Іс жүзінде әр адам өмірінде кем дегенде бір рет қолына қомақты қаржы түсетін жағдайға тап болады. Пәтерді, автокөлікті немесе жер телімін сату, сыйақы, мұра немесе мәміле бойынша төлем алу — мұның бәрі адамды бір сұрақтың алдына қояды: егер бұл қаражат бүгін емес, бірнеше айдан кейін қажет болса, оны қалай тиімді пайдалануға болады?
Ең қарапайым шешім — ақшаны банк картасында немесе ағымдағы шотта қалдыру. Бұл ыңғайлы болғанымен, қаржылық тұрғыдан әрдайым тиімді емес. Қаражат жай ғана қозғалыссыз жатқан кезде табыс әкелмейді, ал инфляцияның әсерінен оның сатып алу қабілеті біртіндеп төмендей береді.
Инвестицияны да қарастыруға болады, алайда ол белгілі бір білімді талап етеді және нарықтық тәуекелдермен байланысты. Сондықтан қазақстандықтардың көбі неғұрлым консервативті жолды таңдап, бос қаражатын банк депозитіне салады. Бүгінде депозиттік өнімдердің ішінде ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерінің бірі жинақ депозиттері бойынша ұсынылады. Қазіргі таңда мұндай депозиттер бағалы қағаздар нарығындағы көптеген құралдарға қарағанда тиімдірек.
Бос қаражатты тиімді пайдалануға болатын жағдайлар
Мұндай жағдайлар күнделікті өмірде жиі кездеседі.
- Мысалы, бір отбасы қайталама нарықтағы пәтерін сатып, салынып жатқан тұрғын үйден жаңа пәтер таңдады делік. Пәтер кілтін алғанға дейін шамамен бір жыл уақыт бар. Осы кезеңде жаңа баспана сатып алуға арналған қаражат көбіне пайдаланылмай жатады. Ал оны депозитке орналастыру арқылы қосымша табыс табуға болады.
- Осындай жағдай автокөлікті сатқаннан кейін де кездеседі. Жаңа көлікті сатып алу қолайлы модель шыққанша немесе тиімдірек ұсыныс пайда болғанша бірнеше айға кейінге қалдырылуы мүмкін. Осы уақыт ішінде бос қаражат иесіне табыс әкеле алады.
- Тағы бір кең таралған жағдай — қомақты сыйақы, дивиденд немесе мұра алу. Көптеген адамдар қаржылық шешімді бірден қабылдамай, алдымен алдағы жоспарларын айқындап алуды жөн көреді. Осы аралықта ақша нарықты үнемі бақылауды қажет етпей-ақ табыс әкеле алады.
- Сонымен қатар, көптеген адамдар пәтерді жөндеуге, балалардың оқуына, саяхатқа немесе ипотека бойынша бастапқы жарнаға алдын ала қаражат жинайды. Егер жоспарланған мақсатқа дейін бірнеше ай уақыт болса, бұл жинақты да тиімді пайдалануға болады.

Неліктен жинақ депозитін таңдаған дұрыс?
Бір қарағанда барлық депозиттер бірдей көрінуі мүмкін, алайда олардың арасында айтарлықтай айырмашылық бар.
Жинақ депозиті қаражатын белгілі бір мерзімге орналастырып, оны күнделікті пайдалануды жоспарламайтын клиенттерге арналған. Сондықтан банктер мұндай депозиттер бойынша жоғарырақ сыйақы мөлшерлемесін ұсынады.
Мұның себебі қарапайым. Қаржы ұйымы қаражаттың шотта белгілі бір уақыт сақталатынын білгендіктен, өз қызметін тиімдірек жоспарлап, тартылған қаражатты еркін пайдалана алады. Соның нәтижесінде салымшы классикалық депозиттермен салыстырғанда жоғарырақ табысқа ие болады.
Сондықтан бүгінде жинақ депозиттері бос қаражатты сақтап қана қоймай, одан қосымша табыс табуға болатын ең тиімді банк құралдарының біріне айналып отыр.
Нарықта қандай ұсыныстар бар?
Бүгінде Қазақстандағы 23 ЕДБ-ның 15-і толықтыру мүмкіндігі бар, бірақ қаражатты ішінара шешіп алуға болмайтын жинақ депозиттерін ұсынады. Осындай депозиттердің ең жоғары мөлшерлемелері көбіне 3 ай мерзімге арналған өнімдер бойынша ұсынылады, мұндай депозиттерді 14 банк ұсынады.
Сыйақының ең жоғары жылдық тиімді мөлшерлемесі (СЖТМ) 20,5%-ға тең. Мұндай мөлшерлемені Home Credit Bank «Жинақ Хоум+» өнімі бойынша ұсынады. Депозит жоғары табыстылығымен қатар, қолайлы шарттарымен де ерекшеленеді: депозитті ашу үшін небәрі 1мың теңге қажет, оны кез келген уақытта толықтыруға болады, ал пайыздар күн сайын капиталдандырылады. Сонымен қатар депозитті 3 айға ғана емес, 6 немесе 12 айға да ашуға болады — бұл мерзімдер бойынша да өнім табыстылығы жағынан нарықтағы үздік ұсыныстардың қатарына енеді.
Екінші орында — Еуразиялық Банктің «TURBO Deposit Жинақтаушы» депозиті, СЖТМ 20,02%-ды құрайды.
Тағы үш банк 20% деңгейіндегі табыстылықты ұсынады: KMF — «Депозит плюс — толықтырумен», Bereke Bank — «Акциялық Сәлем депозиті», Kaspi Bank — «Жинақтаушы Kaspi Депозиті». Жалпы алғанда, осы сегменттегі орташа СЖТМ 18,82%-ды құрайды.
Салым ашуға қажет ең төменгі сома да әртүрлі. Ең қолжетімді шарттарды Банк ЦентрКредит ұсынады: «Менің мақсатым» депозитін небәрі 1 теңгемен ашуға болады. Ал Home Credit Bank-те («Жинақ Хоум+»), Еуразиялық Банкте («TURBO Deposit Жинақтаушы») және Банк ЦентрКредитте (Birge+) бастапқы сома бар болғаны 1 мың теңгені құрайды. Кейбір басқа банктерде мұндай депозит ашу үшін кемінде 50 мың немесе 100 мың теңге салу қажет.
Ақшаңыз да табыс әкелуі керек
Көпшілік табыс тек жылжымайтын мүлікке, акцияларға немесе жеке бизнеске салынған инвестициядан ғана түседі деп есептейді. Алайда іс жүзінде олай емес.
Тіпті уақытша бос жатқан қаражаттың өзі дұрыс қаржы құралын таңдасаңыз, қосымша табыс әкеле алады. Әсіресе ақша қолыңызда болғанымен, оны қалай пайдаланатыныңыз бірнеше айдан кейін ғана белгілі болатын жағдайларда бұл өте тиімді.
Сондықтан базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде тұрған қазіргі жағдайда жинақ салымдарына сұраныс артып келеді. Олар қаражатты сақтап қана қоймай, оны қажет уақытқа дейін тиімді орналастырып, кепілдендірілген табыс алуға мүмкіндік береді.


