Қазақстан — Орталық Азиядағы ESG көшбасшысы: бұл рас па?

Фото: https://www.shutterstock.com/

Биылғы жылдың көктемінде Азия даму банкі (АДБ) Орталық Азияның жеке секторының климаттық сын-қатерлерге дайындығы мен ESG қағидаттарын — экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару жауапкершілігін енгізу деңгейіне арналған зерттеуін жариялады. Зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстан өңірлік көшбасшы деп танылды. АДБ сарапшылары Қазақстан 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қаржы ұйымдары үшін міндетті ESG есептілігін енгізген өңірдегі алғашқы ел болғанын атап өтті. Сонымен қатар 2023 жылдың өзінде Қазақстан қор биржасында (KASE) тіркелген компаниялардың шамамен 57%-ы тұрақты даму жөніндегі ерікті есептерін жариялаған.

Бұл баға халықаралық тұрақты даму рейтингтеріндегі көрсеткіштерге қаншалықты сәйкес келеді? Экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық көрсеткіштерін, сондай-ақ елдердің климаттық тұрақтылығын қамтитын бірнеше тәуелсіз зерттеудегі Қазақстанның нәтижелерін қарастырайық.

Қазақстан ESG саласындағы ірі халықаралық рейтингте ТМД елдерінен озық тұр

Мұны растайтын көрсеткіштердің бірі — Global Risk Profile ұйымы әзірлеген 2023 жылғы Экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық тәуекелдер индексі (Environmental, Social and Governance Index, ESGI). Бұл — ESG саласындағы ең маңызды әрі ауқымды рейтингтердің бірі.

ESGI индексі 183 елдегі тәуекелдерді үш негізгі бағыт бойынша бағалайды: қоршаған ортаның жай-күйі, адам құқықтарының сақталуы, сондай-ақ халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Жиынтық көрсеткішті есептеу кезінде ауаның ластануы, климаттың өзгеруі, экожүйелердің жай-күйі, адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, еңбек жағдайлары, қауіпсіздік және басқа да факторлар ескеріледі. Экологиялық компоненттің үлесі — 30%, адам құқықтарының үлесі — 50%, денсаулық пен қауіпсіздіктің үлесі — 20%. Елдер 0-ден 100 балға дейін бағаланады: көрсеткіш неғұрлым төмен болса, тәуекел деңгейі соғұрлым аз болады.

Қазақстан 183 елдің арасында 36,3 балл жинап, 52-орынға ие болды. Осылайша, ол ТМД мен Орталық Азияның барлық елінен озық шықты. Бұл салыстыруда Қазақстанға ең жақын көрсеткіштер Қырғызстанда (54-орын, 37,11 балл), Молдовада (55-орын, 37,19 балл) және Арменияда (57-орын, 37,52 балл) тіркелді.

ESG қағидаттары іс жүзінде: қазақстандық бизнестің тәжірибесі

АДБ өз зерттеуінде климаттық мақсаттарға қол жеткізу үшін жеке секторды ESG қағидаттарын іске асыруға белсендірек тарту қажеттігін атап көрсетеді. Сонымен бірге қазақстандық кәсіпорындар ESG тәсілдерін енгізуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мұндай компаниялардың жеке секторда да, квазимемлекеттік секторда да бар екенін нақты мысалдар арқылы қарастырайық.

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің еншілес ұйымы — Отбасы банк

Банк қаржылық емес ақпаратты тұрақты түрде жариялап отырады: 2025 жылғы тұрақты даму жөніндегі есеп осы бағыттағы алтыншы құжат болды. Есепте банктің қоршаған ортаға әсері, әлеуметтік бағдарламалары, корпоративтік басқаруы, климаттық тәуекелдері, гендерлік теңдік және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қосқан үлесі қамтылған. Сондай-ақ 2025 жылы банк 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму стратегиясын бекітті.

