біз бірнеше рет атап өткеніміздей, экономикалық тұрғыдан ең табысты елдер шағын және орта кәсіпкерлік (ШОБ) сегментіне ерекше арқа сүйейді. Осылайша, Еуропалық Одақ сарапшылары шағын бизнес тұрақты және цифрлық экономикаға көшуде шешуші рөл атқаратынын, бәсекеге қабілеттілік пен өнеркәсіптік экожүйелердің дамуына ықпал ететінін, экономикалық және технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ететінін атап көрсетеді. ШОБ және жеке кәсіпкерлер сыртқы экономикалық күйзелістерге төтеп беруге үлес қосады және ресурстарды тиімді пайдалануда, әлеуметтік бірлікте және инновациялық шешімдерді таратуда маңызды рөл атқарады. ЕО үшін бұл жай ғана сөз емес: шағын және орта кәсіпорындар Одақтағы барлық компаниялардың 99%-ын құрайды.
Биыл қыркүйектің басында Қазақстанда 2,33 млн заңды тұлға, шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен еншілес ұйымдары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер тіркелген. Оның ішінде ШОБ субъектілері 95,7% немесе 2,23 млн, белсенді заңды тұлғалар, филиалдар мен жеке кәсіпкерлер 2,11 млн, оның ішінде 2,03 млн, немесе 96,2%-ы ШОБ субъектілері болды.
Соның ішінде жұмыс істеп тұрған орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бір жылда 4,2%, 2,8 мыңға, шағын кәсіпорындар — 9,7%, 353 мыңға, жеке кәсіпкерлер — 29,9%, 1,42 млн-ға, шаруа қожалықтары және фермерлік қожалықтар — 12,5%, 254,6 мыңға өсті.
Төмендегі кестеде анық көрсетілгендей, соңғы жылдардағы, әсіресе 2019 жылдан бастап жұмыс істеп тұрған, яғни тіркелген ғана емес, белсенді жұмыс істейтін ШОБ субъектілерінің саны ЕДБ несиелік белсенділігімен тікелей байланысты болуы өте маңызды. Мәселен, 2011 жылдан 2023 жылға дейін бұл көрсеткіштердің корреляциялық коэффициенті (шілде – ҚР ЕДБ бизнеске берілген несиелері бойынша, тамыз — ШОБ субъектілерінің саны бойынша) небәрі 61,6% құрайды, ал кезеңді алсақ 2019 жылдан 2023 жылға дейін корреляция коэффициенті бірден 99,5%-ға жетеді.
Ай сайынғы динамикаға тоқталсақ, көрсеткіш шамалас: 2019 жылғы шілдеден 2023 жылғы тамызға дейін ай сайын есептегенде бұл екі көрсеткіштің корреляциялық коэффициенті 96,5%.
Осылайша, қазір коронадағдарыстан кейінгі кезеңде Қазақстандағы шағын және орта бизнестің, сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің табысты жұмысын республиканың ЕДБ несиелік қолдауы қамтамасыз етіп жатыр.