Қазақстанда банк салымдарының бірнеше түрі бар. Олардың ішінде ең жоғары табыс алып келетіні — жинақ депозиті. Мұндай салым ұзақмерзімді мақсаттарға және ірі қажеттіліктерге қаражат жинауға бағытталған. Ол депозит түрлерінің ішінде ең көп табыс алып келетін өнім болып саналады, сондықтан шарттары қатаңдау: қаражатты мерзімінен бұрын алу үшін өтініш бергеннен кейін 30 күнтізбелік күн күту қажет.
Мұндай құрылым банктерге қаражаттың мерзімін алдын ала нақтырақ болжауға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде олар клиенттерге икемдірек депозит түрлерімен салыстырғанда жоғарырақ табыс ұсына алады. Ал ең тиімді мөлшерлемелер әдетте қаражатты толықтыруға болмайтын салымдар бойынша ұсынылады.
Қазақстандықтар үшін ең тиімді депозиттерді қарастырайық. Талдауда жарты жылдық және бір жылдық ең жиі қолданылатын мерзімдерге назар аударамыз.
Қазақстандағы үздік 10 ЕДБ арасында мұндай тиімді депозиттерді 7 банк ұсынады: Halyk Bank, Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, Bereke Bank, Еуразиялық Банк, Bank RBK және Alatau City Bank.
6 айға ашуға болатын өнімдерден бастайық. Бұл сегментте ең жоғары СЖТМ Еуразиялық Банктің «TURBO Deposit Жинақтаушы» депозитінде: жаңа ашылатын салымдар бойынша ең азы 10 млн теңгеден бастап 20,5%–20,52%, ал 1 мың теңгеден басталатын салымдарда 20%–20,01% деңгейінде белгіленген.
Келесі орында — Bank RBK (SAFE депозиті) және Freedom Bank («Капитал» депозиті): СЖТМ — 20%. Bank RBK-да мұндай салымды 15 мың теңгеден бастап ашуға болады, ал Freedom Bank-те ең төменгі шек — 500 мың теңге.

Енді 12 ай мерзімге ашуға болатын өнімдерді қарастырайық. Мұнда да ең жоғары СЖТМ-ны Еуразиялық Банк өзінің «TURBO Deposit Жинақтаушы» депозиті бойынша ұсынып отыр: 20,5%, 1 мың теңгеден бастап ашуға болады. Бұл жоғары мөлшерлеме, шамасы, банктің қолданыстағы қысқамерзімді акциялық ұсынысымен байланысты.
Одан кейін — Freedom Bank-тің «Капитал» депозиті (16,87%) және Bank RBK-ның SAFE өнімі (15,8%).
Қалған банктер мен депозиттер бойынша деректер ақпараттық кестеде көрсетілген.
Мәлімет үшін: жеке тұлғалардың Қазақстан банктеріндегі салымдары биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 28,2 трлн теңгеге жетті, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 16,5%-ға көп, бес жыл бұрынғымен салыстырғанда 2,4 есе, ал он жыл бұрынғымен салыстырғанда 4 еседен астам жоғары.


