Банк секторының тұрақтылығы — ел экономикасының дамуының негізі. Алайда қаржы реттеушісі банктердің лицензиясын қайтарып алып, оларды таратуға мәжбүр болатын кездер де болады. Мұндай жағдайларда банк салымшылары да, жалпы экономика да тәуекелге ұшырайды.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 136 банк таратылды, тағы 9 ЕДБ тарату процесінде. Бұл банктердің 90%-дан астамы 2001 жылға дейін таратылды.
Аталған ЕДБ-нің 64%-ы соттан тыс тәртіппен, 17%-ы сот тәртібімен, 14%-ы мәжбүрлі түрде, 5%-ы ерікті түрде таратылған.
Соңғы рет 2021 жылы екі ҚР ЕДБ — Asia Credit Bank және Capital Bank Kazakhstan банктерінен лицензия қайтарып алынды, оның алдында 2020 жылы — Tengri Bank лицензиясынан айырылды. Лицензияларды қайтарып алудың себептері әр түрлі болады.
Мысалы, жоғарыда аталған банктердің лицензиясынан айырылуына мыналар негіз болды:
• пруденциалдық нормаларды және (немесе) басқа да міндетті нормалар мен шектерді жүйелі түрде бұзу;
• қадағалау шараларын жүйелі түрде сақтамау;
• банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын сақтамауы;
• банкті дәрменсіз санатқа жатқызу.
Сонымен, қандай банктердің таратылу және банкроттық қаупі бар? Таратылу процесіндегі 9 ЕДБ-ні қарастырайық. 2016–2021 жылдары аталған 9 қаржы институтының 8-і лицензиясынан айырылған. Бұл банктердің барлығына ортақ нәрсе — банк секторындағы үлесінің аздығы. Яғни, таратылатын банктердің барлығы әдетте кішкентай банктер, сондықтан экономикаға қауіп төнбейді. Мәселен, тарату кезінде Capital Bank Kazakhstan мен Asia Credit Bank үлесі бар болғаны банк секторының 0,1%-ы, Tengri Bank үлесі — 0,3%, Астана банкінің үлесі — 0,6%, Эксимбанк Қазақстан үлесі — 0,2%, Qazaq Banki үлесі — 0,9%, Delta Bank үлесі — 0,8%, Қазинвестбанк үлесі — 0,7% болды. Бұл банктердің ешқайсысының нарықтағы үлесі 1%-дан аспады, ал бес банктің үлесі тіпті 0,5%-дан аз болды.
Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстанның банк секторы тұрақты, оны халықаралық рейтингтік агенттіктер бірнеше рет растады: олардың талдаулары ҚР КДБ дағдарысқа төтеп беру қабілетінің жақсарғанын растайды.
Ірі ЕДБ — ең тұрақты және ең сенімді банктер. Мәселен, ЕДБ активтеріндегі 10 ірі банктің үлесі 92,4%, меншікті капитал бойынша топ-10 банктің үлесі 93,2%.
Активтер бойынша алғашқы ондыққа мына банктер кірді: Halyk Bank, Kaspi Bank, ЦентрКредит банкі, Отбасы банкі, ForteBank, Jusan Bank, Еуразиялық Банк, Bank RBK, Bereke Bank және Фридом Финанс Қазақстан банкі.
Ал реттеуші меншікті капитал бойынша алғашқы ондыққа Halyk Bank, Jusan Bank, Kaspi Bank, Отбасы банкі, Bank RBK, Еуразиядық Банк, ЦКБ, ForteBank, Ситибанк Қазақстан және Home Credit Bank кіреді.
Жоғарыда аталған ЕДБ сектордағы ең ірі ойыншылар, олардың барлығында жеткілікті меншікті капитал бар. Бұған қоса, бұрын атап өткеніміздей, банктердің тұрақтылығын Moody's, Fitch Ratings және S&P Global Ratings сияқты халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағалауы да растайды. ҚР-дағы барлық дерлік ірі ЕДБ рейтингі жақсы.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2022 жылдың қорытындысы бойынша геосаяси тұрақсыздық және макроэкономикалық өзгерістер аясындағы күйзелістерге қарамастан банк секторы барлық негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақтылық көрсетті және өсімге қол жеткізгенін атап өтеді. 2022 жылы банк активтерінің өсімі 18,4%-ды құрап, 44,6 трлн теңгеге жетті. Экономиканы несиелендіру бір жылда 23,3% өсіп, 22,8 трлн теңгеге жетті. Банк активтерінің ІЖӨ-дегі үлесі 2023 жылғы 1 қаңтарда 46,2%-ды құрады.
Сонымен қатар, 2022 жылы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі активтері банк жүйесі активтерінің 71%-ын құрайтын ірі он банкке бірінші кезекті AQR жүргізді. Банктерге жүргізілген тексеріс барысында 15,2 трлн теңгені құрайтын 19 млн несиеге талдау жасалды, онда 14 мыңнан астам ірі қарыз алушы қамтылды. Қосымша резерв құру 2,3 пайыздық тармаққа бағаланды. Бұл экономиканы жоғары сапалы несиелеуді ұлғайту үшін банктердің жеткілікті қауіпсіздік қоры бар екенін көрсететін жақсы нәтиже.
Жалпы, бағалау нәтижелері жүйедегі капиталдың жеткіліктілік деңгейі заңмен белгіленген ең төменгі деңгейден айтарлықтай асып түсетінін көрсетті. Бұл AQR қатысушы банктердің салымшылары үшін тәуекелдердің жоқтығын көрсетеді. AQR қатысушыларының тізімі төменде берілген.
Осылайша, елдің ірі банктері орта мерзімді перспективада тұрақтылығын сақтап, өз функцияларын толық көлемде атқаратын болады. Мұндай банктер үшін банкроттық қауіп жоқ.