ҚР Ұлттық банкінің жаңартылған деректеріне сәйкес 2025 жылдың соңына қарай еліміздің сыртқы қарызы рекордтық деңгейге жетіп, шамамен 182 млрд АҚШ долларын құрады. Бұған дейін мұндай көрсеткіштерге тіпті жуық мәндер де тіркелмеген.
Бір жыл ішінде елдің сыртқы қарызының көлемі рекордтық 10,4%-ға артты. Бұл — соңғы 17 жылдағы ең жоғары өсім. 2025 жылға дейін сыртқы қарыз динамикасы бірқалыпты сипатта болып, оның көлемі кей кезеңдерде қысқарып, кейде аз ғана өсім көрсетіп отырды. Толығырақ төмендегі ақпараттық кестеде берілген.
Абсолюттік мәнде Қазақстанның сыртқы қарызы 17,2 млрд АҚШ долларына ұлғайды, бұл соңғы жылдардағы ең жоғары өсім болып саналады.

Сонымен қатар елдің қарыз жүктемесінің өскенін көрсететін бірқатар салыстырмалы көрсеткіштер де артып отыр.
- Сыртқы қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы (ішкіфирмалық берешекті қоса алғанда) бір жылда 56,6%-дан 59,4%-ға дейін өсті.
- Сыртқы қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы (ішкіфирмалық берешекті қоспағанда) бір жылда 25,3%-дан 30,1%-ға дейін артты.
- Сыртқы қарыздың ТҚЭж*-ге қатынасы (ішкіфирмалық берешекті қоса алғанда) бір жылда 182,7%-дан 201,7%-ға дейін ұлғайды.
- Сыртқы қарыздың ТҚЭж-ге қатынасы (ішкіфирмалық берешекті қоспағанда) бір жылда 81,6%-дан 102%-ға дейін өсті. Бұл екі көрсеткіш елдің сыртқы қарызды экспорттық валюталық кіріс есебінен өтеу қабілетін сипаттайды. Көрсеткіш неғұрлым төмен болса, қарыз жүктемесі соғұрлым тұрақты болады. Ал көрсеткіш жоғары болған сайын өтімділік тәуекелі мен сыртқы нарықтарға тәуелділік те артады.
- Ұзақмерзімді сыртқы қарызды өтеу және қызмет көрсету төлемдерінің ТҚЭт**-ге қатынасы (ішкіфирмалық берешекті қоса алғанда) бір жылда 56,4%-дан 66,1%-ға дейін өсті.
- Ұзақмерзімді сыртқы қарызды өтеу және қызмет көрсету төлемдерінің ТҚЭт-ге қатынасы (ішкіфирмалық берешекті қоспағанда) бір жылда 36,1%-дан 40,2%-ға дейін артты. Бұл көрсеткіштер ұзақмерзімді міндеттемелер бойынша сыртқы қарызды (негізгі қарыз бен пайыздар) өтеуге жұмсалатын экспорттық кірістердің үлесін көрсетеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл көрсеткіш елдің валюталық түсімінің едәуір бөлігі сыртқы қарызды өтеу мен пайыздарын төлеуге жұмсалатынын, яғни қарызға қызмет көрсету жүктемесінің экспорттан түсетін табыспен қаншалықты сәйкес келетінін көрсетеді.
- ҚР Ұлттық банкінің резервтік активтерінің қысқамерзімді сыртқы қарызға қатынасы бір жылда 235,4%-дан 301,6%-ға дейін өсті. Бұл көрсеткіш Ұлттық банктің халықаралық резервтері елдің қысқамерзімді сыртқы қарызын толық өтеуге қаншалықты жеткілікті екенін сипаттайды.
* тауарлар мен қызметтердің экспорты (жылдық көрсеткіш)
** тауарлар мен қызметтердің экспорты (төлемдік / кезең үшін)

Келесі кезекте елдің қарыз жүктемесінің өсуіне ең көп әсер еткен санаттарға тоқталайық.
Ең жоғары өсім банк секторында байқалды: олардың берешегі 39,4%-ға немесе 5,2 млрд АҚШ долларына артты. Қазіргі таңда бұл еліміздің сыртқы қарызының 10,1%-ын құрайды (бір жыл бұрын — 8%).
Сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарының қарызы да айтарлықтай өсті: 25,3%-ға немесе 3,2 млрд АҚШ долларына ұлғайды. Оның жалпы сыртқы қарыз құрылымындағы үлесі 8,8%-ға жетті (өткен жылы — 7,8%).
Ал елдің сыртқы қарызының әдетте негізгі бөлігін құрайтын ішкіфирмалық берешек керісінше 1,4%-ға қысқарды. Оның жалпы құрылымдағы үлесі бір жылда 55,3%-дан 49,4%-ға дейін төмендеді.
Айта кетерлігі, «басқа секторлар» санаты жеке құрылымдарға бөлінбеген, сондықтан оны дербес санаттармен салыстыруға келмейді. Бұл топқа кіретін қарыз көлемі 21,9%-ға немесе 9,9 млрд АҚШ долларына өсті.
Жалпы алғанда, Қазақстанның сыртқы қарызының құрылымы әркелкі өзгеріс көрсетіп отыр: кейбір секторларда өсім байқалғанымен, қарыздың ең үлкен бөлігі әлі де ішкіфирмалық берешекке тиесілі, алайда оның үлесі біршама төмендеген. Банктер мен мемлекеттік басқару органдары қарызының тез өсуі сыртқы қаржыландыруға сұраныстың артқанын білдіруі мүмкін. Алдағы уақытта бұл өзгерістердің елдің борыштық тұрақтылығына ықпалын бөлек бағалау маңызды.