Бұл қағидаттардың іс жүзінде жүзеге асырылуы халықаралық ынтымақтастықтан да көрінеді. Мәселен, Отбасы банк Азия даму банкімен бірлесіп, әйелдердің тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасын іске асырып келеді. 2026 жылғы сәуірде АДБ қолжетімді ипотекалық кредитті ұлғайту және «жасыл» ипотеканы дамыту мақсатында қаржы институтына кезекті қарыз беруді мақұлдады.

Отбасы банктің ESG бағытындағы қызметі халықаралық деңгейде де мойындалды. 2025 жылғы қарашада Sustainable Fitch агенттігі банктің тұрақты даму бағасын 55-тен 60 балға дейін көтеріп, ESG рейтингін «3» деңгейінде растады. Сарапшылар ипотекалық бағдарламалардың әлеуметтік маңызын, есептіліктің ашықтығын және қаржы институтының тұрақты даму бағытындағы қызметін оң бағалады.

Отбасы банкінің негізгі ұйымы — «Бәйтерек» холдингі

«Бәйтерек» жыл сайын тұрақты даму жөніндегі есептерін жариялап, топтың экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару салаларындағы көрсеткіштерін ашып көрсетеді. 2025 жылғы есеп IFRS S1/S2, SASB және GRI халықаралық стандарттарының талаптары ескеріле отырып дайындалған.

«Алтыналмас» — алтын өндіру өнеркәсібі

2024 жылы компанияны алғаш рет S&P Global CSA бағалады. Оның тұрақты даму жөніндегі есебіне сәйкес компанияның нәтижесі тау-кен металлургия саласындағы компаниялардың үштен екісінің көрсеткішінен жоғары болды.

Компания экологиялық және әлеуметтік көрсеткіштер, өнеркәсіптік қауіпсіздік, корпоративтік басқару және ESG тәуекелдері туралы ақпаратты жариялайды.

«„ҚазМұнайГаз“ ҰК» АҚ

Компания жыл сайын ESG есептілігін де жариялап отырады. 2025 жылғы есепте зиянды шығарындылар, табиғи ресурстарды пайдалану, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау, әлеуметтік қызмет нәтижелері, сондай-ақ климаттық тәуекелдер мен шығарындыларды азайту жоспарлары туралы мәліметтер қамтылған. Құжат тәуелсіз тексеруден өтті.

«„Қазатомөнеркәсіп“ ҰАК» АҚ

Компанияда 2024–2030 жылдарға арналған тұрақты даму бағдарламасы бекітілген. «Қазатомөнеркәсіп» жыл сайын экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару көрсеткіштері қамтылған интеграцияланған есептілікті жариялайды. 2025 жылғы қарашада S&P Global халықаралық агенттігі «Қазатомөнеркәсіптің» ESG бағасын 51 балға дейін көтерді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 балға жоғары. Компанияның нәтижесі сала бойынша орташа көрсеткіштен айтарлықтай асып түсті.

KEGOC ұлттық электр желісі операторы

Компания ESG қағидаттарын белсенді түрде енгізіп, жыл сайынғы есептерінде тұрақты даму көрсеткіштерін жариялайды, сонымен қатар 2025–2060 жылдарға арналған климаттық бағдарламаны іске асырып, корпоративтік басқару жүйесін жетілдіруде. S&P Global Corporate Sustainability Assessment берген баға бойынша KEGOC-тың 2025 жылғы ESG көрсеткіші 100 балдың 62-сіне жетіп, бір жылда 7 балға өсті.

Осылайша, Қазақстанда ESG қағидаттары кеңінен қолданысқа еніп, компаниялардың есептілігі жетілдірілуде, халықаралық қаржы көздері пайдаланылып, экологиялық және әлеуметтік жобалар қолға алынуда.

Қазақстан — Орталық Азиядағы ESG көшбасшысы: бұл рас па?

Жаңартылған баға: Global Knowledge Index 2025

ESGI индексі маңызды көрсеткіш болғанымен, ол 2023 жылғы жағдайды ғана қамтиды. Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық орнын кейінгі зерттеулердің нәтижелері де растайды.

