Бұл орайда қаржыландыру өсімінің негізгі драйвері ШОБ секторы болды
Соңғы жылдары Қазақстанда бизнеске кредит беру экономикалық белсенділіктің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып келеді. Кәсіпкерлік бастамалардың артуы, шағын және орта бизнестің дамуы, сондай-ақ экономиканың тұтас салаларын ауқымды жаңғырту аясында қаржыландыруға қолжетімділік компаниялар үшін стратегиялық маңызға ие болуда. Бүгінде банк секторы бизнеске өндірісті кеңейтуге, жаңа жобаларды іске қосуға, айналымдағы қаражатты толықтыруға және өзгермелі нарық жағдайына бейімделуге мүмкіндік беріп отыр.
Елдегі бизнеске кредит беру нарығы тұрақты өсім көрсетуді жалғастыруда. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторының кәсіпкерлік субъектілеріне берген кредиттері 18,3 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде сома 20,4%-ға өссе, соңғы үш жылда бір жарым еседен астам ұлғайды.
Бір қызығы, елдегі өсім негізінен шағын және орта бизнесті қаржыландыру көлемінің артуы есебінен болды, ал осы кезеңде ірі бизнеске берілген кредиттер көлемі айтарлықтай өзгерген жоқ.
Мәселен, шағын кәсіпкерлік субъектілерге берілген кредиттер 38%-ға өсіп, 8,7 трлн теңгеге жетті, орта кәсіпкерлік субъектілерге берілген кредиттер 30,7%-ға артып, 3,1 трлн теңгені құрады, ал ірі кәсіпкерлік субъектілерге берілген кредиттер көлемі іс жүзінде өзгермей, 6,6 трлн теңге деңгейінде сақталды.
Осылайша, Қазақстанның банк секторы экономиканы қаржыландырудың негізгі көздерінің бірі ретіндегі рөлін күшейтіп келеді. Бизнеске берілетін кредит көлемінің тұрақты өсуі іскерлік белсенділіктің артқанын ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлердің бизнесті кеңейту мен дамытуға арналған қаржыға сұранысының ұлғайып отырғанын да көрсетеді.
Әсіресе өсімнің басты қозғаушы күші ретінде шағын және орта бизнес сегментінің сақталуы айрықша назар аудартады. Бұл ел экономикасындағы ШОБ рөлінің біртіндеп күшейіп келе жатқанын, кәсіпкерлік базаның кеңейіп жатқанын, сондай-ақ мемлекеттік қолдау бағдарламаларының арқасында қаржыландыруға қолжетімділіктің артып отырғанын аңғартады.

Жалпы алғанда, шағын және орта бизнеске берілетін кредит көлемінің айтарлықтай өсуі заңды құбылыс. Соңғы жылдары Қазақстан банктері, әсіресе, ірі қаржы институттары, кәсіпкерлерге арналған өнімдер желісін белсенді түрде кеңейтіп келеді, бизнеске тек айналымдағы қаражатты толықтыруға арналған классикалық кредиттерді ғана емес, сонымен қатар инвестициялық қарыздар, экспресс-кредиттер, жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары, овердрафттар, кредиттік желілер және өтінімдерді жылдам әрі оңай рәсімдеуге мүмкіндік беретін цифрлық шешімдерді де ұсынып отыр.
Корпоративтік кредит беруді дамытуда жекелеген банктердің рөлін де ерекше атап өткен жөн. Қазақстандағы ірі екінші деңгейдегі банктердің бірі — ForteBank-ті мысалға келтіре отырып, қаржы институттарының бизнесті қаржыландыру үшін көрсеткен қолдауын қарастыруға болады. Банк кәсіпкерлікті қаржыландыру бағытын жүйелі түрде дамытып, кәсіпкерлерге арналған өнімдер желісін кеңейтіп, шағын, орта және ірі бизнес сегменттері үшін кредит ресурстарының қолжетімділігін арттырып келеді.
Банктің шоғырландырылған қаржылық есебінде берілген деректерге сәйкес 2025 жылы ForteBank бизнеске берілетін кредит портфелінің оң динамикасын көрсетті, бұл кәсіпкерлер тарапынан тұрақты сұраныстың бар екенін және корпоративтік кредит беру нарығының жалпы дамып келе жатқанын айғақтайды. Шағын және орта бизнеске берілген кредиттер 45,4%-ға өсіп, 810,1 млрд теңгеге жетті, ал ірі бизнеске берілген кредиттер 44,9%-ға артып, 868,2 млрд теңгені құрады.
Бұдан бөлек, ForteBank мемлекеттік бағдарламаларға да белсенді қатысады, соның ішінде «„Даму“ кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның микро-, шағын және орта жеке кәсіпкерлік субъектілеріне арналған «Өрлеу» бағдарламасы ерекше орын алады. Бұл бағдарлама жеңілдетілген мөлшерлемелер арқылы отандық бизнесті дамытуға қосымша мүмкіндік береді және өңдеу өнеркәсібі, көлік пен қоймалау, туризм сияқты салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге бағытталған.
Маңыздысы — «Өрлеу» бағдарламасы тек дәстүрлі бизнеске ғана емес, цифрлық экономикаға да жол ашады. Бүгінде қолдау ала алатын бағыттар қатарына мыналар кіреді:
- IT-компаниялар және бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушілері;
- креативті студиялар, продакшн-компаниялар;
- контент, музыка және кино саласындағы жобалар.
«Өрлеу» бағдарламасымен қатар қор әкімдіктермен бірлесіп кәсіпкерлерді қолдаудың өңірлік моделін іске қосты, бұл жай ғана бағдарламаның кеңеюі емес, әр аймақтың ерекшелігін ескеретін және бизнесті қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігін арттыратын икемді құрал. Бүгінде «Өрлеу» бағдарламасының өңірлік моделі ForteBank арқылы Алматы қаласында, сондай-ақ Жетісу, Абай және Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылуда.
Кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландырудың жандануы тек ел бойынша ғана емес, өңірлер мен экономика салалары деңгейінде де оң нәтижелер берді. Жылдық көрсеткіш бойынша бизнеске берілген кредиттер Қазақстанның барлық өңірінде өсті. Ең жоғары өсім Алматы (60,6%-ға), Түркістан (57,9%-ға), Жетісу (43,1%-ға), Жамбыл (42,1%-ға) және Қызылорда облыстарында (36,4%-ға) тіркелді. Толығырақ ақпарат төмендегі ақпараттық кестеде берілген.

Ұқсас жағдай салалар бөлінісінде де байқалады. Компанияларға кредит беру көлемі мынадай түрде өсті:
- өнеркәсіпте 16,2%-ға өсіп, 7 трлн теңгеден асты;
- саудада 18,5%-ға өсіп, 4,2 трлн теңгені құрады;
- көлік саласында 32,2%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетті;
- құрылыста 36,1%-ға өсіп, 847,2 млрд теңгені құрады;
- ауыл шаруашылығында 13,4%-ға өсіп, 562,7 млрд теңгеге жетті;
- байланыс секторында 29,1%-ға өсіп, 298,7 млрд теңгені құрады;
- басқа салаларда 23,8%-ға өсіп, 3,8 трлн теңгеге жетті.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы бизнеске кредит беру нарығы тұрақты өсім көрсетіп, әрі қарай да өсу мүмкіндігін сақтап отыр. Қаржыландыруға қолжетімділіктің артуы, мемлекеттік қолдау тетіктерінің дамуы және екінші деңгейдегі банктердің белсенділігі кәсіпкерлер үшін тұрақты қаржылық ортаның қалыптасуына ықпал етуде.


