2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ҚР азаматтарының міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен жиналған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтары 20,7 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде бұл сома 23,7%-ға өсті.
Қазақстандықтардың жинақтарының 96,94%-ы МЗЖ есебінен жиналды, олардың көлемі 20,1 трлн теңгеге жетті, бір жылдағы өсімі — 23,9%, жыл басынан бергі өсімі — 16,3%. МКЗЖ бойынша жинақ сомасы 627 млрд теңгені құрайды, бір жылда 17,7%-ға, ал жыл басынан бері 10,3%-ға ұлғайды. Ең үлкен өсімді (жылына 49,2%, жыл басынан бері 33,2%) ЕЗЖ бойынша жинақтар көрсетті, олардың көлемі 7 млрд теңгеге жетті.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап салымшылардың зейнетақы шоттарына қосымша қаражат — жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) түсіп отырды. 2024 жылдың сегіз айында ЖМЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы жинақтарының сомасы 148,9 млрд теңгеден асты.
Зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кірістер есебінен ұлғаяды. 2024 жылғы қаңтар–тамызда салымшылардың шоттарындағы зейнетақы жарналарының (МЗЖ, МКЗЖ, ЖМЗЖ және ЕЗЖ) көлемі 1,78 трлн теңгеге жетті (былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, 29,5%-ға немесе 406,01 млрд теңгеге өсті). Жарналардың барлық түрлері өсті.
БЖЗҚ салымшыларының жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс жыл басынан бастап 1 қыркүйекке дейін 1,9 трлн теңгені құрады, өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 883,05 млрд теңгеге (немесе бірден 85,3%-ға) артты.
Жалпы алғанда, Қазақстанның зейнетақы жүйесі бір орында тұрмайды, елдегі, сондай-ақ әлемдегі түрлі мән-жайды ескере отырып, үнемі жетілдіріліп отырады. Бұл материалда біз оның қалай дамығанын егжей-тегжейлі баяндаймыз.
Басынан бастайық. 1998 жылы зейнетақы жүйесін реформалау басталды. Қазақстан ТМД кеңістігінде бірінші болып жеке жинақ қағидаттарына негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті.
1998
- 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес елімізде зейнетақы реформасы жүзеге асырыла бастады. Оның негізгі мақсаты: экономикалық дамуды ескеретін, қаржылық тұрақты және зейнетақы жарнасының жеке сәйкестендіру есебі арқылы еңбек үлесіне теңестірілетін әділ жүйені құру. Реформалау нәтижесінде бүгінде Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандырудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейді.
2000–2009
- 2000 жылы зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі қағидаттары айқындалды.
- 2001 жылы зейнетақы жасы ерлер үшін 63 жас, әйелдер үшін 58 жас болып белгіленді.
- 2003 жылы зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аудару мүмкіндігі пайда болды. Сонымен қатар, жұмыс берушілер арнайы мамандық қызметкерлерінің пайдасына ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудара бастады.
- 2004 жылы ҚР Ұлттық банкі ҚР Үкіметімен қатар Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының акционері атанды.
- 2009 жылдың маусым айынан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, мемлекеттің жинақтаушы зейнетақы қорларындағы міндетті зейнетақы жарналарын кепілдендіру қағидалары күшіне енді.
2013–2016
- Жеке қорлардың агрессивті инвестициялық саясаты мен ел экономикасындағы алғашқы дағдарыс, ең алдымен, салымшылардың шығынға ұшырауына алып келді. Осыған байланысты 2013 жылы барлық жеке қорлардың зейнетақы активтері бір мемлекеттік зейнетақы қорына — БЖЗҚ-ға берілді.
- 2014 жылы зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс берушінің қаражаты есебінен 5% мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары енгізілді.
- 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күш құрылымдарының барлық қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, зейнетақымен қамсыздандыру республикалық бюджеттен жүзеге асырыла бастады. 2016 жылғы 10 тамызда әскери қызметшілердің пайдасына бюджет қаражаты есебінен бұрын аударылған міндетті зейнетақы жарналарының 50%-ын республикалық бюджетке қайтару іс-шаралары аяқталды.