Мұның бір мысалы – БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Mohammed bin Rashid Al Maktoum Knowledge Foundation бірлесіп әзірлеген Global Knowledge Index (GKI) жаһандық индексінің құрамына кіретін ESG экологиялық, әлеуметтік және басқару көрсеткіштерінің рейтингі.

Осы рейтинг бойынша 2025 жылы Қазақстан 52,3 балл жинап, Орталық Азияның бес мемлекеті арасында көш бастады. Қырғызстан мен Өзбекстан 49,2 балдан, Тәжікстан 42,9 балл, ал Түрікменстан 29,7 балл жинады.

Қазақстан — Орталық Азиядағы ESG көшбасшысы: бұл рас па?

Қазақстан климаттық индекстер бойынша да Орталық Азияда көш бастап тұр

Елдердің климаттық өзгерістерге төзімділігі мен бейімделу деңгейін, сондай-ақ қоршаған ортаның жай-күйін халықаралық индекстер негізінде де бағалауға болады.

Солардың бірі – Нотр-Дам университетінің Климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі жаһандық бастамасы әзірлеген елдер индексі (Notre Dame Global Adaptation Initiative Country Index, ND-GAIN).

ND-GAIN индексі екі негізгі көрсеткішті бағалайды — елдердің климаттың өзгеру салдарына осалдығы және оған бейімделу мүмкіндігі. Бағалау кезінде азық-түлікпен қамтамасыз ету, су ресурстары, халық денсаулығы, экожүйелер, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы салаларындағы тәуекелдер ескеріледі.

2024 жылғы деректер бойынша Қазақстан әлемде 44-орынға ие болып, 56,4 балл жинады. Бұл Орталық Азия елдері мен Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер арасындағы ең жоғары көрсеткіш болды.

Қазақстанға ең жақын нәтиже көрсеткен Ресей 56,3 балл жинады. Одан кейін Беларусь (54 балл), Армения (53,2 балл), Өзбекстан (52,5 балл) және Қырғызстан (51,4 балл) орналасты. Тәжікстанның көрсеткіші 47,4 балл, ал Түркіменстанда 39,4 балл болды.

Қазақстан — Орталық Азиядағы ESG көшбасшысы: бұл рас па?

Тағы бір көрсеткіш – Йель университетінің зерттеушілері әзірлеген Экологиялық тиімділік индексі (Environmental Performance Index, EPI).

EPI 2026 индексі мемлекеттердің экологиялық көрсеткіштерін 12 санатқа біріктірілген 47 өлшем бойынша бағалайды. Олардың қатарында ауа сапасы, санитария және ауызсу, биоалуантүрлілікті сақтау, экожүйелердің жай-күйі, қалдықтарды басқару және климаттың өзгеруі бар. Индекс үш негізгі бағытты қамтиды — экологиялық денсаулық (25%), экожүйелердің тұрақтылығы (45%) және климаттық саясат пен оның нәтижелері (30%).

2026 жылғы рейтингте Қазақстан 41,26 балл жинап, Орталық Азия мемлекеттері арасында тағы да бірінші орынға шықты. Соңғы он жылда еліміздің көрсеткіші 9,43 балға жақсарған.

Өзбекстан 34,79 балл, Түрікменстан 34,64 балл, Қырғызстан 33,75 балл, ал Тәжікстан 26,75 балл жинады.

Осылайша, халықаралық зерттеулер Қазақстанның ESG және тұрақты даму салаларында Орталық Азия елдері арасында алда екенін көрсетеді. Еліміз ESG тәуекелдерін басқару, экологиялық тиімділік және климаттың өзгеруіне бейімделу көрсеткіштері бойынша көршілес мемлекеттерден озық. Қазақстандық компаниялардың қызметінен де ESG қағидаттарының нақты іске асырылып жатқанын көруге болады. Атап айтқанда, олар есептіліктің ашықтығын арттыруға, «жасыл» қаржыландыруды дамытуға және қоғам үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға басымдық береді.

Қазақстан — Орталық Азиядағы ESG көшбасшысы: бұл рас па?