Мөлшерлемесі жоғары ең тиімді депозитті анықтаймыз: банктер не ұсынады?

Фото: https://www.shutterstock.com/

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарына қарай Қазақстан банктеріндегі жеке тұлғалардың салымдары 28,1 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде 24,3 трлн теңге — халықтың мерзімді және жинақ салымдары. Жалпы, қазақстандықтар арасында қаражат жинауға деген қызығушылық артып келеді: ҚР Ұлттық банкінің ай сайынғы сауалнамасының деректеріне сәйкес жинақ ақшаларын депозиттерде сақтайтын респонденттердің үлесі 2024 жылғы орташа 62%-дан 2025 жылдың алғашқы он айында 68,1%-ға дейін өскен.

Осыған байланысты біз бүгінгі таңда елдегі жетекші банктер ең тиімді депозиттер — толықтыру мүмкіндігі қарастырылмаған жинақ салымдары бойынша қандай мөлшерлемелер ұсынатынын анықтадық. Естеріңізге салсақ, жинақ депозиттері бойынша қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Ал таңдалған оңтайлы мерзім — алты ай.

Бөлшек салымдар көлемі бойынша ең ірі он ЕДБ-ның сегізінде 6 ай мерзімге толықтыру мүмкіндігі жоқ жинақ депозиттерін ашуға болады (тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында жұмыс істейтін Отбасы банкі есепке алынбады).

Бұл сегментте сыйақының ең жоғары жылдық тиімді мөлшерлемесін (СЖТМ) «Жинақ Хоум» өнімі бойынша Home Credit Bank ұсынып отыр: 15%-дан 20%-ға дейін. Мұндай салымды ашу үшін ең аз дегенде 100 мың теңге қажет.

Мөлшерлемесі жоғары ең тиімді депозитті анықтаймыз: банктер не ұсынады?

Freedom Bank те «Капитал» өнімі бойынша 20% СЖТМ ұсынады, алайда бұл жағдайда салымды ашу үшін кемінде 500 мың теңге қажет, бұл депозиттің тартымдылығы мен қолжетімділігін айтарлықтай төмендетеді.

Еуразиялық банктің «Turbo Deposit Жинақтаушы» өнімі бойынша да мөлшерлеме жоғары: 19,1%, бірақ салымды ашу үшін 10 млн теңге қажет. Қаржы институтында бастапқы сомасы төмен өзге де өнімдер бар, алайда олардың мөлшерлемелері сәйкесінше төмен. Ал біз бұл шолуда мөлшерлемесі ең жоғары өнімдерді ғана қарастырып отырмыз.

Қазақстандағы өзге ЕДБ-ның депозиттік өнімдері бойынша СЖТМ 17,5%-дан 18,4%-ға дейін өзгереді, ал салымды ашу үшін қажет сома 5 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейінгі аралықта. Толығырақ ақпараттық кестеде берілген.

Мөлшерлемесі жоғары ең тиімді депозитті анықтаймыз: банктер не ұсынады?

Қазіргі жоғары мөлшерлемелер кезеңі жинақ шоттарын, әсіресе, ең жоғары мөлшерлемелері бар жинақ депозиттерін ашу үшін қолайлы.

Естеріңізге салсақ, биылғы жылдың 23 қаңтарында реттеуші базалық мөлшерлемені жылдық 18%, +/− 1 пайыздық тармақ дәлізімен жоғары деңгейде сақтап қалғанын жариялады. ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 6 наурызда жарияланады.