BlackRock, HSBC, JPMorgan Chase, Goldman Sachs және басқалары — Қазақстанның қаржы секторында қандай институционалдық инвесторлар бар?
Қазақстанның қаржы секторы соңғы он жылда ең қарқынды өркендеу кезеңін басынан кешіріп отыр. Экономиканың жедел дамуы, цифрлық трансформация және жеке ойыншылар арасындағы бәсекелестік аясында банк және банк емес индустриялардың активтері, клиенттік базасы және нарықтық капиталдандыруы рекордтық деңгейге жетті. Еліміз біртіндеп аймақтық қаржы хабы ретінде қалыптасып, ашықтық, тұрақтылық және технологиялық стандарттардың жаңа деңгейін орнатуда.
Бүгін біз қаржы нарығының қатысушыларына олардың капиталдандыруы, яғни компаниялардың нарықтық құны бойынша шолу жасаймыз. Қазақстан қор биржасының (KASE) соңғы мәліметтеріне сәйкес Kaspi.kz көшбасшылық орнын сақтап қалды, компанияның нарықтық құны 7,3 трлн теңгеге жетіп, қалған ойыншылардан айтарлықтай озып тұр. Айта кетерлігі, мұндай көрсеткішке ие қаржы институты KASE қор биржасында еліміздегі тау-кен өнеркәсібімен айналысатын екі компаниядан кейін ең ірі компаниялардың үштігіне енеді.
Екінші орынға 3,5 трлн теңге капиталдандыруымен Halyk Bank орналасты. Үздік үштікті 1,7 трлн теңге капиталдандыруымен Freedom Holding Corp. түйіндейді.
Сондай-ақ капиталдандыру сомасы бойынша компаниялардың алғашқы бестігіне ForteBank (1,1 трлн теңге) және Банк ЦентрКредит (839,8 млрд теңге) енеді.
Ірі қаржылық компаниялардың капиталдандыруының артуы нарықтың тұрақтылығын көрсетіп, инвесторлардың сенімін айқындайды. Көшбасшылар ашықтық, технологиялық жаңашылдық пен клиентке қолайлы қызмет көрсету арқылы жаңа стандарттар орнатып, бәсекелестік пен инновацияға жол ашады.
Компанияның капиталдандыруы — бұл оның нарықтық құны. Басқаша айтқанда, бұл компанияның биржадағы бағасы: бір акцияның бағасы жалпы акциялар санына көбейтіледі. Бұл көрсеткіш бизнестің көлемін, инвесторлардың сенімін және компанияның бәсекелестер арасындағы орнын айқындайды.

Айта кетерлігі, нарықтағы көшбасшылар тек жергілікті инвесторлар арасында ғана емес, халықаралық институционалдық ойыншылар арасында да жоғары сұранысқа ие. Олардың қатарында танымал хедж-қорлар, ірі инвестициялық банктер, ұлттық банктер және ірі қаржы ұйымдары бар. Қазақстанның қаржы секторының дамуы жаһандық деңгейде де қызығушылық туғызуда. Енді халықаралық институционалдық инвесторлар арасындағы кейбір компаниялардың белсенділігін қарастырайық. Барлық компаниялар шетелдік биржаларда тіркелмегендіктен, мысал ретінде жоғары технологиялық компаниялардың акцияларымен сауда жасайтын NASDAQ биржасында тіркелген Kaspi.kz және Freedom Holding Corp. алынды.
Екі компания да еліміздің қаржы секторында капиталдандыруы бойынша ең ірі үштікке кіргенімен, олардың капиталында институционалдық инвесторлардың үлесі айтарлықтай ерекшеленеді. Енді рет-ретімен қарайық.
Kaspi.kz капиталындағы институционалдық инвесторлардың үлесі 38,98%-ға жетеді, бұл нарықтағы кәсіби қатысушылардың жоғары қызығушылығын көрсететін маңызды көрсеткіш болып табылады, ал Freedom Holding Corp. компаниясында бұл көрсеткіш небәрі 4,09%-ды құрайды, яғни, институционалдық инвесторлардың қатысуының минималды екенін білдіреді.
Ендігі кезекте негізгі көрсеткіштерге тоқталамыз.
Институционалдық инвесторлардың саны:
- Kaspi.kz — 207 қатысушы;
- Freedom Holding Corp. — 152 қатысушы.
Институционалдық инвесторлардағы акциялардың жалпы саны:
- Kaspi.kz — 74,1 млн акция;
- Freedom Holding Corp. — 2,5 млн акция.
Институционалдық инвесторлар акцияларының жалпы құны:
- Kaspi.kz — 5,4 млрд АҚШ доллары;
- Freedom Holding Corp. — 345 млн АҚШ доллары.

Енді инвесторлардың құрамын қарастырайық.
Kaspi.kz компаниясының үздік 10 инвесторы қатарына Baring Fintech Manager Holding Ltd, Baring Fintech Fund III Managers Ltd, Baillie Gifford & Co, FIL Ltd, Pzena Investment Management LLC, FMR LLC, Sands Capital Management LLC, Schroder Investment Management Group, Southpoint Capital Advisors LP, Samlyn Capital LLC кірді.
Басқа ірі инвесторлар қатарында BlackRock, Inc., HSBC Holdings Plc, JPMorgan Chase & Co., Goldman Sachs Group Inc., Bank of America Corp. /De/, Morgan Stanley, Weiss Asset Management LP, Renaissance Capital LLC сияқты компаниялар бар.
Freedom Holding Corp. компаниясының үздік ондығына мынадай институционалдық ойыншылар енді: BlackRock, Inc., State Street Corp., Morgan Stanley, First Trust Advisors LP, Geode Capital Management LLC, Millennium Management LLC, JPMorgan Chase & Co., Citadel Advisors LLC, Vanguard Group Inc., Bank of America Corp. /De/.
Сонымен қатар басқа ірі қатысушылар қатарында Swiss National Bank, HSBC Holdings Plc, Invesco Ltd., Goldman Sachs Group Inc., UBS Group AG бар.
Алайда мынаны айта кеткен жөн, екі компания бойынша институционалдық инвесторлардың жалпы құны арасындағы айтарлықтай айырмашылықты ескере отырып, жеке қатысушылардың салымдарының көлемдерін салыстыру мүмкін емес. Мысалы, Freedom Holding Corp. компаниясында 10 млн АҚШ долларынан астам акцияға тек жеті институционалдық инвестор ие болса, ал Kaspi.kz-те мұндай инвесторлардың саны 59-ға жетеді. Толығырақ ақпарат төмендегі ақпараттық кестеде көрсетілген.
Соңында мынадай қорытынды жасауға болады, екі компания да халықаралық институционалдық инвесторлардың назарында, алайда қатысу көлемі әртүрлі. Freedom Holding Corp. компаниясында ірі кәсіби ойыншылар бар, бұл компанияға халықаралық деңгейде қызығушылық барын растайды. Kaspi.kz институционалдық инвесторлардың назарын кеңінен аударып, айтарлықтай инвестиция көлемін жинады, бұл кәсіби қоғамдастықтың компанияға деген сенімін көрсетіп, оның нарықтағы орнын айқындайды. Бұл деректер ірі кәсіби инвесторларға компаниялардың даму деңгейі мен құндылығын бағалауға мүмкіндік береді және Қазақстанның қаржы секторын талдауда маңызды нұсқаулық болып саналады.


