Өткен жылдан бері АҚШ пен Еуропалық одақ елдері қытайлық маркетплейстерге, атап айтқанда Temu мен Shein-ге қарсы белсенді түрде күрес бастады. Естеріңізге сала кетейік: Temu мен Pinduoduo бір компанияға тиесілі және іс жүзінде «ағайынды».
АҚШ-та 2025 жылғы 4 ақпанынан бастап баж салығы бойынша жаңа ережелер мен шектеулер — Қытайдан әкелінетін тауарларға 10% мөлшерінде қосымша салықтар енгізілді. Сонымен қатар 800 АҚШ долларынан арзан тауарларды бажсыз әкелуге мүмкіндік беретін de minimis жеңілдігінің күші жойылды. Сондай-ақ тауарлар бұрын тексерілмейтін — енді басқаша болады. Бұл нарықтағы бәсекелестікті қамтамасыз ету, сондай-ақ әділ кедендік реттеу үшін жасалды.
Бұл шаралар бұрын de minimis айласының арқасында кез келген тариф пен кедендік тексеруден босатылған Temu мен Shein-ге үлкен соққы болды. 2023 жылдың маусым айында жарияланған АҚШ Конгресі комитетінің мәліметі бойынша, Temu мен Shein үлесі de minimis қағидаласына сәйкес күнделікті АҚШ-қа жіберілетін барлық жөнелтілімнің жалпы санының 30%-дан астамын құрады. Жаңа ережелер енгізілгеннен кейін Temu маркетплейсі бірқатар шара қабылдады: АҚШ-тағы қоймаларда тұрған тауарларды қолдана бастады, сонымен қатар АҚШ-тағы жергілікті сатушыларды тарта бастады (бұлай бұрын да жасалған).
Енді АҚШ-та қабылданған шаралардың салдарын қарастырайық. Ақпанның бірінші аптасында — АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңа тарифтері күшіне енуі керек болған кезде Shein-нің күнделікті сатылымы өткен аптаның сол күнімен салыстырғанда бірден 41%-ға төмендеді. Өз кезегінде, Bloomberg's Second Measure деректеріне сай сол кезеңдегі Temu-дың күнделікті сатылымы 32%-ға төмендеді. Маркетплейстердің шапалақ жегені анық, дегенмен бұрын заңдардағы олқылықтың арқасында олар барлық, соның ішінде американдық бәсекелестерді айналып өтіп, АҚШ-қа баж салығынсыз миллиардтаған долларға тауарлар әкелген.
Алайда de minimis жеңілдігінің күші жойылғаннан кейін бірден логистикалық тізбектерде елеулі проблемалар туындай бастады, пошта қызметтері бұған дайын болмаған еді. Миллиондаған, тіпті миллиардтаған тауар аралық жөнелту пункттерінде тұрып қалды. Осыдан кейін Дональд Трамп АҚШ-тың Сауда министрлігіне барлық қиындықтар мен нюанстарды шешуге мүмкіндік беріп, бажсыз de minimis режимінің күшін жоюды уақытша тоқтатты.

Бұл күресте АҚШ жалғыз емес. Еуропалық одақта бірнеше айдан бері қытайлық маркетплейстерден әкелінетін тауарлардың сапасы, сондай-ақ олардың күмәнді қауіпсіздігі жөнінде мәселелер көтеріліп келеді. Енді кедендік жарналарға қатысты мәселе де белсенді түрде қарастырылуда.
Ақпан айының басында жарияланған саяси құжатта Еуропалық комиссия ЕО-ға мүше 27 мемлекеттің ұлттық кеден органдарымен бірлесіп, нарықты қадағалау мен тестілеуді күшейтуді қоса алғанда, интернетте сатылатын қауіпті өнімдер мәселесін шешуге назар аударатынын мәлімдеді.
Комиссия онлайн сатып алынатын арзан тауарлар санының өсуі кеден органдарына қысымды күшейтетінін айтып, ЕО заң шығарушыларын — Еуропарламент мүшелері мен қатысушы мемлекеттерді құны 150 еуродан төмен импортты баж салығынан босатудың күшін жоюға шақырды.
Сондай-ақ ЕО-ға жыл сайын әкелінетін миллиардтаған арзан өнімдердің көпшілігі одақ заңдарына сәйкес келмейтіні, ал ережелерді сақтайтын еуропалық компаниялар қауіпті немесе жалған өнімдерді сататын бәсекелестерінен жеңіліп жатқаны тағы да атап өтілді.

ЕО-дағы мәселе енді ғана сөз болып жатқан жоқ. Естеріңізге сала кетейік: өткен жылдың қазан айында Еуропалық комиссия қытайлық Temu интернет-дүкеніне қарсы заңсыз тауарларды сатуды тоқтата алмады деген қауіппен сот ісін бастаған болатын. Жалпыеуропалық BEUC тұтынушылар тобы Temu сататын қауіпті өнімдер туралы дабыл қақты: оның мүшелері тұншығу қаупі бар балалар ойыншықтарын, өрт пен электр тогының соғуына әкелетін электр жылытқыштарын, дұрыс таңбаланбаған күннен қорғайтын кремдер мен косметиканы, сондай-ақ жеткілікті қорғанысты қамтамасыз етпейтін қауіпсіздік шлемдерін анықтады.
Жалпы, өткен жылы ЕО-ға құны төмен 4,6 млрд — тәулігіне 12 млн жөнелтілім түсті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Құны 150 еуродан аспайтын сәлемдемелердің 91%-дан астамы Қытайдан келген және олардың негізгі үлесі Temu мен Shein түскен.

Өз кезегінде, Ұлыбритания сондай-ақ Shein мен Temu-дан келетін тауарлардың жаппай ағынын болдырмау үшін салықтық олқылықты жабуға шақырады. Белсенділер мен бөлшек саудагерлер Ұлыбритания АҚШ пен ЕО-ның жолын қуып, құны төмен жөнелтілімдерді баж салығынан босатуды біртіндеп алып тастауы керек дейді.
Осылайша, АҚШ пен Еуропада Қытай маркетплейстері тудыратын нақты проблемалармен күресу аясында сырттан әкелінетін тауарларға баж салығын салу және оларды тексеру саясатын белсенді түрде күшейте бастады.
Қазақстанға келетін болсақ, Қытай маркетплейстеріне, соның ішінде екі «ағайынды» Temu мен Pinduoduo-ға мұнда да үлкен сұраныс бар. Біз бұған дейін мұндай маркетплейстердің қазақстандық шағын және орта бизнес үшін елеулі бәсекелестік қатер төндіретінін жазған болатынбыз. Соңғы уақытқа дейін олар тіпті Қазақстан Республикасында тіркелмеген және ешқандай салық, баж салықтарын да төлемеген.
Қазақстан Үкіметі бірінші мәселені шеше алған сияқты. Ағымдағы жылдың ақпан айында ғана Temu, Pinduoduo және Alibaba Group компанияларын қоса алғанда, 101 онлайн сауда платформасы салық есебіне қойылғаны белгілі болды. Кедендік баж салығына келетін болсақ, бұл компаниялар оны төлемейді, өйткені ҚР-да бажсыз әкелу шегі бар. Қазір ол 500 еуроны және (немесе) 25 келіден аспайтын салмақты құрайды. Осылайша, қытайлық маркетплейстермен салыстырғанда отандық бизнестің осалдығы әлі де өзекті мәселе болып қала береді. Қазақстан батыс мемлекеттерінен үлгі ала ма, жоқ па — бұл ашық мәселе.