Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтары неден тұрады? Шолу

Фото: https://www.shutterstock.com/

2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы активтері 21,6 трлн теңгеге жетті, бұл жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда, 20,8%-ға (немесе 3,7 трлн теңгеге) артық. Ал бір жыл ішінде сома 25,4%-ға немесе 4,4 трлн теңгеге ұлғайды.

Зейнетақы активтерінің мұндай елеулі өсімі бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, өсімге жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) енгізу ықпал етті. 2024 жылдың он айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы 194,9 млрд теңгеден асты.

Екіншіден, түсімнің айтарлықтай көбеюі. Зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі түсімдер есебінен ұлғаяды. Инвестициялық кіріс жылдар бойы азаматтардың зейнетақы жинақтарын ұлғайтудың негізгі тәсілі болып келеді.

Осылайша, ағымдағы жылдың он айының қорытындысы бойынша салымшылардың шоттарына түсетін зейнетақы жарналары 2,2 трлн теңгеге жетті, бір жылдағы өсім 29,7%-ды немесе 514,6 млрд теңгені құрап отыр.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың он айының қорытындысы бойынша БЖЗҚ салымшыларының жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс 2,4 трлн теңгені құрады. Оның көлемі өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 92,8%-ға (немесе 1,1 трлн теңгеге) артты.

Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтары неден тұрады? Шолу

Жалпы, инвестициялық кіріс төмендегілерден құралады:

  • бағалы қағаздар бойынша, оның ішінде орналастырылған салымдар және «кері РЕПО» операциялары бойынша түсетін сыйақы түріндегі кірістер;
  • бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түсетін кірістер;
  • қаржы құралдарын валюталық қайта бағалаудан түсетін кірістер;
  • сыртқы басқарудағы активтер бойынша түсетін кірістер;
  • басқалары.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі (ҚР ҰБ) және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) зейнетақы активтерін сақтау және олардан кіріс алу үшін портфельді әрдайым әртараптандырып тұрады. Яғни, активтер әртүрлі қаржы құралдарына, валюталарға инвестиция ретінде салынады және нарықтық жағдай ескеріліп үнемі қайта үлестіріліп отырады.

Ағымдағы жылы зейнетақы активтері бойынша да жоғары кіріс байқалды. Мәселен, 2024 жылдың он айында ҚР ҰБ басқаруымен міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен құрылған БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірісі 12,67%-ды құрады. Ал соңғы он екі айда, 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша кіріс мөлшері 14,88%-ды құрады (8,5% инфляция кезінде). 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ның ЖМЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы активтерінің кірісі жыл басынан бері 11%-ға жетті.

Ұзақ мерзімді кезеңде жинақталған инвестициялық кіріс те инфляциядан да асып түсті. 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2024 жылғы 1 қарашаға дейін өспелі нәтижемен жинақталған кіріс 932,52%-ды құрады, бұл кезеңдегі инфляция 810,7%-ға тең болды.

Сондай-ақ, БЖЗҚ-ның 2013 жылғы қыркүйектен бастап 2024 жылғы 1 қарашаға дейінгі таза инвестициялық кірісі (ЖМЗЖ-сыз) 10,9 трлн теңгені құрады, бұл - қазіргі уақытта барлық зейнетақы активтерінің 50%-дан астам мөлшері. Демек, инвестициялық кіріс Қазақстан азаматтарының зейнетақы активтерінің жартысына жуығын құрайды және зейнетақы жинақтары көбею үшін негізгі рөл атқарады.

Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтары неден тұрады? Шолу