Алданған үлескерлер: бұл мәселе қашан шешімін табады?

Фото: https://www.shutterstock.com/

Біз алданған үлескерлер туралы көп жыл қатарынан жазып келеміз. Бақытсыз, ақшасыз әрі үйсіз қалған жандардың қатарынан табылғысы келмейтін қазақстандықтар үшін ең дұрысы — тексерілген ірі құрылыс компанияларына ғана жүгіну қажет, ал үй әлі құрылыс деңгейінде болса, міндетті түрде үлестік қатысу шарттарын жасасу керек, ол үшін компанияның «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ (ҚТҮК) берген кепілдігі болуы шарт әрі ол ЕДБ жобасына қатысуы тиіс немесе әкімдіктің рұқсаты болуы қажет.

Бұл тұрғыда үлкен бір мәселе бар. Барлық құрылыс компаниялары, әсіресе өңірлерде, ҚТҮК кепілдігін немесе әкімдіктен рұқсат алуға асықпайды.

ҚТҮК порталына кіріп, ҚТҮК-ден, ЕДБ-дан немесе әкімдіктен кепілдік алған ең сенімді деген құрылыс компанияларының тізіміне көз жүгірттік. Біз нені байқадық? Еліміздегі 20 аймақтың сегізінде бірдей мұндай құрылыс компаниялары табылмады. Яғни, мүлдем жоқ.

Демек, халық тығыз орналасқан өңірлердің бірі — Түркістан облысында ештеңе салынбай жатыр ма? Бұл қаншалықты шындыққа жақын? Жоқ, салынып жатқан болар, себебі облыс әкімінің өзі Дархан Сатыбалды биылғы жылы алданған үлескерлер туралы айтқан болатын. Ал Солтүстік Қазақстан облысында мұндай мәселе (немесе құрылыстың жоқтығы) бар ма? Бар, жақында ғана БАҚ дәл осы аймақта үлескерлерді 400 млн теңгеге сан соқтырған құрылыс компаниясының айыпталғанын жазды. Мұндай мәселе Қызылорда, Қарағанды және басқа облыстарды да айналып өтпеді.

Алданған үлескерлер: бұл мәселе қашан шешімін табады?

Десек те, «нөл» көрсеткішін көрсеткен сегіз өңірден бөлек, бес облыста кепілдікке ие 1–5 нысан ғана бар. Мұны жоғарыда берілген картадан көруге болады.

ҚТҮК порталындағы деректер бойынша адамдардың жалпы қайда тұратынын және құрылыс жұмыстарының қай жерлерде жүргізіліп жатқанын жазу, әрине, оңайырақ. Екі астанада, бұл енді айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар — Қостанай, Атырау облыстарында және Шымкентте. Бары осы.

Ал осы «таңдаулы» ғана өңірлерде туылу бақыты бұйырмаған басқа қазақстандықтар не істеу керек? Айта кетерлігі, аталған аймақтарда да үлескерлердің мәселелері өзекті болып қала береді, Бірыңғай оператор бұл мәселені үнемі көтеріп отырады.

Тамыз айында ғана БАҚ «Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің елордада кезекті 426 бұзушылықты анықтағанын хабарлады.

Бұқаралық ақпарат құралдары жазғандай, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне сәйкес бүгінде біздің елімізде үлескерлердің қаражатын тарта отырып салынып жатқан 581 нысан бар, оның ішінде 421 тұрғын үй кешенінің қажетті рұқсаты жоқ, яғни 72,5%-ында тиісті құжат жоқ.

Алданған үлескерлер: бұл мәселе қашан шешімін табады?

«Қазреестр» деректеріне сүйенсек, үлескерлердің қаражатын тартуға құқығы бар 914 үлестік құрылыс нысанының 539-ы, яғни, 59%-ы ЕДБ жобаларына қатысатын құрылыс компанияларының нысандары болып табылады. Тағы 132 нысан немесе 14,4%-ы жергілікті атқарушы органнан рұқсат алған нысандар қатарына кіреді.

ҚТҮК кепілдігін алған нысандар саны — 243 немесе небәрі 26,6%. Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан бойынша барлығы 38 нысан бой көтеруде.

Шын мәнінде, алданған үлескерлердің мәселесі аймақтардың басым көпшілігінде әлі күнге дейін шешілмеген түйін ретінде қалып отыр.