2018
- 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жарналардың міндетті түрлері есебінен жиналған БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарындағы жинақтардан зейнетақы төлемдері БЖЗҚ-дан ай сайын жүзеге асырыла бастады. Әйелдердің зейнет жасын кезең кезеңімен арттыру басталды.
- 2018 жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгерді, оның көлемі еңбек өтіліне және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болды.
- 2018 жылдың 26 желтоқсанында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстарды орындайтын және қызметтер көрсететін жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімін жеңілдетуге бағытталған өзгерістер енгізілді.
2019
- 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бейресми жұмыспен қамтылған адамдардың қызметін тіркеуді жеңілдету үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізілді, ол төрт міндетті төлемді алмастырды: жеке табыс салығы, БЖЗҚ-ға жасалатын міндетті зейнетақы жарнасы, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жасалатын міндетті әлеуметтік аударым және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жасалатын әлеуметтік жарна.
- 2019 жылғы 8 қаңтардан бастап «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу үшін жеке тұлғаларға БЖЗҚ қызмет көрсету кеңселеріне жүгіну қажеттілігі жойылды. Шоттар бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашыла бастады.
- 2019 жылы «Е-нотариат» жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесі біріктірілді, бұл БЖЗҚ мен нотариустар арасындағы өзара іс-қимылды оңтайландырды.
2021
- 2021 жылы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емді алуға және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға, сондай-ақ жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беруге құқылы болды.
- 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім күшіне енді. Енді ЕАЭО елдері одаққа мүше басқа мемлекеттердің азаматтарына зейнетақымен қамсыздандыру құқығының ұқсас шарттармен өз азаматтарына берілетін құқықтар көлеміне тең көлемде кепілдік беруі тиіс.
- Ерікті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттары бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашыла бастады.
2022-2023
- 2022 жылы бірлескен (отбасылық) зейнетақы аннуитеті енгізілді.
- 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнет жасы 61 жасты құрады. Оның жоғарылауы 2028 жылға дейін тоқтатылды. 2031 жылға қарай бұл ерлердің зейнет жасымен теңестіріледі деп жоспарлануда.
- 2023 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі күшіне енді, ал «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның күші жойылды. Бұл тармақ туралы төменде толығырақ ашып айтамыз.
2024
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жаңа құрамдауышын — жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жүзеге асыратын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен енгізу басталды.
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы іске қосылды, оның аясында барлық кәмелетке толмаған қазақстандықтарға жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісінің 50% мөлшері теңдей үлесте есептелетін болады.
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін 55 жасқа толған және олар үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген кезде арнайы әлеуметтік төлемдер енгізілді.
2023 жылғы шілдеден бастап енгізілген Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне толығырақ тоқталайық. Бұл кодексте зейнетақы жүйесіне қатысты бірқатар жаңалықтар бар. Мынадай өзгерістерді қамтиды:
- салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктері;
- зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу үшін пайдалану;
- жерлеуге арналған төлемдер;
- жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары;
- барлығына арналған зейнетақы жарналарының міндетті сипаты;
- БЖЗҚ-ның комиссиялық сыйақысы.
Толығырақ ақпарат төменде көрсетілген ақпараттық кестеде берілген.
Демек, елдегі зейнетақы жүйесі дағдарыс жылдарын қоса алғанда, өткен жылдардағы күрделі құбылмалы жағдайға әрі әлеуметтік құбылыстар мен халықтың қажеттіліктеріне байланысты дамып отырады.
Біз тек негізгі оқиғаларға шолу жасадық, зейнетақы жүйесін жақсарту және оның тиімділігін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отырады және бұл тұрғыда түрлі шаралар да қолданылады. Бұл шаралардың барлығы бір ғана мақсатты көздейді — азаматтардың, әсіресе зейнет жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту.